Көшеден мина табылды
Алматыдағы Ладыгин және Сүлейменов (Дежнев) көшелерінің қиылысынан мина табылды. Қала тұрғындарының бірі жарылғыш затты көре сала, құтқару қызметіне хабар берген.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарылғыш зат жайлы хабар құтқару қызметіне сейсенбі күні 09 сағат 58 минутта келіп түскен. Ертеңгілік мезгілде үй маңынан күмәнді затты байқаған тұрғын аты-жөнін жария етуден бас тартыпты. Шұғыл әрекет етуші қызметтерді аяғынан тік тұрғызған хабар бұл жолы рас болып шықты. «Арлан» арнайы жасағы оқиға орнына келіп, минаны залалсыз күйінде алып кетті. Жарылғыш зат ТМ-62 танкіге қарсы оқу-жаттығу шараларына арналған инертті мина екен. Оқу-жаттығу мақсатында болғанымен, танкінің шынжыр табанын күл-талқан ете алатын бұл минаның қаупі күшті. 10 келілік жарылғыштағы тротилдің салмағының өзі 7-7,5 келі болады. ТМ-62 атылған кезде, жанасқан жерін 60 градус ыстықпен күйдіріп жібереді екен. Және оның өзге миналар сияқты өзін өзі залалсыздандыратын қасиеті жоқ.