«Іңгә» да теңге тұрады
Қазақстанда әрбір отбасылық жұптың 15-20 пайызына бедеулік тән. Ақтөбедегі жағдай да көңіл көншітерлік емес. Ақтөбе облыстық отбасын жоспарлау орталығында қазір 300-ден астам бедеу әйел тізімде тұр.
Орталықтың гинеколог дәрігерлері қыз-келіншектер арасында жасанды ұрықтандыруға сұраныстың артқандығын айтып отыр. Алайда ұрықтандырудың ЭКО әдісін кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Оның бір жолғы емінің өзі 500 мың теңгені талап етеді. Ал республикалық ЭКО-орталықтарға бөлінетін тегін квота жыл сайын облыс бойынша тек бес адамға ғана бөлінеді. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Сондықтан шаңырағында сәбидің күлкісіне зәру қалған жандар жылдар бойы кезекте тұруға мәжбүр. Ақтөбедегі отбасын жоспарлау орталығының гинеколог-дәрігері Клара Утянованың айтуынша, егер отбасын жоспарлау орталығына арнайы медициналық жабдық сатып алынса, ЭКО әдісі облыс тұрғындарына да қолжетімді болар еді. Өйткені Ақтөбеде экстракорпоралды ұрықтандыру тәсілдерінің егжей-тегжейін білетін мамандар жеткілікті. Орталық дәрігерлерінің айтуынша, ең қажеттісі – арнайы микроскоп пен екі арнайы инкубатор. Қажетті жабдықтарға шамамен 50 миллион теңге көлемінде қаражат керек.