Киіктің киесін ескермеген қылмыскерлер қолға түсті
Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында киік атқан қаныпезер қылмыскерлер қолға түсті. Пайданы ойлағандар үшін табиғаттың сұлулығы да, жануардың киесі де бір тиын болған.
«Охотзоопром» кәсіпорны мамандарының мәліметінше, арнайы шара барысында Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Дияр тақырында УАЗ автокөлігіне мінген екі браконьер қолға түсті. Олар: 1969 жылғы Әлімгерей Дайрабаев және 1983 жылғы Бекзат Дайрабаев. Екеуі де Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан. Тексеру кезінде олардан 30-дан астам киіктің тушасы табылды. Табиғатқа кесапат келтірген азаматтардың жеке құжаттары мен олардан алынған айғақ заттар Байғанин аудандық ішкі істер департаментіне тапсырылды. Сондай-ақ қарашаның 26-сы күні «Охотзоопром» кәсіпорны мамандары киік атқан тағы бірнеше қылмыскердің жолын кесті. Мамандардың мәліметінше, Қарағанды облысының Ақшала қыстағынан 30 шақырым жерде екі джип автокөлігі көзге түскен. Көліктің соңынан қуған мамандар олардың тек біреуін қолға түсіріп, үш адамды ұстады. Олар: Сергей Ким, Андрей Райбеков және Ғалымжан Серпенов. Үшеуі де – Қызылорданың тұрғындары. Олардың 11-нің киікті атқандығы белгілі болды. Қазір ұсталған азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалып жатыр.