Із-түзсіз жоғалған Жолдас Темірәлиев пен Айдар Хасеновтің мәйіттері табылды
Осыдан төрт жылдан астам уақыт бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен «Нұрбанктің» бұрынғы топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айдар Хасеновтің мәйіттері табылды. Олардың мүрделері Алматы қаласының тау бөктеріндегі «Қазтелерадио» кешеніне қарасты қоймалар базасы аумағынан табылған. Бұл туралы кеше арнайы брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, бұрынғы банк қызметкерлері 3-3,5 метр тереңдікте темір бөшкелерге салынып жерленген. «Мәйіттер полиэтилен пакеттермен оралған, мойындары жіппен және темір сыммен байланған. Үстіне әктас төгіліп көміліпті. Мәйіттерді алдын ала тексеру нәтижелері бойынша, олар Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің денелері деп танылып отыр», – дейді ресми өкіл. Бұл жерде бұдан бұрын да қылмыс жасаған орын болуы мүмкін аймақ ретінде тексеру жұмыстары жүргізілген екен. Мәйіттер сол тексеру жұмыстары жүргізілген жерден бар-жоғы 100-150 метр жерден табылып отыр.
Ресми өкіл сондай-ақ мәйіттерден төрт жылдан астам уақыт бұрын ұрланған банкирлердің киім қалдықтары табылғанын да атап өтті. «Біреуінің үстіндегі ішкиімінің қалдықтары сақталған. Ал Хасеновтің әйелі күйеуі дәл осындай ішкиім кигенін айтқан болатын. Мәйіттердің бірінің тіс протездері бар екені анықталды. Сараптама барысында оның Темірәлиевтің протездеріне ұқсайтыны да анықталып отыр. Оларды іздеу жұмыстары осы уақытқа дейін жалғасты. Соның нәтижесінде 13 мамыр күні мүрделері табылды. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, бас прокурордың қаулысымен Бас прокуратураның, ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінен оперативті-тергеу тобы құрылды», – дейді Жандос Өмірәлиев.
2008 жылдың 18 қаңтарында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты ашық сот барысында «қылмыстық топ құрып, адам ұрлау, ресми құжаттарды қолдан жасау жолымен өзгенің мүлкін ұрлады» деген айыппен Рахат Әлиевке, Вадим Кошляк және басқаларға (Әлнұр Мұсаев, Виктор Сапожников, Төлеген Имашев – автор) үкім шығарған болатын. Алайда ұйымдасқан қылмыстық топтың кейбір мүшелерінің Австрияға қашып үлгергені белгілі. Сол себепті олардың біразына сырттай айып тағылды. Бұлармен қатар тағы 25 адам сотталды. Олардың барлығының да «Нұрбанктің» бұрынғы қызметкерлері Әбілмәжін Ғылымов, Жолдас Темірәлиев пен Айдар Хасеновті ұрлауға қатысы бары анықталғаны белгілі. Ұрланғандардың екеуі – Жолдас Темірәлиев пен Айдар Хасенов туралы құқық қорғау тарапынан жасалған елеулі шараларға қарамастан, ешқандай дерек табылмаған болатын.
Қазіргі уақытта сараптама жұмыстарын қазақстандық мамандармен қатар, Германиядан арнайы келген криминалистер жүргізіп жатыр. «Жақын уақытта биологиялық, физика-техникалық, геномдық зерттеулер жүргізіледі. Бұл мәйіттердің кімдікі екенін 99,9% сенімділікпен анықтауға мүмкіндік береді», – деді ол. Сондай-ақ ол Бас прокуратураның «Нұрбанк» АҚ төрағасының бұрынғы орынбасары, ҚР Австриядағы экс-елшісі Рахат Әлиевті экстрадициялау процесін жалғастыруды көздеп отырғанын мәлім етті. «Бұл жұмыс міндетті түрде жалғастырылады», – деді ол.
Осы брифингте Бас прокуратура өкілі кеше Ақтөбеде елді дүрліктірген төтенше оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. Ертеңгілік мезгілде Ақтөбедегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық ғимаратында жарылыс болған еді. Әлдекім өзін-өзі жарып жіберуге әрекеттенген.
Жандос Өмірәлиев, Бас прокуратураның ресми өкілі:
– Мамырдың 17-сі күні жергілікті сағат 9.30 шамасында қылмыстық топ ұсталды. Бірнеше қылмыс жасағаны үшін сезікті болған Рақымжан Махатов жауапкершіліктен бой тасалау мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ғимаратында қолдан жасалған, күші шағын жарылғыш қондырғыны қолдана отырып, өзін-өзі жарып жіберген. Жарылыс салдарынан Р.Махатов оқиға орнында қайтыс болды. Ал ғимарат қасында болған екі азамат жараланды. Бірі – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің қызметкері. Ал екіншісі – күзетші. Осы факті бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.