Көне шаһарлар зиратқа айналып барады
Қазақ даласының құпиясы таусылмайды. Әрбір төбеге тіл бітеді. Түрте қалсаңыз, талай тылсым сырдың кілті табылады. Бірақ біз бүгін сондай ізгі істі өз деңгейінде атқара алмай келеміз. Оның жасырып-жабары жоқ. Мәдени мұраға қамқорлық көрсетеміз дейміз. Өкініштісі, қаншама көне шаһар, тарихи дүние және құнды жәдігерлер өз кезегін күтіп отыр. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, кезінде туған топырақтағы талай құндылыққа қырын қарап, олардың кейбірін жоғалтып ала жаздадық. Содан әлі күнге дейін опық жеп келеміз. Бұл қашанға дейін созылады? Әзірге белгісіз. Әйтеуір бір-екілі құндылықтың қадіріне жеткенімізге шүкірлік етіп жүрген жайымыз бар.
Жалпы, біздің тарихқа деген адалдығымыз, өткеніміз бен бүгінімізді таразыға тартуға ниетіміз қандай деген сауал өздігінен туындайды. Әрине, ауызды құр шөппен сүрте қоймаспыз. Дегенмен жасалған жұмыстан әлі де атқаратынымыз аз емес. Тіпті сол істердің алғашқы сатысында жүрміз десек те, артық болмас. Өйткені күннен-күнге көзден жоғалып бара жатқан кейбір көне қалаларды көргенде осындай ой түюге мәжбүр екеніміз жасырын емес.
Археолог ғалымдар еліміздің оңтүстік өңірінде осындай ескі шаһарлардың қатары мол екендігін айтады. Солай болатын себебі де бар. Бағзы замандарда біздің ата-бабалар, негізінен, осы бір келбеті көркем, жері жаннат мекенді қоныс еткен көрінеді. Ендеше, көне кезеңде өркениет өресіне шыққан ел болғанымызды айғақтайтын осындай құндылықты қастер тұтып, соларда қорғау бағытында нәтижелі іс-шараларды қолға алудың қажеттігі көзге көрініп тұр.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәйден Жолдасбаевтың айтуынша, көптеген обалар мен ортағасырлық қалалардың үсті көрші жатқан ауылдардағы қаза болған адамдардың зираттарына айналып кеткен. Өйткені кезінде оны бақылаған ешкім болған жоқ. Соның салдарынан қастерлі орындар зиратқа айналды. Бұл жерде қарапайым халыққа ешқандай өкпе артуға болмас. Олар сол кезеңде тарихи жәдігерлердің бағасына жете алмай жүрді.
Сәйден ЖОЛДАСБАЕВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
– Мен ұзақ жылдан бері Сығанақ қаласын зерттеп жүрмін. Сонда жаңағыдай көріністі байқадым. Яғни талай ғасырлар бойы басты ордаға айналған қаланың үстінде зираттар көбейіп кеткен екен. Менің зерттеу жүргізгеніме биыл тұп-тура 10 жылдан асып отыр. Содан бері республикалық және жергілікті басылымдарға бірнеше мақала жарияладым. Зираттың басына аты-жөні жазылған адамдардың туған-туысқандарын тауып алып, басқа жаққа қайта жерлеуін сұрадық. Кейбір адамдар түсінді. Соның нәтижесінде 30-ға жуық зиратты өзге орындарға көшірдік. Біздің айтқанымызға құлақ асқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Зерттеу кезінде қаланың ортасындағы орталық мешіттің, қаланың солтүстік-батыс жағындағы төрт бөлмелі Ерзен хан кесенесінің, шығыс қақпасының алдындағы Һисамиддин мен Хусамиддин ғұламалардың кесенесінің кірпіштерін толық алып кеткені көрініп тұр. Жергілікті қариялар бұл жағдайдың өткен ғасырдың 30-жылдарында орын алғанын айтады. 1927 жылы бұл қалада белгілі археолог Александр Якубовский болған екен. Сол сапарында бұзылып жатқан мешітті суретке түсіріп алыпты. Аталмыш дүниені журналға шығарған нұсқасын тауып алдық. Сол ғалымның жазуы бойынша мешіттің қамыс, жыңғыл шығып кеткен орнын таптық. Онда қазба жұмысын жүргіздік. Құланды жерді аршып алдық. Жалпы, аталмыш ғимаратты алғаш зерттеп, оның жобасын сызып қалдырған В.Каллаур екен. Қазба жұмысы ол ғалымның жобасын толықтай анықтады. Ал Якубовскийдің суреті бойынша ескерткіштерді қайта жөндеу ұжымы ғимаратты қайта қалпына келтіріп жатыр.
Археолог ғалымдар обалардың бұзылу жағдайы осыдан 30-40 жылдай бұрын кеңінен өріс алғанын тілге тиек етеді. Өкінішке қарай, сол кезеңде оларға тәйт деген азамат кездесе қойған жоқ екен. Түрлі себептермен осындай жағдайға түскен обалар тағдыры ешкімді ойландыра қоймаған. Тіпті сондай жағдай әлі де кездесіп қалады екен. С.Жолдасбаевтың Сығанақ қаласын зерттеп келе жатқанына 10 жылдан асса да, содан бері жергілікті басшылардың оларға назар аудара қоймағанын жасырған жоқ. Үстіміздегі жылы Сыр өңірінің әкімі қызметінің тізгінін қолға ұстаған Қырымбек Көшербаев өзінің мәдени мұраға қамқорлығын нақты дәлелдей түсті. Соның нәтижесінде қазір Сығанақ қаласы аумағында ашық аспан астындағы мұражай жасау ойластырылып отыр. Бүгінгі таңда өңірде облыс әкімі жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңес құрылып, сол бағытта нақты жұмыстар басталып кетті. Десе де, әлі де қолға алатын істер аз емес. Өйткені облыс аумағында мұндай көне орындар саны өте көп. Олардың барлығын түгендеп шығу қаншама уақытқа созылады. Оның сыртында қомақты қаржы қажет екені белгілі.
Кейбір ғалымдар дария бойында 1000-нан астам мәдени мұраның бар екенін айтады. Айтса айтқандай, олардың санын санап шығу да мүмкін болмай тұр. Соның салдарынан кейбір көне шаһарлар көзден таса қалып, желдің өтімен, жауынның суымен шөгіп барады. Оны жергілікті жұртшылық та байқап жүргенге ұқсайды.
Әлтай ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылының тұрғыны:
– Бала кезімізде Құмиян шаһары бұл бір-бірімен жалғасып, төртбұрышты, биік болып тұратын. Жылдан-жылға аласарып барады. Бұл қаланың тарихта аты бар. Өкінішке қарай, заты жоқ секілді. Осылайша қала жойылып барады. Жергілікті халық аузындағы әңгімеге қарағанда, шаһар Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін құлдыраған.
Біз үшін әрбір мұраның орны ерекше. Өзгенің алдында еңсеміз тік болсын десек, оған енжарлық танытпайық. Өкініштісі, сол қалалардың барлығына зерттеу жұмыстары осыдан қаншама жылдай бұрын жүргізілген. Тәуелсіздік алған жылдардан бері олардың көбі қараусыз қалып тұр. Күні ертең олар жойылып жатса, қаншама құпия сол күйінше ашылмай қалуы да кәдік. Осы жағын ойланып көрелікші...