Кәсіби Парламент Думадағы қазақтарды неге ұмытуы тиіс?!

Кәсіби Парламент Думадағы қазақтарды неге ұмытуы тиіс?!

Биыл кәсіби Парламентке 15 жыл толды. Бұл да бір – Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен белес. Әйтсе де кәсібилікке дейінгі жылдары ұлттың сөзін, жұрттың сөзін сөйлейтін мінберді пайдалану тартысы қай кезеңде де бір сәтке толастаған емес. Кешегі қызыл империяның қол астында боданда отырған тұста да мемлекеттің Тәуелсіздігі туралы мәселе ең алдымен сол кездегі парламенттік қабырғада айтылды. Ал кеңестік езгінің алдындағы Ресей Думасында ұлт арыстарының терезе теңдігіне ұмтылысы ерен дер едік. Әйтсе де Алаш қайраткерлерінің көп еңбегінің ішінде дәл осы мәселе айтыла бермейтін тәрізді. Тіпті басқасын былай қойып, елордадан кәсіби Парламенттің қос палатасына зәулім ғимарат соққанда да осындай тәуелсіз билікті аңсаған Алаш арыстарының есімін ұмыт қалдырдық.
Айтпағымыз – Парламент ғима­ра­тының бір бұ­рышынан қазақтан шық­қан тұңғыш депу­тат­тарға ең құры­ған­да ескерткіш-тақтаның әлі де бұ­йырмай тұрғаны. Сондықтан да ұлт­тың ал­ғашқы парламентшілері мен Алаш қай­рат­кер­ле­рінің Думадағы депутаттық үшін күресі жа­йында бір-екі ауыз сөз қозғасақ деп едік. Ендеше, тарихқа сәл шегініс жасалық.
Жалпы, қазақтың ұлттық тарихын­дағы заң шы­ғару үрдісі мен парла­мен­таризмнің қалып­та­суын мына тұстан бастап қарастыру керек деп шорт кесу орынсыз. Өйткені «Қасым ханның қас­қа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке хан­ның жеті жар­ғысы» секілді сонау ға­сыр­лар­дағы қа­зақ қоғамының саяси һәм әлеумет қа­жет­ті­лігінен туған ережелері, дала заңдары салтанат құрғаны тарихтан белгілі. Бір кездері қазақтың ұлы да­ласында хан жарғыларына негізделген өзін­дік конституциясы болып, соның негізінде дала демократиясы еркін қанат жайғанын жоқ­қа шығара алмаспыз.
Бір сөзбен айтсақ, Қазақстандағы заң билігі өз кезегінде хандық жиындарда халық өкілдерін (би­лерді, рубасылар мен беделді ақса­қал­дар­ды, көсемдер мен батырларды) қа­тыс­тырудан бастау алғаннан бергі Тәуелсіз Қа­зақ­станның кәсіби Парламентіне дейін күрделі жол­дарды бас­тан өткерді. Соның ішінде ХХ ға­сырдағы Алаш қайраткерлерінің қазақ да­ла­сында дара конституциализмнің, дербес пар­ла­мен­таризм­нің қағидаттарын енгізуге ұмтылған идея­лары­ның өзі – бір төбе.
Өткен ХХ ғасырдың басында патшалық Ре­сей­дегі ішкі толқулар жаңа саяси кезеңге бет бұр­ған парламенттік демократия идеяларын ту­ды­рып, Мемлекеттік Думаны дүниеге келтіргені белгілі.
Яғни алғашқы заң шығарушы ор­ган­ның құрылуы Ресейдегі парламента­ризм­нің бас­та­уы болды. Ұлт көсемі Әлихан Бө­кей­хан­ның «Ресей 1905 жылы алғаш рет және соң­ғы рет Еуропа болды» деп айта­тыны да сол оқиғаларға, бетбұрыстарға бай­ланысты пікір болатын. Думаға депутат сай­лау ту­ра­лы жаңалық Ресей отарындағы қазақ да­ла­сы­на жеткен кезеңде ұлт зия­лы­лары да сая­сат ісіне белсене, сауатты түр­де араласа бас­таған еді. Сондықтан да патшалықтағы тұң­ғыш заң шығарушы би­лікке қазақтар­дың өз алдына өкілін сайлау мә­селесі ұлы да­­лада үлкен қуанышпен қа­былданды де­сек те болады. Өйткені Алаш қайраткерлері Ду­маға мүше болып, белгілі бір дәрежеде қа­зақтың басына түскен қайғыны сейілтуге, ұлт­тың пробле­ма­ла­рын, өзекті мәселелерін ше­шуге мүмкіндік ту­ды деп санаған бо­ла­тын. Әрі мұның өзі ұзақ жыл бойы бұғауда бо­лып, ұлт ретінде кемшілікке ұшыраған ха­лық үшін құ­қық­тық, әлеуметтік теңдікке жету үмітін жаққан-ды. Бірақ қазақ үшін мұндай мүмкіндік аз ғана уақыт өмір сүрген екі Думаның аясымен шектеліп, ұлт мұ­ратына бағытталған ізденістер мен әре­кетт­ер отарлаушы тарапынан қайтадан қыс­пақ­қа түсті.
«Дума һәм қазақ»...
Қазақ ұлтынан 1906 жылғы Ресей Мем­ле­кеттік Думасына барлығы 12 адам сай­ланғаны тарихтан белгілі. Олардың ішінде Бі­рінші Думаға Семей облысынан – Әлихан Бө­кейхан, Торғай облысынан – Ахмет Бі­рім­жан, Орал облысынан Ал­пыс­бай Қал­мен­ұлы, Ақмола облысынан – Шәймерден Қос­шығұлұлы, Жетісу облы­сынан – Молда Та­йынұлы, Астрахань гу­бер­ниясынан – Бақ­тыгерей Құлман мен Дәуіт Ноян-Тұндыт, Уфа губерниясынан Сәлімгерей Жантөре сайланды. Екінші Думаға Семей облысынан – Темірғали Нұрекен, Жетісу облысынан – Мұ­ха­меджан Тынышбайұлы, Сырдария об­лы­сынан – Тілеулі Аллабергенұлы, Орал об­лысынан Бақытжан Қаратай сайланды. Бұ­лардың арасында Ахмет Бірімжан, Бақ­ты­герей Құлманұлы, Шәймерден Қос­шы­ғұл­ұлы екі Думаға да депутат болды. Алайда бү­кіл патшалық аумағынан сайланған өкіл­дер­дің басын қосқан алғашқы екі Дума да би­леушінің қолайына жақпағандықтан та­ратылады. Бірінші Дума – 72 күн, екін­шісі 103 күн ғана өмір сүрді. Кейіннен 1907 жылғы патша әкімшілігі қабылдаған «3 июнь заңы» Ресейдің қол астындағы қазақ секілді ұлттарды бұратана ретінде танып, Думаға депутат болу құқынан мүлдем айырып тастады. Міне, осы құқықты қал­пы­­на келтіру үшін қазақ зиялылары қо­лы­нан келгенше үлкен күреске бел шеше түс­кен еді. Ал патшаның қазақты мемлекет ісінен біржола шеттететін жарлық жа­са­уы­на не себеп? Бұған, бір жағынан, көзі ашық саясаткерлердің патшалық би­лік жүйесін қатты сынға алуы түрткі бол­са, екін­шіден, қа­зақтан сайланған де­пу­тат­тардың аз ғұ­мыр­лы Думада ұлт мәселесі тұрғысынан өзекті болған жер, дін, оқу істеріне қатысты проблемаларды өткір белсенділікпен көтеруі, оны үкімет алдына нақты қоя біл­ген­дігі де әсер етті деп айтуға тиіспіз. Мә­се­лен, Ахмет Бірімжан, Ал­пыс­бай Қалменұлы, Ба­қытжан Қаратаев Думада қазақ жеріне қоныс аударушы келімсек мұжықтарды орналастыруда жү­генсіздіктердің орын алғанын, заңбұзу­шыл­ықтың болғанын, қа­зақ­тың құқы тап­та­лып жатқанын айтып, де­пу­таттық сұрау са­лады. Дума алаңынан тыс жер­де де қа­зақ зиялылары ұлт мәселесін өт­кір қолға ала бастайды. Екіншіден, сол ке­зеңде қа­зақ жеріндегі генерал-гу­бер­на­торлардың қазаққа қандай көзқараста болғаны бел­гілі. Солар арқылы қазаққа «теріс мінез» бе­рілуі де патшалық саясаттың бағытын өз­гертіп жіберді. Осы мәселе «Қа­зақ» га­зетінде Әлихан Бөкейханның «Ду­ма һәм қа­зақ» мақаласында анық көрсетіледі. Ал­ғашқы Думаны қалыптастыру жолы талқылана бастаған 1905 жылы ішкі істер министрі Булыгин қазақ даласының ге­нерал-губернаторы Н.Сухотинге хат жазып, он­да Дума сайлауы жасалып жат­қандығын, соған билік өкілдері өз қол ас­тын­дағы жұрт мінезі туралы пікір сұрайды. «Қа­зақ жұртын «анайы, көшпелі, тон ас­тында мұзы ері­мей­тін, мұхит қабағында ит жегіп жүрген са­моед, леопардпен бір­дей» деп депутат сай­ла­уынан тысқары қылғалы тұрмыз. Сіз қа­зақты билеп отырсыз, біздің бұл ақылды қа­лай көресіз» дейді ішкі істер министрі. Ал бұған жауап ретінде губернатор Сухотиннің екі түрлі ұстанған пікірі байқалады. Мә­се­лен, ол бір сөзінде министр Булыгиннің қа­зақ жұр­ты туралы жоғарыдағы пайымын «ал­­жы­­ғандық, адасқандық» деп бағалайды. «Қа­зақ жұрты іскер, сөзге шешен, өзі – он об­лыста, саны – 5 миллион, қазақ өз жа­йын өзі думада баян қылатын жөні бар. Қа­зақтан думада депутат болмаса, 5 мил­лион жұрт мақсұды жетім қалады», – дей­ді. Бұл – мәселенің бір жағы. Өйткені қа­зақ­тың жайын да, басқасын да түсіне оты­рып, Н.Су­хотиннің екінші бір пікірі болды, бұл – қа­зақ тағдырына қатысты әділдікті ысы­рып қойып, орыстың пайдасын қам­дау. Бұл ту­расында Ә.Бөкейхан былай жа­зады: «Н.Су­хотин пікіріне келсек: «Рас, қа­зақ самоед, леопард емес, бұлардың ара­сы жер мен көктей. Қазақты бұлармен от­тас, ошақтас қы­ламын деген Булыгин сөзі – әншейін амал­сыз себеп. Дегенмен «қа­зақтың жұр­ты­на депутат бермейміз» деген пі­кір дұ­ры­сырақ. Біздің патша қол ас­тындағы жұрттың екі бөлімі – орыс, қалған бір бөлімі – поляк, ев­рей, татар, қазақ һәм өзге уақ жұрттар. Біздің ең болмаса жа­рымы сайланған депутаттар жұрттың бә­рін құрдас қылмақ болады, бұларға тамам орыс емес, жұрт сай­лаған депутаттар қо­сы­лады. Сөйтіп, Ду­ма­да біз орыс азда қа­ламыз. Осыған қа­ра­ғанда, Булыгин сөзі дұ­рыс: орыс пайдасы. Қа­зақ ақылсыз, мылқау болса, мұның де­пу­таты жау жаққа шыққанымен, зарары аз. Қа­зақ ақылды, шешен болса, бұл қазақты Ду­мадан тысқары қылу керек», – дейді Су­хо­тин». Мінеки, осындай отарлаушы үстем­дігін үдете түсу көзқарасының туындауы ке­йін­нен қазақты депутаттықтан шектеуге әке­ліп соғып отыр.
Дегенмен де теңдік пен бостандыққа ұм­тылу ұшқыны нағыз қоздай бастаған за­манда патша үкіметінің мұндай сая­сатына мойын шұлғып отыра беру ұлт ретінде езіліп, жұрт ретінде «жоқ» болумен бірдей еді. Сондықтан да Алаш қайрат­керлері өз халқының өркендеуі жолында бастарын бәйгеге тіге отырып, үлкен күреске түсті. Ондай күрестің басты мұраты ең әуе­лі патша күші тоқтатқан Думаға депутат­тық­ты қал­пына келтіруге бағытталды. Заң шығаратын органда қазақ халқының мүд­десін жақ­тай­тын және заңсыздықтың шыр­мауынан қор­ғайтын, тек қазақ ұлты­ның азаматы бола алатынын айтып, шы­рыл­дады. Тіпті үшінші Думаға қазақ ұлтынан өкілдің бармайтыны анық бол­ғанда, қандас, туыстықты алға тартып, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш­ зия­лылары ноғайларға депутаттық­тың бір орнын қазаққа қи деп қолқа салды. «Уақыт» (татар газеті) арқылы қандастарға үндеу жолдады. «Қысылған жерде қарасу, қиналған жерде болысу адамшылықтың, мұсылманшылықтың ең жоғары дәре­же­сі­нен еді. «Шапқат» деген нәрсе бар бол­ған­дықтан, біз, Орынбор шақарында тұр­ған әм сайлау құқына мақрұм болған зия­лылар діндес, қандас қарындастары­мыз­дан өті­неміз. Орынбор­дың екінші кор­не­сінен сай­ла­натын выборщиктікке қазақ­тар­дың бі­ре­уін сайласаңыз екен. Енді Орын­бор­дан бол­ған бір орынды бізге мар­қабат еткеннен сіз­дерге кемшілігі бол­мас. Әмбе 6 миллион діндес, қандас қарындастарыңыз­ға мәңгілік ұмытылмас бір ағайыншылық ет­кен болар едіңіздер», – деп жазады сол хатта А.Бай­тұр­сынұлы. Но­ғайдың ашық пі­кір­лі зиялысы «жо­лы­мыз­ды қазаққа бе­релік, бұл бұ­йым­нан емес, құқықтан қара­сып берген сыйы­мыз тарихтың жүзінде, қа­зақтың көңілінде қа­латын нәрсе» де­ге­німен, жеме-жемге келгенде бұл жол да қа­зақ­қа бұйырмай шықты. Кейіннен «Қазақ» газеті Орал, Ақ­төбе облысының қазақтары Ресей патшасы Ро­мановтар әулетінің таққа оты­руының 300 жылдық тойына құттықтау жеделхатын жол­дап, тілек тілегенін, тілек барысында қа­заққа аса қажетті үш нәрсе сұралғанын жа­зады. Солардың бірі – қазақ халқына уа­қытша жабылған Мемлекеттік Думаның есігін қайта ашу. Әрине, де­пу­тат­тықтан айырылу тек Орал, Ақтөбе облысы қа­зақ­тарының ғана емес, бүкіл жұрттың жа­нына бат­қан ауыр жара болды. Сон­дық­тан да бұл мәселеге қатысты наразылықтар қазақ даласындағы зиялы қауымның кө­ңі­лінде жүрді. Мәселен, Міржақып Дулатов «Қа­­зақ» газетінде Алаш ардақтысы Отыншы Әл­­­жанұлының қазасына арнаған «Тағы құр­бан» атты мақаласында қайраткердің өмір жолынан деректер бере келе, былай дейді: «Отыншы Зайсан уезіне учитель болып барған кезде 2-ші Дума қуылып, «3-ші июнь законы» бойынша қазақ-қырғыз депутаттықтан мақрұм қалып, қа­һар­лы үкіметтің қайта күшеюіне бет алған шағы еді. Отыншы Зайсан қазақтарының атынан жаңа ашылған 3-ші Думадағы саяси пар­тиялар бастықтарына телеграмма бе­ріп, үкіметтің әділетсіздігіне наразылық баян еткендігін сол кезде астана газет­те­рінен оқып едік...». Осындай саяси қыс­паққа түс­кен соң, Думада қазаққа қатысты заң жобалары қаралғанда, ондағы Мұ­сылман фракциясына арқа сүйеуден басқа жол болған жоқ. Кейіннен қазаққа қатысты заң жобалары мен мәселе талқыланғанда ұлт мүддесі айтылуы үшін Мұсылман фрак­циясы жанындағы бюро жұмысына Әли­хан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай бел­сен­ді түрде араласты. Бұл да – өз алдына жеке тақырып.

Сөз соңы
Қазақстанның парламентаризмі тарихында Думаға депутат болған Алаш ардақтыларын зерттеу әлі жүйелі емес. Ашылмаған, айтылмаған мәселелер баршылық. Ал Думаға депутат болған ардақтыларымыздың ескерткіштері Парламент үйінің алдындағы алаңда тұрса ше? Олардың есімдері мен портреттері Қазақстан парламентаризмі тарихындағы өзіндік орны бар ұлы тұлғалар ретінде Парламент үйінің көрнекті бұрышында, арнайы мұражайында орын алса игі еді. Тәуелсіздіктің бір тезі – өз тарихымызға қайта-қайта қайырылып, соның әрбір қадамынан сабақ алып отыру. Ендеше, қазақ зиялыларының Думадағы депутаттыққа күресін, тұңғыш депутаттардың Ресей Мемлекеттік Думасындағы қайраткерлігін әр уақытта сезініп отыру, ең алдымен, бүгінгі кәсіби депутаттарға керек-ақ. Кешегісіз бүгін қалай болмақ, ал бүгінсіз ертеңіміз ше? Осыны ойлансақ керек-ті...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста