Ислам әлемі жаңғыру жолында жұмылуы тиіс
Кеше Астанада жалғасын тапқан VII дүниежүзілік ислам экономикалық форумы өз жұмысын бастамас бұрын қалыптасқан дәстүр бойынша құран оқылды. Сосын «аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен» (Биссмиллахи рахмани рахим!) басталған жиынның мәртебелі төріне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Малайзия премьері Сри Дато Тун Абдал Разак, Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Гелле, Тәжікстан премьер-министрі Акил Акилов, Индонезия вице-президенті Боедионо, Ислам даму банкінің президенті Ахмед Мұхамед Әли әл-Мадани және ДИЭФ төрағасы Тун Муса Хитам жайғасты.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстан – Дүниежүзілік ислам экономикалық форумын ТМД елдері арасынан алғаш рет өткізіп отырған, «Ислам Давосы» Орталық Азияға ат басын бұрған тұңғыш мемлекет. Оның үстіне аталмыш маңызды шара Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін жылына да дөп келіп отыр. Бұдан бөлек форум туралы мәселе қозғалғаннан бері Қазақстан осынау экономикалық алаңды мұсылман әлеміндегі әріптестерімен экономикалық қана емес, саяси әм мәдени диалогты жандандыру үшін пайдалануға ұмтылатынын ресми мәлімдегені белгілі. Мұндай ұмтылысқа ислам әлемі де өз тарапынан қолдау танытатындығын айғақтаған. Ал Астанадағы алқалы басқосудың негізгі бір мақсаты – ислам бизнесіне Қазақстанның іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру.
Жібек жолы қайта түледі
Жиынның жалпылама мәніне тоқтап, кіріспе сөзді алған ДИЭФ төрағасы Тун Муса Хитам Тәуелсіздіктен бері Қазақстанның жаһандық экономикалық даму бойынша маңызды әрі мүдделі мемлекеттің біріне айналғанын, форумның Орталық Азияға қадам басу себебі де осыған дөп келетінін тілге тиек етті. «Біз ұзақ жылдар бойы «үнсіз» жатқан Жібек жолының қайта түлегеніне куә болып отырмыз. Жібек жолының жаңғыруы Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Африка, Орталық Азия елдері арасындағы сауда қатынастары есебінен ғана емес, халықтар бірлігі есебінен жүзеге асуда. Ал Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы өз сипаты бойынша мұндай бірлікті мығымдай түсу үшін керемет тұғырнама бола алады», – деді ДИЭФ төрағасы. Мәртебелі мейман жиынның мән-маңызына қысқаша шолу жасап, форумның негізгі бөлігіне көшкен соң, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, ислам әлемі һәм мұсылман елдерінің экономикалық ынтымақтастығы бағытында бірқатар маңызды ұсыныс жасады.
Ислам дүниесіндегі үш стратегиялық бағыт
Жиын спикер шешендерінің әрбірі секілді «биссмилладан» сөз бастаған Елбасы ең алдымен әлемнің әр қиырынан келген мәртебелі меймандарды қазақ жерінде қарсы алғанына өте қуанышты екендігін жеткізді. «Қазақ халқының ислам әлемімен байланысы қадым замандардан тамыр тартады. Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Жаратқан иеміз аса бір жомарттықпен Қазақстанға жерұйық мекен еншіледі. Осылайша елімізге ислам мен батыс өркениеттері арасында достық диалогқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігі берілген», – деп бастады өз сөзін Елбасы. Бұдан кейінгі сөзінде Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығын мұсылман үмметі үшін ауыр сынақтармен басталғанын еске салып өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік қаржы дағдарысы, азық-түлік импортына тәуелділік секілді түйткілді жайттарға, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелеңдерге, Тунис пен Мысырдағы саяси режимнің ауысуынан, Ливия ұшыраған гуманитарлық зауалдан жүздеген мың босқындар пайда болғанына тоқталды. «Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда көптеген мұсылман елдерінің көш соңында қалуы анық байқалды. 1,5 миллиардқа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр. Ислам дінінің діңгегі біртұтас екендігі – бәрімізге ақиқат. Бірақ ислам әлемі даму үлгілерінің анағұрлым қайшылығы бар әр түрлі аймақты қамтиды. Сол үшін ислам әлемі туралы пікір айтпас бұрын, мұсылман қоғамының бүгінгі даму жолдарын түсініп алу қажет деп санаймын», – деді Президент. Бұл ретте Елбасы ислам дүниесіндегі үш стратегиялық бағытты жеке-жеке бөліп айтты. Бірінші стратегия – бұл инерциялы даму стратегиясы. Н.Назарбаевтың пікірінше, өкінішке қарай, соңғы кездегі оқиғалар консервацияның ерте ме, кеш пе, апатқа ұрындыратынын көрсетіп отыр. Ал Елбасы атаған екінші стратегия қазіргі қоғам құрылымдарын жоққа шығарып, өткенге түбегейлі қайта оралу үрдісіне негізделген. Бұл нұсқа тіпті кейде осы заманғы саяси және экономикалық ахуалдың нормаларын да толық жоққа шығаратындай. «Үшінші стратегия ислам әлемін жаңғыртуға бағытталған. Бірақ оны өзге үлгілерді талғамай көшетін қарабайырлық тұрғысынан түсінуге болмайды. Исламда «кез келген істің мұстақым орта тұсы ең тәуірі саналады» деген тағылымдық қағида бар. Қазіргі дүниеде модернизацияланған ислам стратегиясы – міне, орта тұс дегеніміз – осы», – деді Президент.
Исламның өзі дін ретінде ешқандай дағдарысқа түспейді
Сөз арасында Президент Н.Назарбаев исламның қазіргі дүниедегі ең қарқынды тарап келе жатқаны дін екенін айта келе, мұсылман әлемінің дағдарысты бастан кешіріп отырған бірнеше аймақтары туралы да сөз қозғады. Бұл ретте Елбасы ислам қоғамын модернизациялау қажеттігі айқын байқалып отырғанын алға тартты. Мұнда да мәселе ең алдымен технология, ғылыми және экономикалық дамуға байланысты болып отыр. «Мұны тек ақиқатқа көз жұма қарайтындар ғана жоққа шығара алады. Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын ислам әлемі өзінің экономика саласындағы әлеуетіне мүлдем сай келмейді», – деген Президент бұдан әрі өз ойын нақты мысалдармен сабақтап, шынайы дүниелерге назар аудартты. «Мәселен, G-8 ішінде мұсылман үмметінен бірде-бір ел жоқ. Бұл – ислам экономикасының әлемдік ауқымдағы нақты салмағының айқын көрінісі. Ал әлем бойынша үздік жоғары оқу орындарының алғашқы жүздігінде қанша ислам мемлекетінің университеттері бар? Ислам дүниесінің ішінен соңғы 20 жылда жаратылыстану және техника ғылымдары саласы бойынша Нобель сыйлығының қанша лауреаты шықты? Ислам әлемінде қанша жаһандық технологиялық инновация өмірге жол ашты? Біз бұл сауалдарды алдымен өзімізге қойып, таяу болашақта лайықты жауап беруіміз қажет деп санаймын», – деді Президент. Осы ретте Н.Назарбаев кейбір саясаткерлердің ислам дүниесінің көп бөлігінің артта қалуын діннің өзімен байланыстыратынын да сынға алды. Елбасының айтуынша, бұл – ақиқаттан мүлдем алыс тұжырым. Тарихта антикалық және осы заманғы батыс мәдениетінің арасындағы сабақтастықты мұсылман дүниесінің қамтамасыз еткенін ұмытпауымыз керек. Исламның мәдени өрлеуінің арқасында орта ғасырларда әлемде математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салалары бойынша ұлы жетістіктерге қол жеткізілді. Ілім мен білімнің жаңа үлгілері мұсылмандық шығыстан христиандық батысқа қарай жылжыған. Нақ осы ислам сан ғасырлар бедерінде діни тұрғыдан төзімділік, толеранттық көрсетіп келді. Оғаш ой, тұжырымдарға да асқан сабырлылық танытты. Қазір ислам әлемі өз дамуындағы күрделі кезеңді бастан өткізіп отыр.
Ислам әлемінің беделін түсіруге қарсы тұра алатын ортақ медиа-жобалар туралы ойланатын кез келді
Сонымен қатар, Президент Н.Назарбаев ислам дүниесі үшін күрмеуі қиын бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Мұның бірі – әлемдік ақпарат кеңістігінде орын алып отырған исламға қарсы ақпараттық арандату шабуылы. Елбасы мұндағы мәселенің мәйегін де ой елегінен өткізіп қана қоймай, орынды ұстаным ғана емес, орнықты ұсынысын да жеткізді. «Жаһандық бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі исламды өздерінің ұлттық қауіпсіздігіне, мәдени, діни ұстанымына қауіп төндіруші ретінде көрсетіп жүр. Осылайша исламды саяси күш қолдануға, экстремизм мен терроризмге жол беретін дін деп ұқтырады. Мұндай жағдаймен ешқашан келісуге болмайды. Егер тарихқа жүгінсек, экстремизм мен терроризм ХХ ғасырда көптеген индустриалды дамыған мемлекеттердің саяси өмірінің ажырамас бөлігі болғанына көзіміз жетеді. Ол үшін 1960-70 жылдары Еуропадағы саяси терроризмнің бетімен кеткенін еске салсақ та жетіп жатыр. Біз терроризм мен экстремизмнің қаншалықты ашық бағыт ұстанғанына және қандай да бір діни ұранды жамылғанына қарамастан, әлемнің іргелі діндерімен ешқандай да ортақтығы жоқ екендігіне сенімдіміз», – дей келе, Елбасы қатысушыларды нақты мәселе жөнінде ойласып, пікір алмасуға үндеді. «Жаһандық терроризмнің басты көздеген нысанасы мұсылмандар әлемі болып отырған жоқ па, бүгін өзі? Өйткені нақ осы ислам елдерінде жыл сайын мыңдаған жазықсыз жандар, соның ішінде қарттар, әйелдер мен балалар қаза тауып жатыр. Ендеше, ислам мен терроризмді шеңдестіру әділетті ме» деген сауалдарды ортаға салды Елбасы. Бұдан бөлек, Президент қазіргі терроризмнің саяси және экономикалық себептерден туындайтынын айтып, мұның ұлтаралық қылмыспен ғана емес, есірткі айналымымен де, қару-жарақ контрабандасымен де тығыз байланысты екендігін де еске салып өтті. «Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптасуына баршамыз біріге күш салуға тиіспіз. Сол үшін ислам елдерінің ұлы ілімінің беделін түсіруге жаһандық және аймақтық деңгейде қарсы тұра алатын ортақ медиа-жобалар жөнінде ойланатын кез келді», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мұсылман елдері айтарлықтай жаңғырудан өтуге тиіс
Президент сөз арасында бүгінгі ақпараттық заман талабына қатысты мәселелерді де қозғады. «Сөз жоқ, қазіргі әлемнің экономикалық-қаржылық және ақпараттық жүйесі өзгере беретін болады. Алайда оның бірқатар жүйелі сипаттары сақталып қана қоймайды, керісінше, күшейе түседі. Ең алдымен, бұл мәдени құндылықтың, білім экономикасының, ақыл-ой күшінің мемлекеттік бәсекеге қабілеттілігінің нақты көрсеткіші ретінде маңызының арта түсуімен байланысты. Бүгінде мына жайт айқын: таяу болашақтың қоғамы – ақпараттық қоғам. Бұл технологияға, басқару тәсілдеріне, мәдени дамудың үлгілеріне де қатысты», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Осы ретте Президент бүгінгі әлемде уақыт талабына толық жауап бере алатын мұсылман елдері де баршылық екендігін алға тартты. Мәселен, ақпараттық қоғамның өнеркәсіптік қаржылық саласындағы технологиялық жетілген үлгілері баршылық. Ислам әлемінде бәсекеге қабілеттіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отырған елдер де бар. Бұл – ислам әлемінің өткен кезеңде ғана емес, болашақта да қарқынды және шапшаң дамуымен тамаша үйлесе алатынының жарқын айғағы. «Сондықтан да алдағы уақытта мұсылман елдері айтарлықтай жаңғырудан өтуге тиіс. Мұны қолға алмасақ, тарихи тұрғыдан артта қалу тағы да 100 жылға созылып кетуі мүмкін. Осындай модернизацияның дәл әрі теңгермелі үлгісін таңдау 1,5 млрд мұсылман үмметінің дамуына қосқан ортақ үлесі болатын еді», – деді Президент.
Елбасының бес бастамасы
Сөз соңында Мемлекет басшысы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы шеңберінде мұсылмен елдерінің Қазақстанмен бірлесіп жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаларды жариялады. Біріншіден, Нұрсұлтан Әбішұлы ислам әлемі елдерінің экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде жаңа бағыт қалыптасуы қажет екендігін айтады. «Бұл үшін ДИЭФ қоры негізінде 10 жетекші мұсылман қауымдастығы елдері экономикасы тобына (G-10) арналған сұхбат алаңын жасауды ұсынамыз. Мұсылман үмметінің ресурстары инвестициялық ынтымақтастық үшін қуатты қаржы көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді Елбасы. Екіншіден, ислам әлемі елдерінің жетекші ғылыми-технологиялық үрдістерден қалып келе жатқанын ескере отырып, Ислам конференциясы ұйымының мүдделі елдерінің қатысуымен халықаралық инновация орталығын құру. Үшінші бастама ретінде Президент шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында ДИЭФ-тің арнайы жұмыс тобын құруды ұсынады. «Бұл ретте Ислам банкі жанынан шағын және орта бизнестің арнайы қорын құру мәселесін бүгінгі форумда талқылаған жөн болар еді. Біз исламдық қаржыландыру тетіктерін тарту тұрғысынан мұсылман елдерімен ынтымақтастық жасауға мүдделіміз. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы ислам инвестицияларының таяу жылдардағы өсу мүмкіндігі ондаған миллиард долларға дейін жетеді», – деді Президент. Төртінші ұсыныс – көлік-коммуникациялық және логистикалық желі арқылы ынтымақтасу. «Көлік-коммуникациялық және логистикалық желінің болуы – ислам елдерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтудің маңызды шарты. Қазір Қазақстан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізін кеңейте отырып, өзінің геоэкономикалық жағдайын белсенді түрде пайдалануда. Біз Қытай мен Парсы шығанағындағы жүк тасымалдау ағымын ұлғайту үшін жаңа теміржолдар салудамыз. Мен Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Парсы шығанағы теміржол құрылысын қаржыландыруға Ислам даму банкінің белсенді түрде қатынасуын ұсынамын. Жалпы құны 1,5 млрд-ты құрайтын бұл теміржолдың ұзындығы – 963 шақырым. Біздің елдер арасындағы қарым-қатынасқа, экономикалық саудаға жағымды әсер тигізетін болады», – деді Елбасы. Президент ұсынған бесінші бастама азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатын қамтиды. Бұл ретте Н.Назарбаев Ислам конференциясы ұйымы аясында азық-түлік көмегін көрсету жүйесін әзірлеу қажеттігін алға тартады. «Бұған ИДБ және ұйымға мүше елдердің азық-түлік қоры топтары жүйесі халал үлгісіндегі аймақтық қордың құрылуы негіз болар еді. Оның штаб-пәтерін азық-түліктің экспорттық әлеуетін белсенді дамытушы ел ретінде Қазақстанға орналастыруды ұсынамын», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президенттің форумды ашу барысындағы аталмыш ұсыныстары пленарлық отырыстарда да кеңінен талқыланып, қолдау тапты. Жиын соңына таман он шақты келіссөздерге қол қойылды.