Кешегі кеңестік тәжірибе ветеринарлық қызметтің көсегесін көгерте ме?

Кешегі кеңестік тәжірибе ветеринарлық қызметтің көсегесін көгерте ме?

Ресми мәліметке жүгінсек, Қазақстандағы мал басының 85 пайызы –  жекенің қолында. Осының өзі мал өнімдерінің қауіпсіздігі барынша назар аударуды қажет ететінін білдірсе керек-ті. Ал бұған жауапты мемлекеттік орган ветеринариялық қауіпсіздікті мығым ұстау үшін кеңестік кезеңге қайта оралуды көксейді. Кеше Мәжілісте өткен Үкімет сағатының тақырыбы дәл осы өзекті мәселеге арналып, онда министр Асылжан Мамытбеков ветеринарияның жай-күйі мен қыр-сырын түгел ақтарды.  
Кешегі кеңестік жүйедегінің бәрі «хар-р-рам» деп шорт кесіп тастауға еш болмайды. Жақсысын бойда сақтап, жаманынан шапшаң безген ләзім. Қазақстанның ветеринария мәселесіне келгенде Ауыл шаруашылығы министрлігі де осындай қағидатты ұстанбаққа бел буыпты. Депутаттар алдында елдегі ветеринариялық мәселелер туралы баяндаған ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің «кеңестік ветеринария жүйесіне» қатысты уәжі де толайым. Алайда түбегейлі реформа көрмей, Тәуелсіздіктен бері қордаланған мәселелердің ортасында қалған ветеринария саласының проблемаларын тізіп шығуға тырысқан ведомство басшысын халық қалаулылары да аяғына дейін тыңдауға құлықты болмады. Дегенмен министр өзіне берілген уақытта әлгіндей өзекті проблемалардың бес-алтауының басын шалып үлгерді.  Ең басты мәселе – кадр мәселесі. Ал «бәрін шешетін кадр мәселесінің» өзі тағы да кешегі кеңестік жүйені қайта еске салады. Мәселен, министр Асылжан Сарыбайұлы былай дейді: «2006 жылғы ветеринария заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар­дан мемлекеттік ветеринарлық ұйымдар құру құқығы алынып тасталып, бұл жекеменшік секторға берілген еді. Сөйтіп, нарықтың өзі барлығын рет­теп, тиісті ақылы қызметтерді жеке сектор көрсетуі тиіс болатын.
Алайда былтырға дейін жүзеге асқан бұл тәжірибе өзінің тиімсіздігін көрсетті. Мәселен, ауылда 2 мыңға тарта ветеринар жұмыс істейді. Ал норма бойынша 850 бас малға бір ветеринардан келуі тиіс болатын. Ендеше, бізде 9,5 мың ветеринар тапшы», – дейді ауыл шаруашылығы министрі. Бұл ғана емес, бүгінгі маманның біліктілігін де бұрынғымен салыстыруға келмейді. Оның үстіне жас ветеринарлар бұл салаға бар­май­­ды. Яғни нарық өз-өзін реттей алмады. Ен­деше, мемлекеттік тетік қандай болғаны аб­зал? «Кейіннен жергілікті атқарушы ор­гандарға мемлекеттік ветеринариялық ұйым­дар құру құқығы қайта берілді. Алай­да мемлекеттік кәсіпорындар құрыл­ға­нымен, олар жүйелі жаңалық көрсетпеді. Сондықтан да биыл қабылданған заңға сәйкес,  жергілікті атқарушы билік ондай мем­лекеттік құрылымдарды құруға мін­детті болады. Сөйтіп, біз ескі, кеңестік вете­ринариялық жүйені қайта қалпына кел­тіруге ұмтыламыз», – деді Асылжан Са­ры­байұлы. Яғни, министрдің пайымынша, кеңестік ветеринарлық жүйе маман тап­шылығын еңсереді. Бұл ғана емес, ондағы жұ­мыс сапасын да жақсартады. «Жалпы ал­ғанда, еліміздегі мал басының кейбір түр­лерінің 85 пайызына дейін жеке үй шар­уашылығының қарамағында болаты­нын және олардың ешқашан өз қалталары­нан қаражат шығарып, ветеринар қызметін жалдамайтынын ескерсек, бұндай қадам­ға бару біз үшін аса өзекті мәселе болып қалып отыр», – дейді министр.
Өлексе өртеу де өзекті
Ветеринария саласындағы екінші өзекті мәселе – өлексе өртеу. Былтырдан, оның ар­ғы жылынан бері елімізде ауру жұқ­ты­рып жойылған ірі қараның саны ондаған мыңға жетіп қалған да болуы мүмкін. Аусылдың өзі біршама аша тұяқтының тұқымын құртқаны белгілі. Ал аса қауіпті саналатын осы малдың өлекселері қалай жойылып жатыр? «Ауру малдың барлығын жойғанда, олар жерге көміледі. Ары кет­кенде қалың бетондалған «Беккер ямасы­на» тасталып, бетін жауып қана жатырмыз. Бұл­ болашағымызға  «биологиялық бом­ба» қалдырғанмен бірдей. Өйткені ондай ай­мақта су тасқыны болса немесе қандай да бір төтенше жағдайлар орын алып жат­с­а, соның салдарынан өлексе қалдығы жер бетіне шығар болса, нағыз шатақ сонда болар», – дейді Асылжан Мамытбеков. Бұл ретте министр ауру малдың өлек­се­лерін өртейтін заманауи технологияларға көшуді құптайды. Арнайы пеште өртелсе, өлекседен қалатын күлдің де залалы жоқ тәрізді. Сондықтан да ведомство басшысы «ақшаның көзіне қарамай-ақ» келесі жылдан бастап ел өңірлерінде өлексе өртейтін әртүрлі типтегі пештерді орнатуға көшу қажеттігін алға тартты. Сосын бюд­жетті бекітерде осындай пайдалы пилот­тық жобаларды депутаттардың қолдауын сұ­рады.
Айтпақшы, аусыл демекші, Асылжан Сарыбайұлы оңтүстіктегі төрт облысты түгел «буферлік аймақ» атандырған осы  дертпен күрестің де тың тәсілін алға тарт­ты. Бақсақ, бар гәп вакцина һәм  оның са­­пасында екен. «Халықаралық стандарт­ты өндіріске септескен сапалы дәрілер егіл­се, аусылды ауыздықтауға болады. Ра­сында, халықаралық ұйымдардың қо­рытынды­сын алған сапалы вакцинамен жұ­мыс жасасақ, біз бес жылда-ақ шешіп тас­тар едік. Алайда жиырма жыл бойы біз осы аса қауіпті аусыл ауруын еліміздің әр тұ­сында өршітіп отырмыз», – деген  Асыл­жан Мамытбеков мәселенің бір ұшын тағы да қаражатқа, тағы да бюджетке әкеп тіреді. Алайда депутаттардың баршасы бірдей құрдымға кеткен кеңестік жүйеге оралуды құптамайтынын танытты. «70 жыл бойы алысқан Кеңес Одағының өзі аусылды еш құрта алмай кеткен болатын. Сіз бес жылда жоямын дейсіз, бұныңыз жөн бе?» – дейді депутат Төлеген Ибраев. Ми­­нистрдің аусылды айтып, көп қаржы сұрағанын меңзеген болса керек, Төлеген Тоқтасынұлы алдымен қолда бар қара­жат­ты ұқсатып жаратудың қажеттігін алға тарт­ты. «Шығыс Қазақстандағы аусылдың өте­мақысы бар, егу жұмыстары бар – 1 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалды. Ал егер елден, сол жердің мамандарынан келіп жатқан мәліметтерге министрлік дер уақытында ден қойса, солай болар ма еді? Жергілікті маманның дабылына неге мән бермей, «өзім білемдікке» салдыңыздар. Ақыр аяғы аусылдың ошағын ресейлік ту­рис­тер жеген кәмпиттің қағазына аударды­ңы­з­дар. Бұ қалай?» – дейді Төлеген Ибраев.
Жемқорлықтың бұқаларға қатысы жоқ
Ал тағы бір депутат Мұхтар Тінікеев бюд­жеттің қомақты қаржыларын «жұтып» жатқан министрлікті «жемқорлыққа бел­шесінен батқан» деп  бір-ақ мәлімдеді. «Соң­ғы екі жылда Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі жемқор шенеуніктер үшін жай­л­ы орынға айналып барады. Ауыл шар­­уашылығы министрлігі жаппай кор­руп­ция министрлігіне айналғандай. 2011 жылы сіздің министрліктің 35  қызметкері сотты болды. 45 қызметкерге қатысты қыл­мыстық іс қозғалды. 80 қызметкерге жем­қорлыққа қатысты тәртіптік жаза бекі­тілді. Осы айтылғандардың ішіндегі 25-і – басшылар. Бұл қашанға жалғаспақ? Ал не дейсіз?» – дейді Мұхтар Бәкірұлы. Проб­леманың бар екенін министр де мо­йын­дайды, өйткені ауыл шаруашылығының құрылымы тарам-тарам, бақылау-қадаға­лау функциялары да көп. Инспекторлар жұмысының регламенті болмауы олардың жөн-жосықсыз тексерісіне де жол ашып оты­рғанға ұқсайды. Сондықтан да жем­қор­лық құрамдаспен министрдің қара­ма­ғын­дағы қызметкерлер ұдайы «жолығы­сып» тұратынға ұқсайды. «Дегенмен күрес ымы­расыз. Үкіметке ауыл шаруашылығы­ның барша қызметтерін стандарттауды ен­гіздік, инспектордың қайда, қашан, не үшін баратыны минөтіне дейін жазылды. Ендігі күні кадрды таңдауда да мұқият боламыз», – деп жауап қайырды министр Асылжан Сарыбайұлы. Дегенмен жемқорлыққа қа­тысты бұндай жауап депутаттарды еш қа­на­ғаттандырмады. «2012 жылдың 1 тамы­зы­на дейін «ҚазАгроға» қатысты 45 қыл­­мыстық іс қозғалыпты. Бұншалықты тәр­тіпсіздікті басқа сыйдыра алмай тұр­мыз. Министрлік қайда қараған?» – дейді Ер­ген Дошаев. Сосын ол еліміздегі мал шар­уашылығы соңғы 1,5 жыл ішінде күрт тө­мендеп кеткенін алға тартады. «Таңғала­тын түгі жоқ. Сиыр бұзауын тоғыз ай көте­ре­ді, со­сын тайынша 18 ай өседі, етті 27 ай­дан кейін бір-ақ береді. Ал біздің бағ­дар­лама былтыр ғана қолға алынды. Қазір «жұмыс істейтін» асылтұқымды мал басы әкелініп жа­тыр, іргетас енді қаланып жа­тыр», – деп шорт кесті министр. Сосын ауыл шаруа­шы­лығының басшысы алыстан әке­лінген асыл­тұқымды бұқаның құр жат­пай­тынын меңзеп, нәтижесі де алдағы уа­қыт­та зор болатынына сендіруге тырысты. «Әри­не, қағаз жүзінде мал саны төмен­де­гені бар. Бірақ бұл – виртуалды кему. Бұны тү­сіні­ңіздер», – деді ол.
Айтпақшы, кеше министр Асылжан Мамытбековтің туған күні екен. Дегенмен депутаттардың бәрі министрдің туған күні құрметіне орай жылы шырай таныта алма­ды. Тіпті кейбір мәселенің ақ-қарасы үшін ар­найы комиссия құру керектігін алға тарт­қандар да болды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста