Фотосурет өнерінің үздіктері анықталды
Қазанның 5-і күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кәсіпқой және әуесқой фотографтардың студенттермен кездесуі өтті. «Бүгінгі ел фотоөнерінің тынысы» деп аталған басқосуға ардагер фотошежірешілер мен белгілі фототілшілер қатысты. Шараның екінші бөлімінде бұрынырақ жарияланған фотобайқаудың жеңімпаздары марапатталды.
Алдымен сөз алған журналистика факультетінің аға оқытушысы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы бүгінгі фотография мен фотопублицистика саласының еліміздегі ахуалы жайлы, сондай-ақ фотокөрмелер мен фототүсірілімдер жайлы айтып өтті. Кездесуге келген мамандар студенттерге ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, бірнеше қызықты баяндамалар оқыды. Оның ішінде табиғат түсірілімінің маманы, «Қазақстанның інжу-маржандары» атты фотоальбомның авторы, атақты журналист, аудармашы, фотосуретші Бораш Кәкеннің де баяндамасы бар. Сонымен қатар той түсірілімі жанрының шеберлері атынан «Айдаһар премиум» студиясының басшысы Оңғарбек Алхаров сөз сөйлеп, өз жұмыстары жайында қысқаша баяндап берді. Ал әңгіме ауанына аса қызығушылық танытқан студенттер қонақтармен сұрақ-жауап алмасып үлгерді. Ардагер фототілші Нұрғожа Жұбанов жастардың белсенділігіне қатты таңғалып, факультет басшылары келген қонақтарға ризашылықтарын білдірумен болды. Шараның екінші бөлімінде фотобайқаудың жеңімпаздары анықталды. Оның қорытындысын қазылар алқасының төрағасы, «Алматыкітап» баспасының бас редакторы Альмира Үмбетқызы жариялап, мыңнан жүйрік шыққандар дипломдармен, қаржылай-заттай сыйлықтармен марапатталды. «Ашық алаң» газетінің фототілшісі Серік Өтегенұлы «Үздік портрет», Қызылорда қаласының белгілі фотосуретшісі Қайрат Шалтақбаев «Үздік фоторепортаж», ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 4-курс студенті Ирина Сокол «Үздік пейзаж» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.