Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қалай қорғаймыз?
Каспий – байлық... Каспий – тіршілік көзі... Каспий – геосаясат... Иә, кәрі теңіздің берері көп. Бірақ мол қазынаны ысырап қылмауды көл-дарияны тел емген бес елдің перзенті әсте естен шығармағаны жөн. Каспий теңізі экологиясының қазіргі кезде күрт нашарлап кеткені жиі айтылып жүр. Ал теңіздің Қазақстанға жататын солтүстік бөлігінде болашақта мұнай игерілсе, мәселе тіпті күрделене түсері сөзсіз. Көпшілік болса бұған сын көзбен, сақтықпен қарайды. Каспийге қандай тәжірибе жасалса да, көк теңіздің табиғатын сол қалпында сақтап қалу – басты міндет. Бізді де «Каспийдегі тіршілік дүниесін қалай сақтап қаламыз, биоресурстарға қандай қауіп бар» деген сауалдар алаңдатады. Негізінен, теңіздің экологиясына әсер ететін төрт фактор бар: табиғи, техногендік, биологиялық, браконьерлік. Енді осыларды шетінен тарқаталық.
Каспий тартылып, биоресурстар азайып барады
Каспий теңізі тартылып барады. Мамандардың айтуынша, теңіздің қазіргі деңгейі 27,77 метрді көрсетіп тұр. Дәл осындай жағдай 1977 жылы байқалған. Ол кезде көк айдынның деңгейі 29 метрге дейін тартылған болатын. 1962 жылы теңіз деңгейі 28,51 метрге жеткен. Ал 1995 жылы, керісінше, теңіз деңгейі 29,77 метрге көтеріліп, құрғап кеткен жағалау түгел су астында қалған. Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігін төрт гидрометеорологиялық стансы мен сегіз бекет бақылайды. Теңіз деңгейін тұрақты бақылап отырған зерттеушілер 2001 жылдан бастап теңіз деңгейі 27,77 метрден де төмендеп, тартылып келе жатқанын байқаған.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоқжановтың айтуынша, теңіздің тартылуынан жағалаулар бір шақырымға шегініп кеткен. «Әсіресе бұл Каспийдің солтүстігінде қатты байқалады. Өйткені онда теңіз таяз, ең терең жері – 26 м, ал көп бөлігі 5 м болады», – дейді О.Тоқжанов. Оның үстіне, биоресурстар солтүстік және солтүстік-шығыс Каспийде көп шоғырланған. Теңіз тартылса, тіршілік иелерінің өмір сүру кеңістігі тарылатыны сөзсіз. Бұл айналып келгенде биоресурстардың азаюына әкеледі.
Жалпы, Каспий деңгейі әлемдік мұхиттардан 28 метрдей төмен орналасқан, тереңдігі – 1025 метр.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Теңізге 130-дан астам өзен мен жылғалар келіп құяды. Зерттеушілердің айтуынша, Каспий тұйық теңіз саналады. «Ал көк айдынның жағадан шегініп кетуі – 70 жылда қайталанып отыратын табиғи құбылыс. Сондықтан биоресурстарға бәлендей әсер ете қоймайды» дейді тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов. «Табиғи құбылыс болғандықтан, балықтар мен жануарлар әлеміне аса қауіп төнбейді. Одан биоресурс, яғни тіршілік әлемі толықтай жойылады деген сөз емес», – дейді ол.
Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, 1977 жылғы теңіз деңгейі төмендеген кезде Атыраудағы Сарқамыс, Маңғыстау түбегінің солтүстік жағалаулары бірнеше метрге қашықтап кеткен. Бұл жағдай тағы қайталанатын болса, ірі кемелер теңіз аумағындағы кен орындарына немесе жағаға жете алмай қалуы мүмкін. Осы орайда мамандар теңіз жағалауында қойылған су қорғау белдеулерінен асып, құрылыс жүргізу қауіпті екенін ескертеді. Су қорғау белгілері Түрікменбашыдан Атырауға дейінгі 1400 шақырымға созылған жағалауларда орналасқан. Каспий теңізі деңгейінің құбылуы осындай экологиялық проблема туғызып отыр.
Каспий теңізінің экологиясына әсер ететін табиғи фактордың бірі – жер сілкіну. Хазар теңізі және Тұран ойпатының Маңғышлақ бөлігі – сейсмикалық жағынан тұрақсыз аймақ. Қашақ шығанағы, Үстірттің оңтүстік етегі, Сайөтестен шығысқа қарайғы жер жылына 4 мм-ге көтеріліп келе жатыр. Ал Ақтау қаласы орналасқан жер жылына 2 мм-ге көтерілуде. Орынбасар Тоқжановтың айтуынша, тектоникалық жағынан тұрақсыз осындай аймақта, яғни теңіз түбінде жер астының қысымы азайған кезде қозғалыс болуы мүмкін. «Демек, жер сілкіну қаупі бар. Бірақ жойқын жер сілкінісі болмайды, әрі кетсе 3-4 балдық көрсеткішті көрсетуі мүмкін», – дейді О.Тоқжанов. Айта кетейік, өткен жылы қарашада Каспий теңізінің Әзірбайжан секторында жер сілкінген болатын. Бірақ ешқандай шығын болған жоқ және Маңғыстау түбегіне білінбеді де.
Теңізге техногендік фактор қалай әсер етеді?
Каспий теңізінің экологиясын бұзатын екінші фактор – техногендік фактор, яғни адам әрекетінің әсері. Экологтердің дабыл қағуына қарағанда, Каспий теңізі оңбай ластанып, ойбай салатын халге жеткен. Десек те, бес елдің өкілдері «Теңізге басты қауіп неден?» деген сауалға жауап іздегенде шанжарқайдай шашырап, бір пәтуаға келе алмай отырғаны түсініксіз. Атап айтқанда, ресейлік табиғат жанашырлары Каспий теңізінің шектен тыс ластануына теңіздегі мұнай операциялары кінәлі деп санайды. Ал теңізде ғарыштық мониторинг жүргізіп жатқан «Сканэкс» компаниясының бас директоры Алексей Кучейко бұл пікірді қуаттайды. Компания басшысы жерсерігі арқылы кемелер мен мұнай өндірісінен болған зарарларды құлмезгіл көретінін айтты.
Ал өзіміздің мамандарымызға келетін болсақ, олар ресейліктермен пікірлес. «1995 жылдары Каспий теңізінің деңгейі көтерілгенде көптеген мұнай ұңғысы су астында қалды. Оларды әлі күнге дейін ауыздықтай алмай отырмыз. Мұнай пердесі үш метр тереңдікке дейінгі тірі жәндіктің бәрін құртып жатыр», – деді «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов.
Теңіз табанынан елдің алдымен «қара алтын» өндіріп, мұрты майланып үлгерген әзірбайжандықтар мұнай өндіру зиян болғанымен, оны тоқтатудың қажеті жоқ деп шамалайды. Олардың уәжі Каспийге зиян мұнайдан гөрі қалдық сулардан көбірек келеді дегенге саяды.
Осы орайда, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіне қатысты айтарымыз, шындығында, теңізге құйылатын улы заттардың 80 пайызы Жайық пен Еділ өзені арқылы келеді. Дәлірек айтқанда, қос өзен бойындағы өнеркәсіп кешендерінен шыққан улы қалдық теңіздің экологиясын нашарлатып жатыр.
Мұнай өндіруге байланысты теңізде кемелер көбейіп келеді. 2012 жылдың 1 қаңтарындағы есепке сүйенсек, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде 2006 жылы жүзу құралы тіркелсе, оның 286-сы – алып кемелер. «Бұл алып кемелер жүзіп өткенде теңіздің астындағы өсімдік дүниесін жойып жібереді», – дейді Орынбасар Тоқжанов. Бір өкініштісі, бұл кемелер биоресурс көп шоғырланған теңіздің солтүстік аймағында жиі жүзеді. Сондықтан мамандар кемелердің жүзу бағытын реттеу керек екенін айтады. Өйткені онда мұнай өндіру, барлау кешендері қарқынды жүргізіле бастады. Жіптің ұшын тапсаң, тарқатыла береді ғой, осы орайда тағы бір мәселе туындайды. Серік Ахметов: «Жаман айтпай жақсы жоқ», теңіздегі мұнай ұңғымаларында төтенше жағдай болып, оны ауыздықтауға өз күшіміз жетпей жатса, теңіз жағалауы елдері жәрдемдесетін келісімшарт жасалды», – дейді. Орынбасар Тоқжанов мырза болса: «Құрлықтағы әрбір 160-ыншы мұнай ұңғымасында апат болады. Ал теңізде 1000-нан аса ұңғыма салынады, сол кезде оның қандай жағдай болатыны белгісіз», – деп отыр. Каспий – құрлықтағы тұйық теңіз. Апат болса, оны ауыздықтау қиын. «Бізге Мексика шығанағындағы апат сабақ болуы тиіс» дейді бірқатар эколог мамандар. Дерекке сүйенсек, Каспийдің Қазақстан жақ бетіндегі биоқорлардың жалпы құны – 500 млрд доллар. «Мұнай сорамыз деп, теңіздің табиғи байлығын жойып алмауды осы бастан ойластырған жөн» деп отыр экологтер.
Итбалықтардың қырылуына мұнайдың қатысы бар ма?
«Каспий итбалығы – теңізде өмір сүретін бірден-бір сүтқоректі жануар. Олардың салмағы 100 келіге дейін жетеді. 1905-1910 жылдары зерттеу бойынша, Каспийде 1 миллион 100 мыңға жуық итбалық мекен етсе, 60-70 жылдары олардың саны 520-560 мыңға дейін азайған. Бүгінгі таңда тұйық теңізде өмір сүретін итбалықтың саны 100 мыңнан сәл-ақ асады. Ал эколог Орынбасар Тоқжановтың мәліметінше, дәл қазір теңізде бар болғаны 70-80 мыңдай ғана итбалық қалған. Оның айтуынша, итбалықтардың азаюына, кей уақытта жаппай қырылуына мұнай қалдықтарының қатысы жоқ. Мұны Қазақстандағы Тегеран конвенциясымен байланыс жөніндегі ұлттық қызметкері Серік Ахметов те қуаттап отыр. «Бірнеше ғылыми зерттеу жұмысы жүргізілді. Шетелден де мамандар келді. Сонда итбалықтың ажалы мұнайдан екені дәлелденбеді», – дейді ол. Ал Орынбасар Тоқжанов: «Итбалықтардың осындай аянышты күйге түсуінің басты себебі – олар қоректенетін азық қорының немесе биоресурстардың азайып кетуі», – дейді ол. Бір итбалық күніне 3 келі майшабақ жейді. ХХ ғасырдың басында миллионнан астам итбалық 3 келі майшабақ жегенін ескерсек, теңізде биоресурс қоры көп болғанын жете түсінеміз. Сонда итбалықтар жағалауға жақындамай-ақ, теңіз ортасында жүріп майшабақпен қоректенетін болып тұр. Ал қазір майшабақтар 94 пайызға азайып кеткен екен. Оны аулау үшін итбалықтар теңіз жағасына жақындайды. Қорек азайғасын итбалықтың да тынысы тарылып барады. Мұны бұдан біраз жыл бұрын Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басшылығы да жасырмаған. Ал қазір итбалықтар қарапайым құрттармен қоректенуге көшті, бірақ шабақ құрлы талғажау болмай тұр.
Жыл сайын ақпан айының ортасынан бастап итбалықтар күшіктейді. Сондықтан осы сәтте тиісті құзырлы мекемелер Каспий теңізінің жағалауында және оның маңындағы итбалықтардың жағдайына мониторинг жүргізіп, оларды қорғауды мықтап қолға алуы керек.
Құрттай жәндік қарт теңіздің тіршілігін қырып барады
«ХХ ғасырдың екінші жартысында ғалымдар және ірі компаниялар Каспий теңізіне түрлі тәжірибе жасауды жиілетті. Каспийде тіршілік етпейтін өзге мұхиттардағы жануарларды осы теңізге әкеліп, тәжірибе жүргізілетін. Сонымен қатар кеме қатынасы арта бастады. Каспийдің айдынында жүзіп жүрген алып кемелер басқа теңіз, мұхиттарға апарылды. Олар онда мұнай апарып, оның орнына мұхиттың суын құйып алатын. Ол су тазартылмастан Каспийге төгілді. Міне, содан бері бұрын Хазарда кездеспеген тіршілік иелері көріне бастады. 1980 жылдардың соңында Каспийдің ирандық бөлігінде гребневик мнемиопсис дейтін медузаның бір түрі анықталды. «2007-2010 жылдары біздің жүргізген зерттеу бойынша, әр жаз мезгілінде Каспийдің солтүстігінде, дәлірек айтқанда, Құрманғазы мен Дархан мұнай кен орындарының аумағында гребневик мнемиопсис анықталып отырды», – дейді Орынбасар Тоқжанов.
«Сонда одан қандай қауіп бар? Дәлел келтіре кетейік. 1980 жылы ол медуза Қара теңізде байқалған еді. 1985-1995 жылдары Қара теңіздегі балық қырыла бастады. Ғалымдар оны әлгі медузаның әсерінен деп есептеді. Ол бентос, зоопланктонды (теңіздегі кішкентай тіршілік иелері) қырып жіберді. «Мнемиопсис өзінің денесінен қырық есе көлемде тамақ жейді. Оны жоятын бірде-бір препарат ойлап табылмады және Каспий теңізінде медузаны жейтін жәндік те, жануар да жоқ», – дейді Орынбасар Тоқжанов. Көлемі шамамен 1 см болатын медуза көк теңіздегі тіршілікті қырып барады. Күн жылынса, гребневик мнемиопсис жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай көбейіп кетеді. Ал күн суытса, қырылып қалады. Бірақ Иран жағында, оңтүстік Каспийде олар сақталады. Күн жылынса, солтүстікте қайта пайда болады.
2011 жылы Қаламқас пен Жемчужина аймағында блакфордия вирджиния деген медузаның жаңа түрі пайда болды. Ол Атлант мұхитында жылы кезде кездеседі екен. Енді Каспий теңізінің биоресурстарына осындай құрттай жәндік қауіп төндіріп тұр. Мұны біз теңізге экологиялық әсер ететін биологиялық фактор деп атаймыз.
Қаскерлердің қаскөйлігі
Қаскерлердің қаскөйлігі бұрын да, бүгін де жиі айтылып, дабыл қағылып жатыр. Табиғат жанашырларының дабыл қағатынындай да бар, өйткені соңғы 10 жылдың көлемінде Каспий теңізіндегі аталған балық түрлері 41,5 пайызға кеміп кеткен. 2012 жылы 7,5 млн қызылбалықтың шабағын теңізге жіберді. Бәрі бірдей қатарға қосылып кетпейді, кейбірі үлкен балықтың жеміне айналса, кейбірі өліп қалады. Ал өсіп-жетілгеніне қаскерлер қырғидай тиіп, өсуіне мүмкіндік берместен қырып жатыр. Дүниежүзі бойынша уылдырық саудасының көрігін Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Иран қыздырып отыр десек қателеспейміз. Браконьерлерді бұғаулауға шама жетер емес. Көрші Ресейден келіп Қазақстан аумағынан заңсыз тонналап балық аулайтындар жетіп-артылады. Көбі ұсталып та жатыр. Олар бекіре тұқымдас балықтардың тұқымын құртып барады.
ТҮЙІН
Жыл сайын Каспий теңізінің экологиялық мәселесін шешу және биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында Каспий маңы мемлекеттері көптеген ашар ұйымдастырып тұрады. Әрине, бұл жеткіліксіз. Жиынмен мәселе шешілмейді. Осы орайда, Қазақстан тарабы Каспий теңізінің проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтын ашуды жоспарлап отыр. Бұл институт теңізді кешенді түрде зерттеп, басым бағыттарды анықтап беруі тиіс. Сонымен қатар Каспий теңізі акваториясын қорғау мен сақтау үшін Кендірлі демалыс аймағында, Ақтау, Форт-Шевченко қалалары мен Құрық елді мекені маңындағы теңіз жағалауында ұзындығы 284,5 шақырымға созылатын белдеулер мен суқорғау аймағын бекіттік. Ол 2012 жылы да жалғасып, қалған 1115 шақырым жағалауға белдеу мен суқорғау аймағы бекітілді. Соңғы бес жыл қатарынан «Қашықтықтан ғарыштық технологияларды қолдану арқылы Каспий теңізінің шельфі мен жағалауына мемлекеттік экологиялық мониторинг» жасалды. Соның арқасында Каспий теңізінің қазақстандық секторының 75 пайызға жуық бөлігінің экологиялық жағдайы туралы мәліметтер базасы жасақталған.
«Алайда мемлекеттер арасында экологиялық мониторинг жүргізу бойынша кешенді бағдарлама бекітілген жоқ. Каспий теңізі – тұйық су. Бірнеше тонна мұнай төгілсе, біз Каспийдің фаунасынан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан осы мәселелер – ерекше мән беретін жайт», – деген еді Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Б.Мұхаметжанов баспасөз беттеріне берген сұхбатында. Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Каспий теңізіндегі жан-жануарларды қорғау және сақтау мақсатында Құлалы архипелагында (Кулалинский архипелаг) және Комсомол шығанағында табиғи қорық құруды жоспарлап отыр. Өйткені онда биоресурс көп шоғырланған.
Біздіңше, биоресурстарды сол күйінде сақтау Каспий теңізінің айналасындағы бес мемлекетте өмір сүріп жатқан 25 миллиондай адамның тағдырына әсер етеді деп есептейміз.