Ядролық отын жағуды меңгере аламыз ба?
Қазірде халықаралық сарапшылар «жер қойнауындағы мұнай-газ қоры түгесілген кезде, атом реакторларының дәуірлеу кезеңі басталады. Адамзат сол кезде атом энергетикасына мойынсынып, қызметіне тәуелді болады» деген пікірлерді жиі қаузайды. Негізінен, болжам бойынша 2020 жылы әлемдік тұрғыда энергияның барлық түрлеріне деген сұраныс жоғарылап, оны қолдану екі есеге артады. Сол кездерде энергия өндірудегі атом энергиясының үлесі бүгінгі күнгі 14-17 пайыздан 35 пайызға дейін өседі деп пайымдалып отыр.
Жалпы, атом энергетикасы саласында Қазақ елі ресурсқа бай, кен қоры ауқымды мемлекеттердің қатарына жатады. Бұл ретте бізде өндірістің қуатын арттыратын мұнай, уран, көмір, газ тәрізді элементтер қоры жетіп-артылады. Өкініштісі, біз осы өндірісті «дүрілдететін» кен қорларын шетелге шикі күйінше ғана экспорттауға қабілеттіміз. Бір ғана уран қорын шикідей шетке тасуда қатарынан неше жыл бәйгенің алдын бермей келеміз. Әрине, бұған кеуде керіп мақтануға да болады. Бірақ... Қазірде есі бар ел «етек-жеңін қымтап», қолында барын шетке тасу әдетінен арылғалы қашан? Бүгінде болашақтың валютасы энергия болатынын сезініп үлгерген елдер нақ қазір ядролық отын банктерін құру, атом ресурстарынан тұрмысқа қажетті халық тұтынатын заттар алу; атом ресурстарын медицинада қолдану; аталмыш ресурстарды пайдалану арқылы өндіріс қуаттылығын арттыру жайын жиі қаузайды. Осы тұста біздің отандық сарапшыларымыз Қазақстан үшін ең тиімдісі елде ядролық отын банктерін құру екенін алға тартады. Ақиқатында, атом өнеркәсібін жандандыру мақсатында елде ядролық отын банктерін құру жайы алғаш сөз болған тұста қайсыбір ғалымдарымыз «бұл банктің болашағы сенімсіз, мұндай банктер құру арқылы табысқа кенелуіміз екіталай» деген-ді. Әйтсе де отандық ғалымдарымыздың тағы бір легі аталмыш банктердің ел экономикасына пайдалы тұстары барын дәлелдеп бағуда.
Мәселен, бұл ретте Ұлттық ядролық орталығының Ядролық физика институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Насурлла БӨРТЕБАЕВ былай дейді:
– Ядролық отын банкі – тек Қазақстан үшін ғана емес, әлем бойынша қажет нәрсе. Қазір осы ядролық отын банкінің мүмкіншіліктері мен ерекшеліктері туралы жиі айтылып жүр. Бұл деген – нағыз коммерциялық жоба. Ядролық отын банкін құруды атом өндірісі саласындағы пайда табудың көзі деп білуге болады. Келешекте алтын мен күмістің, мұнай-газдың парқынан энергиялық отынның құны артығырақ болады. Осы тұрғыдан алатын болсақ, ядролық отындар банкін жасау – атом энергетикасының деңгейін жоғары көтереді. Егер біз ядролық отын банкі жобасын іске асыра алсақ, өздерінде ядролық отын ресурстары жоқ шет мемлекеттер бізге кіріптар болып, өз тараптарынан тиімді ұсыныстар айтатыны айдан анық. Сондықтан бізге ядролық отын банктерін құру керек. Ядролық отын сақтайтын арнайы қоймалар жасақтау керек. Бұл – табысқа кенелтетін жоба.
Сөйтіп, Ұлттық ядролық орталық мамандарының байыптауынша, бізге ядролық отын банкін құру тиімді болмақ. Бұған қатысты мамандар «елде жеткілікті ресурстар қоры бар, ендігі кезекте жобаны іске асыру қажеттілігі тұр» дейді.
Банкті қай аймақтан салған жөн?
Ал енді банкті құру туралы ұсыныс айтылды, жоба бар. Тіпті қайсыбір сарапшыларымыз банктің шаруасын дөңгелететін мамандарымыздың да даярлығы осал еместігін айтып қалды. Ендігі сауал «ол ядролық банктер қай аймақтан құрылуы мүмкін?» дегенге саяды. Бұл тұрғыда ғалымдарымыздың дені ядролық банктерді құруға қолайлы аймақ – Семей полигон аймағы екенін алға тартады. Мамандар Семей полигон аймағында үлкен ірі жарылыстар болғандықтан, сол жарылыстардан қалған әртүрлі радиоактивті қалдықтарды сақтап қоятын қоймалар бар екенін, осы қоймалар күні ертең ядролық банктер қоры болатынын мысал ете отырып, «ядролық банктерді Семей полигон аймағынан құру тиімді» деседі. Бұл тұрғыда техника ғылымының докторы, профессор Қайыр ЖҰБАНОВ:
– Семей полигонының бір ерекшелігі – онда қалдықтарды сақтайтын қоймалар уақтылы жасалып қойылған. Мәселен, бізде медицинада ампулдық радиоизотоптық материалдар қолданылады. Осы препараттарды уақыты өткеннен кейін бір жаққа апарып көму керек. Осындай медицинада қолданып жүрген ампулалардың 50 мыңға жуығы қазір сол Семей полигон аймағының қоймасында сақтаулы. Сондай-ақ өнеркәсіпте қолданып жүрген радиоактивті қалдықтарды да сол жерге апарып сақтап, көміп отырмыз. Еске сала кеткен жөн, Ақтаудағы тоқтатылған БН-350 реакторының ядролық отыны да толығымен осы Семей полигонындағы сақтау қоймаларына көшірілді. Демек, бізде ядролық отын қоймалары бар. Біз көп елдерде мұндай мүмкіншіліктердің жоқ екенін ескеруіміз керек. Бұл – бізге берілген мүмкіндік. Мысалы, бізде уран қоры мол. Бүгінде дүниежүзі елдері уранымызға қолқа сала бастады. Бірақ біз үшін шикі уранды өңдеп, оны энергиялық отын ретінде сатқан өте тиімді. Бұл– ядролық өндірістің пайдалы бағыттарының бірі. Өз басым Семей полигон аймағы осы банктің жұмысын ұйымдастыруға қолайлы аймақ деп білемін, – деді.
Қауіпті сейілту керек
Рас, мамандар мысал етіп отырғандай, Семей полигонының сынақ алаңдарында 400-ден аса атом бомбасы жарылған. Жарылған атом бомбаларының басым көпшілігі атышулы «Сынақ алаңында» және «Дегелең» тауларында сыналды. Осы жарылыстардың есебін пайда болған радиациялық дозалардың негізін ыдырап үлгермеген плутоний-239, цезий-137 және стронций-90 радиоизотоптары құрайды. Сол себептен осы жерлердегі жарылыстың эпицентрлеріндегі радиациялық деңгей өте жоғары. Сондықтан да Семей полигонындағы осы қауіпті аймақтарға кіруге бүгінде қатаң тыйым салынған... Десек те, ғалымдардың пікірінше, полигон аймақтарының да қауіптілік деңгейі жыл сайын төмендеп отырады. Сондықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, атом энергетика саласындағы тың жаңалықтарға құлақ түріп, атом реакторлары туралы ақпараттарға тереңінен үңіліп, «осы саланы өркендетуге, дамытуға атсалысамын, ірі көлемде инвестиция құямын» дегендерге емен-жарқын көзқараспен қарағанымыз абзал. Бұл ретте ғалым Насурлла Бөртебаев: «Іс жүзінде қазіргі уақытта полигон аймақтарында шашылған радиоактивті элементтері бар жер қабаты 30-40 см-ге дейін сыпырылып алынып, ол қоршаулардың ішінде арнайы қазылған шұңқырларға көмілген. Олар енді әрі қарай тереңдей бермесе, жердің бетіне шығып, зиянын тигізуі мүмкін емес. Бұл аталмыш полигон аймақтарының қауіптілік деңгейі жыл сайын төмендеп отыратынын білдіреді», – дейді.
Түйін
Жалпы, ядролық отын банктерін құру, осы мақсатта полигон аймақтарын қолданысқа беру, атом өнеркәсібін дамыту мәселесі сөз болғанда біраз қауымның бұл жаңашылдықты жатсынатыны да рас. Десек те, қазірде Кеңес өкіметінен қалған полигон аймақтарының жағдайын, деңгейін, болашағын зерттеу жұмыстары жалғасын табуда. Тіпті қайсыбір зерттеулер ол аймақтарда шаруашылық ісін жүргізуге мүмкіншілік барын да дәлелдейді. Осы ретте мамандардың дені «атом өнеркәсібі атауынан ат үркетін нәрсе емес, тереңіне үңілсек, бұл салада біз өзіндік бренд жинап, шетелге қымбат бағамен ядролық отынды сатуды да, оны жағуды да меңгере аламыз» деседі.