Коронавирустың үнді штамы аса қауіпті емес – ДСМ
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ-да өткен брифинг барысында коронавирустың әлі түрлі штамы пайда болатынын айтты. Министрдің айтуынша, әзірге Қазақстанда коронавирус инфекциясының үнді штамы анықталған жоқ.
«Коронавирустың әлі де түрлі штамы пайда болады. Бұған көнбеске амал жоқ. Сараптама жұмыстарының нәтижесі бойынша, елімізде коронавирустың үнді штамы анықталған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі түрлі сценарийге дайын. Біз қазір өзге елдердегі, оның ішінде көрші елдердегі жағдайды қадағалап отырмыз. Сырттан келген адамдарды ПТР-анықтамасыз қабылдамайтынымызды айта кеткім келеді. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, үнді штамы анықталған елдерде вирустың контагиозды екені байқалған. Ауру кеңінен таралғанымен, бірақ оның адам ағзасын қатты зақымдап, ауыр жағдайға жеткізетініндей көрсеткіштері жоқ», - деді Алексей Цой.
Айта кетейік, Қазақстан үнді штамы енуіне жол бермес үшін Үндістан мен Мальдив аралдарынан ұшып келген жолаушыларды екі апта үй карантинінде болуға міндеттелді. Бұл ереже Үндістаннан үшінші елдер арқылы келетін азаматтарға да қатысты.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан