Еуропада әл-Фарабидің бірегей еңбектері табылды
Қазақстандық тарихшылар Еуропада әл-Фарабидің бірегей трактаттары мен ғұндардың көсемі Еділ қағанның (Аттила) бейнесін тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
әл-Фарабидің он дана қолжазбасы Испанияның Эскуриаль муниципалитетіндегі мұражайдан табылды. Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлінің айтуынша, ол бұл кітапханада он күн жұмыс істеген. Теңдесі жоқ мұралар мұражайдың қолжазбалар қорынан табылды. Ұлы ғұламаның трактаттары бұзау терісіне жазылыпты.
Дербісәлінің айтуынша, әл-Фараби - 100-ге жуық трактаттың авторы, бірақ оның шағын бөлігі ғана біздің тілімізге аударылған. Атап айтқанда, қазақстандық тарихшылар 60-жылдары оның он трактатын аударды. Шығыстану институтының директоры жаңа құнды материалдардың табылуына байланысты Қазақстанда әл-Фараби еңбектерін зерттеу орталығын жандандыруды ұсынады.
Екінші маңызды жәдігер Ватиканнан табылды. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры Қалқаман Жұмағұлов Еділ қағанның бейнесін Ватикандағы географиялық карта галереясының төбесінен көргенін айтты. Бұған дейін дүниежүзіне Аттиланың екі бейнесі ғана белгілі болатын - мүсінші Алессандро Альгардидің барельефі мен Рафаэльдің фрескасы.
Бұл суреттердің бәрінде, оның ішінде, жаңадан табылған жұмыста да оның Рим Папасы Левпен кездескен сәті бейнеленген. Бұл оқиғадан бұрын - IV ғасырда ғұн әскері Орта Азиядан батысқа қарай жылжыған болатын, сөйтіп олар қазіргі Италияның солтүстік облыстарының аумағын жаулап алып, Рим империясына дейін барды. Аттиланың алдынан Рим Папасы бастаған делегация шығып, қолбасшыға Римді талқандамауды өтінді. Ғұндардың көсемі бұған келісіп, әскерін қайтарып алды. Рафаэльдің фрескасында қолбасшы Павел мен Петр апостолдарды көрген кезде абыржып, әрі үрейленген кейіп танытып тұрса, Ватиканнан табылған картинада ол ақ боз атқа мінген қайсар тұлға ретінде бейнеленіпті.
Айта кетейік, ғалымдар Қазақстанға табылған жәдігерлердің көшірмесін алып келді. Дербісәлі Еуропадан мұражай қызметкерлері сыйға тартқан 40 келіге жуық кітаппен оралды.