Киік тұяғы тимеген сайын дала азып барады
Қазақстан жер көлемі жағынан дүниежүзінде 9-шы орын алады. Ал еліміздегі жайылымдық жер 118 миллион гектарды алып жатыр. Яғни біздің еліміз әлем бойынша жайылымдық жер көлемі жөнінен 5-ші орын алады екен, бұған далалық экожүйесі сақталған санаулы елдердің қатарында екенімізді қосыңыз.
Ғылыми зерттеулерге қарағанда, жайылымдық жерлер шектен тыс пайдаланудан ғана емес, мүлдем пайдаланылмай бос жатқаннан да азып-тозады екен. Жан-жануарлардың тұяғы немесе шалғы тимеген шабындық-жайылымдықтардағы табиғи өсімдіктер тұқым шаша алмай, шашса да, жерге енгізе алмай, оның есесіне қажетсіз өсімдіктер өсіп шығып, жерге су сіңдірмей, топырағының құнарлануына, өсімдіктер дүниесінің дамуына кері әсерін тигізетіндігі әрі ол жерлер өртеніп кетуге де бейім тұратындығы әбден дәлелденген.
Жайылымдық жерлерде экологиялық тепе-теңдік бұзыла бастаса, оны қалпына келтіру өте қиын болады. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, мал өнімдерінің 80%-ы жеке аулалардағы қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Мал басы шектен тыс шоғырланған елді мекендер айналасының жан-жағы сорға айналған. Шаруа қожалықтарының өзі қысы-жазы бір жерден қозғалмай мал жайып, құдықтардың, ашық су көздерінің айналасын аздырып жібергені де жасырын емес.
Ауылшаруашылық құрылымдарының пайдалануға алған жерінен басқа, пайдаланылмай жатқан босалқы жерлеріміз де баршылық. Ақтөбе облысы аумағының 89,7%-ы, немесе 27 млн гектары ауылшаруашылық алқаптары болса, осы алқаптың жартысынан астамы босалқы жер санатында пайдаланылмай бос жатыр. Бір кемшілігі бұл санаттағы жерлердегі жайылымдықтардың 8,5 %-ы ғана суландырылған. Басым бөлігі, яғни 82,8 %-ы жер көлемдері аумақты, шалғай жатқан облысымыздың бес — Әйтекеби, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Шалқар аудандарында екен. Бір Швейцарияның өзі еркін сыятын Ырғыз ауданы жерінің жартысы бос жатыр. Мұндай босалқы жерлер санаты басқа облыстарда да жетерлік.
Мереке ЖҰБАНИЯЗ, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары:
— Егер тұяқты жануар жайылмаса, өзінен-өзі азып кететін «Бетпақ» аталып кеткен ұлан байтақ, сайын даламызды келер ұрпаққа қалай жеткіземіз? Біздің ойымызша, оның әзірге бір ғана шешімі бар. Қазақ үшін киелі жануар атанған, аңыз-ертегілеріне, күй-жырларына арқау, даламызға көрік болған киік санын қалпына келтіріп, тұяғымен жерімізді түлету қажет.
Бөкен шөпті таңдап-талғап жейді, қой сияқты түбінен үзбейді, тек жоғары жағынан кертіп алып қана жайылады. Көбіне әр жердегі шөпті теріп, жүре жайылады. Сондықтан өсімдіктердің өсуі тоқтамайды, керісінше, тұқымын шаштырып, оны үшкір, аша тұяқтарымен жерге енгізеді. Ақбөкендер елсіз жерлерде құрамында ылғалы мол шырынды өсімдіктермен қоректенетін болғандықтан, сулы жерлерден алыс аймақтарда да тіршілік ете береді. Су көзінен ұзамайтын үй жануарлары сияқты емес, жазғы, қысқы жайылым ауыстырғанда мыңдаған шақырымды ерсілі-қарсылы көктей өтеді.
М.Жұбанияздың айтуынша, 90-ыншы жылдардың аяғы, 2000 жылдардың басында киік саны күрт азайып, жойылып кету шегіне жеткен. Зооинститут мәліметтеріне сүйенсек, 2003 жылы Бетпақдала таралымындағы киіктердің 1,8 мыңы ғана қалған. Кейін ҚР Үкіметі оң шешім қабылдап, киіктерді аулауға тыйым салып, бұл шешімді 2020 жылға дейін ұзартты. 2007 жылы Ақтөбе облысынан Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватын құрып, 763 549 га жерді ерекше қорғалатын табиғи аумаққа бөлді. Өткен жылы көршілес Қостанай облысының Амангелді және Жанкелдин аудандарында да «Алтын дала» табиғи резерваты ашылды. Қазір Ырғыз-Торғай табиғи резерватының жер көлемін 409 мың гектарға ұлғайту, екі резерват аралығынан экологиялық дәліз ашу құжаттары жасақталуда. Бұған қазір резерват қорғауындағы жер көлемі 296 мың гектар болатын Торғай зоологиялық қаумалын қосыңыз. Қаржыдан тапшылық көрмей, жоспарланған шаралар жүзеге асса, Қазақстанның қақ ортасында дүниежүзіндегі ауқымды ерекше қорғалатын табиғи аумақ кешені пайда болғалы тұр.
Гүлнұр ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты экологиялық ағарту бөлімінің бас маманы:
— Резерват ашылғаннан бергі бес жылда Бетпақдала таралымындағы киіктер саны бес есе өсіп, 2007 жылғы 22,8 мыңнан 2012 жылы 110 мыңға жетті. Әлем бойынша киіктердің бес таралымы болса, Қазақстандағы ақбөкендердің 80 %-ы, дүниежүзіндегі ақбөкендердің 70 %-дан астамы осы Бетпақдала таралымының еншісінде. Ең бастысы, ел аумағынан сыртқа шықпайтындықтан, мұндағы киіктер нағыз қазақстандық түр болып саналады және басқалардан дене бітімінің ірілігімен ерекшеленеді.
Өткен ғасырдың басында да бұл жануар биологиялық түр ретінде жойылып кету қаупінде болған. Сол кездері де мүйізі дәрілік шикізат есебінде шетелдерге жоғары бағамен сатылған. Өкінішке қарай, бір ғасыр өтсе де, киік мүйізінің бағасы тіпті шарықтап, ақшаға құныққан браконьерлер айылдарын жияр емес. Мүйіз киіктің текелерінде ғана болғандықтан, олардың ешкілерге қарағандағы үлес салмағы жыл сайын күрт азайып барады. 2012 жылғы мониторингтік зерттеулер көктемгі санақта жазғы жайлауға көршілес Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына, Қостанай облысына кеткен киіктердің текелері күзде екі есе азайып келетіндігін, күйек алдында ешкілерге қарағанда үлес салмағы 3,9 % ғана болатындығын, тиісінше ешкілері, негізінен, егіз туатынына қарамастан, әрбір 100 аналыққа 73 құралай ғана ергендігін көрсетті.
Кешегі кеңес заманында киіктерді аулауға үзілді-кесілді тыйым салынып, санын 50-інші жылдары – 900 мыңға, 70-інші жылдары – 1,1-1,2 миллионға дейін арттырып, өндірістік деңгейде аулайтын дәрежеге жеткізген тәжірибесін қазір де қолдануға болады. Қазір де өндіріс ошақтарының, әсіресе мұнай-газ саласындағы өндірістердің көп ашылуына, автокөлік, теміржол дәліздерінің салынуына байланысты киіктердің таралу ареалының қысқарғанына қарамастан, Қазақстандағы ақбөкендер санын 500 мыңға жеткізуге әбден болатынын айтады зерттеушілер.
P.S.
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты – Ақтөбе облысындағы республикалық дәрежедегі халықаралық маңызға ие бірден-бір ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Ол Бетпақдала таралымындағы киіктермен қатар, дүниежүзілік Рамсар Конвенциясы тізіміне енген батпақты сулы өлкені, ондағы қызыл кітапқа енген құстарды да қорғайды. Оны қорғау арқылы Қазақ даласының салқар даласын да қорғайтынымыз кәміл...