Ғылым «жиендіктен» қашан құтылады?
«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» деген хәкім Абайдың ғұлама сөздері дәл бүгінгі заманға қарап айтылғандай. Олай деуге себеп – ғылым саласындағы бүгінгі ахуал алаңдатарлық. Кез келген адам ғылым докторы немесе кандидат атанып жатқаны рас. Ғылым мен білім дамығаны жөн ғой дейтіндер де табылар. Бірақ ғалымдарымыздың дардай атаққа қалай жеткені жайлы бас ауыртып жатқан жан жоқ.
Ғылымдағы плагиатпен күрес – қай уақытта болсын аса маңызды мәселе. Дегенмен көшіріп басқаны белгілі болса да көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырып жүргендер жетерлік болып тұр бүгінде. Ғалымдарымыздың саны көп болғанымен, сапасы күмән тудырады.
Жалпы әлемнің қай елін алсақ та ғылымдағы плагиатпен күрес мәселесі аса өткір тұр. Авторлық құқығы бұзылған жан дереу сотқа жүгінеді. Болмаса осы салаға арнайы маманданған қоғамдық ұйымдар да қызмет етеді. Яғни, шетелде ғылыми жұмысты ұрлаған адамға жаза қатал. Оған заң арқылы шектеу қойылған. Ар-ұятты айтпағанда, атағы жер жарған ғалымсымақтар бір-ақ сәтте барлық дәрежесі мен қызметінен айырылып тынып жатады. Мәселен, Германия, Ресей, Чехия сияқты елдерде тіпті министрлер мен депутаттарға дейін плагиаттық жасағаны үшін жұмыстан шығып қалған.
Ал біздегі жағдай мүлде басқа. Екінің бірі, етіктің сыңары ғалым болып жатса да, ешкім мәу демейді. Тіпті мемлекеттік мекеме басшылары мен кәсіпкерлердің өзі – бір-бір ғалым. Ресми емес деректерге қарағанда, Қазақстандағы ғалымдардың жартысынан астамының атағы жалған.
Қабдулсамих АЙТХОЖИН, Д.Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетінің профессоры:
– Қазақстанда да ғылыми плагиаттық жасаушылардың қатары үлкен. Тіпті жыл өткен сайын жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп жатқаны жасырын емес. Дегенмен оған заң арқылы шектеу қою жағы әлі ақсаңқырап тұр. Себебі, заңның өзі солқылдақтық танытады. Мұнымен қоса, заманауи техникалар да ғылымдағы ұрлықтың жайылуына себепкер болып отыр.
Заманауи техника демекші, қазіргі күні әрбір адам ғаламторға еркін қосыла алады. Бұл дегеніңіз – кез келген ғылыми жобаларды ұрлап басуға жол ашық деген сөз. Басқа елдер сияқты Қазақстанда да ғылыми плагиатпен күресу шаралары жалғасып келеді. Алайда нәтижесі аз. Ғылыми жұмыстарды плагиаттыққа тексеру орталығындағы жағдай да мәз емес. Өйткені мұндағы сапа да сын көтермейді. Әсіресе тіл мәселесі бұл жерде де бой көрсетпей қалмаған.
Дүйсенбек ЖАНАЛИЕВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті:
– Ғылыми жұмыстар болсын, дипломдық жұмыстар болсын, плагиаттыққа тапсырылады. Бірақ қазақша жұмыстарды плагиаттыққа тексеретін құралдың өзі қауқарсыз. Сондықтан әрбір жерден теріп алған студенттің өзі еш қиналмай-ақ жұмысын тапсырып кетіп жатады. Мәселен мен дипломдық жұмысымды күн-түн демей кітапханада отырып жаздым. Ал қасымдағы курстасым диплом жобасын сатып ала салды. Ақыры ол да, мен де плагиаттан өтіп кеттік. Сонда плагиатқа тексерудің қажеті қанша?!.
Ресми статистикаға сенсек, Қазақстанда плагиатпен ұсталған адам жоқ. Күлкілі жағдай, әрине. Дегенмен шындықтың аты – шындық. Өзгенің дүниесін ұрлап, ұрты майланса да, ұяты шықпайтындар ғалым атанып жүр. Бұл біреулерге мансап пен атақ-абырой да шығар. Бірақ отандық ғылым осындай жайдан кейін қайтіп бой түзей алады? Бүгін дипломдық жобасын плагиатсыз өткізген студент ертең қайтіп ғалым болмақ. Ар мен намыс емес, ақша ойнаған заманда ақыл-ойдың құны да бес тиын.
Азып-тозып, бар ғұмырын сарп еткен ғалымдардың орнын үйінде жатып-ақ ғалым атанғандар басып барады. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазіргі қазақ ғылымы қартайып барады. Яғни шын ғалымдардың қатары саусақпен санарлық. Ал шыбық сындырмай-ақ саусағын балға малып отырғандар жетіп артылады.
Қадыржан ӘБУОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы:
– Ғылымдағы плагиат мәселесі – аса өзекті. Өйткені әрбір ғылыми жоба жасаушы – өз жұмысының қожасы. Бірақ шынымен де соңғы уақытта мұрынына ғылымның иісі де бармайтындар ғалым атанып кетіп жатыр. Бұл – аса қауіпті жағдай. Өйткені алдағы уақытта жаңалықтарды шығару, зерттеу жүргізу жағы мүлде жойылып кете ме деп қорқамын. Сондықтан бұл сорақылыққа заңмен шектеу қойған жөн деп есептеймін.
Заң демекші, ғылыми жұмыстардың қайталанып кетпеуіне, ұрлық жұмыстарға қандай тосқауыл бар. Заң органдарында бұған қаншалықты маңыздылық беріледі?
Заңға жүгінсек, бәрін де шешуге болатыны байқалады. Яғни «құда да, құдағи да тыныш» етуге болады. Ол үшін ең аалдымен ғылыми жұмыстың авторы сотқа жүгінуі тиіс. Ал ол үшін ғылыми жұмысқа сол ғалымның авторлық құқығы болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда сот та еш көмектесе алмауы мүмкін.
Жанар ӘБІЛҚАСЫМОВА, заңгер:
–Ғылымда және басқа да салалардағы ұрлау плагиат деп танылады. Оған сәйкес Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 184-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бірақ заңмен қатал жаза қарастырылғанымен, оның нақты қолданылғаны жөнінде дерек жоқ. Заңсыздық белең алғанымен, өз атағы мен абыройын ақшамен есептейтіндер ешкімге дес бермей келеді.
Бұл ғылым мен білімге де ақшаның жеткенін айғақтайды. Сонда ертеңгі болашағымызда қазақ ғылымы қандай болмақ? Жасынан ұрлық дүниенің өкшесінен басқан ұрпақтың жайына қайтіп алаңдамаймыз. Жөнсіздіктің жойылар түрі көрінбейді. Көзді жұмып, бәлкім, сіз де ғалым атанарсыз, ойланыңыз. Біз қайда барамыз?