Каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қайтыс болды
Каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жасталап Санауов қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин өзінің Facebook-парақшасында жазды.
«Жасталап Санауов Қазақстандағы каратэ қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болды. Ол ұзақ жыл Қазақстанның каратэ-до федерациясын басқарды, әлемде танымал Jk Fan журналының қазақстандық нұсқасын шығарумен айналысты. Оның арқасында елімізде ірі халықаралық турнирлер өтті. Ол Халықаралық каратэ-до федерациясының атқарушы комитетіне ТМД-дан алғаш болып сайланған», - деп жазды Е.Қарин.
Бапкер сырқаттан қайтыс болған. Оның біраз уақыт төсек тартып жатқаны айтылды.
Жасталап Санауов 1966 жылы 26 мамырда дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер.