Ғарышкерлер даярлайтын арнайы оқу орны қашан ашылады?

Ғарышкерлер даярлайтын арнайы оқу орны қашан ашылады?

Кез келген қазақ баласының бір арманы ғарышкер болу екені рас. Бұл турасында әйгілі балалар жазушысы, біртуар азамат Бердібек Соқпақбаев «Менің атым — Қожа» повесінде жасөспірімдердің негізгі арманын дөп басып, әдемі суреттеген. Балалардың ғарышкерлікке деген қызығушылығы әлі де төмендеген жоқ. Қазір де мектеп оқушыларына «болашақта кім болғың келеді?» десеңіз, олардың басым көбі аспанды шарлағанды аңсайтыны сөзсіз. Тіпті ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің ресми сайтына кіргенімізде, жастардың басым көпшілігі «Мен қалай космонавт боламын? Бізде ғарышкерлерді дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар ма?» – деп агенттік төрағасы Талғат Мұсабаевқа сұрақтар жаудырғанын көрдік. Демек, жастардың ғарышты бағындырамын деген арманы әлі басылған жоқ. Үміт бар. Бірақ сол үмітті еліміздің шенеуніктері қаншалықты ақтай алып отыр?
Бір қуанарлығы, әлемдегі елдердің кез келгеніне бұйырмаған космодром Қазақ­станда тұр. Оның үстіне, ең бірін­ші космонавт ғарышқа қазақ жерінен ұшты. Бірақ солай бола тұра, елімізде осы уақытқа дейін ғарыштық білімді меңгерген төрт-ақ қазақ бар екен. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, одан кейін Ресейде білім алған қос жас ғарышкерлеріміз – Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов. Оның екеуі қазір Қазақстанның ғарыш саласында қызмет етсе, (Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов), тұңғыш ғарыш­керіміз Тоқтар Әубәкіров бұл саладан сырт қалды. Ал төр­тінші жас ғарыш­керіміз Мұхтар Айма­ха­нов ғарышқа ұшу үшін Ресей аза­маттығын алды. Міне, біз айналдырған төрт ғарышкерге лайық­ты жұмыс тауып бере алмай тұрып, олар­дың потенциалын пай­далана алмай тұрып, ғарыштық саланы қалай меңгермекпіз? Оның қыр-сырын болашақ жастарға қалай үйрет­пекпіз?
Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, қазақтың тұңғыш ғарышкері:
– Мен бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Ол үшін Талғат Мұсабаевқа шығыңдар. Себебі ол кісі қазір билікте отыр. Мен өзім жастарға ғарыш саласын үйретпек түгіл, оларды бүгінге дейін жетектеп жүрмін (Айдын мен Мұхтарды айтады. – Авт.). Тіпті Мұхтарға көмектесіп жатырмын. Шенеуніктеріміз жас ғарышкерлеріміздің ұшуына тиісті деңгейде жағдай жасай алмады. Бұл дұрыс емес. Өте өкінішті жағдай. Бұдан басқа мен ештеңе айтпаймын.
ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың басылымдарға берген сұхбатын оқысаңыз, «елімізде ғарыш са­ласы дамып жатыр, шетелдік әріптес­те­рі­мізбен стратегиялық қарым-қаты­на­сымыз нығаюда, жастар да «Бола­шақпен» осы сала бойынша шетелдерде білім алуда» дейді. Әрине, Талғат ағамыз өзі басшылық жасайтын сала төңірегінде сыни пікір айта қоймайтыны белгілі. Десек те, ол «елі­міздің бірқатар ұлттық универ­ситет­терінде аэроғарыш мамандарын дайын­дайтын оқу бөлімдерін ашамыз» деген бо­латын. Тіпті ғарышкер ағамыздың ау­зынан Орал­дағы агро-техникалық білім ордасында Самара мемлекеттік универ­ситеті аэро­ғарыш факультетінің бөлімшесі де ашылатынын естіген едік. Алайда аталмыш оқу орнының сайтына кіріп, факультеттері мен кафедраларына назар аударға­ны­мызда, бірде-бір аэроғарыш мамандарын даярла­майтынына көз жеткіздік.
Тіпті Т.Мұсабаев мырза: «Азаматтық авиа­ция академиясы да ғарыш саласының мамандарын дайындайтын болады», – деген еді. Алайда академия ғарышкерлерді дайындамақ түгіл, өздерінің болашақ ұш­қыш­тарының да толық білім алуына жағ­дай жасай алмай отыр. Студенттерін тәжі­ри­беден өткізетін жаңа ұшақтары да жоқ. Енді олар өздері осындай жағдайда тұрып, болашақ ғарышкерлерді қалай дайын­дамақ?! «Біз аэроғарыш мамандарын дайындамаймыз. Біздікі – тек авиация са­ла­сы», – дейді Авиация академиясының про­ректоры Айжан Жиенбаева. Кез келген ЖОО-дан арнайы факультет немесе ка­федра ашу үшін оның арнайы бөлмелері, зертханалары, оқулықтары, осы салада бі­лім беретін мамандары болуы тиіс емес пе? Неге біз осы ғарыш саласындағы түрлі мамандықтарды әр университеттердің бөлімшелеріне тықпалап, көтере алмайтын жүкті арта береміз? Әлде Қазақстанның ғарыш саласында арнайы университет, колледждер ашуға шамасы келмей ме?
Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
— Елімізде ғарыш саласының мамандарын даярлайтын арнайы жоғары оқу орны жоқ. Бірақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Гумилев атындағы Еуразиялық университетте, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да, Алматы энергетика және байланыс институтында, Азаматтық авиация академиясында ғарыш саласында білім беруге болады деген тоқтамға келген болатынбыз. Бірақ Авиация академиясының аэроғарыш саласында неге мамандар даярламай отырғанын мен білмеймін. Дегенмен бізде мынадай жүйе қалыптасқан. Егер студент Үкімет бөлген грантты иеленсе, ол өзінің таңдаған университетіне барып білім алады. Міне, осы бөлінген гранттарды ұтып алған студенттер бес ЖОО-ның барлығына бірдей бармаған. Менің білетінім, қазір ғарыштық саланың студенттері Алматы энергетика және байланыс институты мен Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да білім алып жатыр. Әрине, олардың зертханалық базасы, оқытатын мамандары, оқулықтары – барлығы жақсы деңгейде деп айта алмаймын. Сондықтан ғарыш саласына арнайы жабдықталған дербес университет керек-ақ. Бірақ олардың барлығы бір күнде келе салмайды. Уақыт өте келе шешімін табады деп ойлаймын.

Түйін
Қалай десек те, ғарыш саласын меңгеруді ертерек қолға алуымыз керек. Өйткені оның экономикалық тұрғыдан да, ғылым жағынан да елімізге тиімділігі зор. Қазір дамыған елдердің барлығы да ғарыш саласын меңгеру үстінде. Тіпті көрші Ресейдің өзі өзге елдің бір азаматын ғарышқа ұшырғаны үшін ел бюджетіне 30 миллион доллардан аса қаржы түсіреді екен. Тіпті олар қазір Қиыр Шығыстан Байқоңырға балама болатын ғарыш айлағын салып жатқан көрінеді. Осылайша олардың Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алуды бірте-бірте доғаратыны сөзсіз. Сондықтан келешекте космодромымызды сақтап қалу үшін, оны дамыту үшін ғарышкер мамандарды дайындауды бүгіннен бастап қолға алғанымыз дұрыс шығар...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста