“Финалдағы жекпе-жектерді түгел көрдім”. Президент бокстан әлем чемпионаты жүлдегерлерін қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан әлем чемпионатының жұлдегерлері мен қлттық құрама мүшелерін және бапкерлерін қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі
Президент спортшыларды әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтап, бұл күллі еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті.
“Әлемдік жарыста төрт алтын, бір күміс медаль алу – зор жетістік. Қазақ жігіттері әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін өсірді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Олардың дауысы сонау Ташкент төрінен анық естілді. Дәл осындай шынайы қолдау спортшыларымызға айрықша күш бергені сөзсіз. Спорт додасын бүкіл халқымыз көрді, сіздерге тілекші болды деп айтсақ, артық болмайды. Мен де финалдағы жекпе-жектерді түгел көрдім. Жігіттеріміз ел намысын қорғау үшін бар күшін салып айқасты. Желбіреген көк туымызбен және әнұранымызбен бірге халқымыздың рухы көтерілді. Ұлттың асқақ рухы және отаншылдық қасиеті дегеніміз – осы! Өйткені спортшыларымыздың әрбір жеңісі елді қанаттандырады. Шын мәнінде, өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болды. Мұхиттың ар жағында Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісті жолы Ташкентте жалғасты. Осының бәрі барша қазақтың мерейін тасытты”, – деді Президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы споршыларға сәттілік тілеп, ел намысын байрақты бәсекелерде лайықты қорғайтынына сенім білдірді. Әрі Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыс етті.
Өз кезегінде бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Президентке бокс қолғабын сыйлады.