Көктен түскен сегіз әйел
Павлодар облысында зейнет жасына жақындаған сегіз әйел АН-2 ұшағынан парашютпен секіріп, ерлік жасады. Бұл әрекеті арқылы олар еліміздегі зейнетақы жүйесін жетілдіруге қатысты өздерінің қолдауын білдірді.
2700 метр биіктіктен секірген әйелдердің қатарында 57 жастағы Татьяна Хомутова да бар. Салауаттылықты бала кезінен серік еткен азаматша үшін парашютпен секіру асқақ арман болғаны қашан. Сондықтан өңіріміздегі парашют спорты федерациясы мамандарының көмегіне жүгініп, тиісті жаттығу шараларына қатысқан. Сөйтіп, көктегі құспен таласып, аспан күшін сезінуге мүмкіндік алған.
Зейнет жасына жақындап қалған Татьяна Федоровна өмірінің 39 жылын бала тәрбиесіне арнапты. Бүгінде ол облыс орталығындағы №1 балабақшада жемісті еңбек етіп жатқан жайы бар.
Татьяна ХОМУТОВА, Павлодар қаласындағы №1 балабақшаның тәрбиешісі:
– Еліміздегі зейнетақы жүйесін жетілдіру заман талабына сай жасалған шешім деп білемін. Әсіресе әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту мәселесі талқылану үстінде. Бұл экономикасы күн санап қарыштап дамып жатқан Тәуелсіз мемлекетіміз үшін қажет дүние ғой. Өз басым зейнеткерлікке шығуға асықпаймын. Жаным да, тәнім де жас! Еңбек етуге әзірмін!