Көшеге «көкесінің» атын беретін күштілердің жолы кесілді
Ономастикада бес жыл уақытша мораторий болғалы біршама мәселенің қордаланып қалғаны белгілі. Дегенмен ұлттық ұстынды айқындайтын осы саланы заңнамалық тұрғыдан дамыту назардан тыс қалмаған. Соған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген заң жобасын кеше Мәжіліс екі оқылым бойынша талқылап, құжатты мақұлдады.
Әлбетте, Тәуелсіздік алғалы бері тарихи шындықтар да қалыпқа келіп, жер-су, елді мекенге қазақтың төл атауын қайтару бойынша ауқымды шаралардың атқарылғаны айқын. Ал уақытша мораторий жариялауға келсек, мұның да өзіндік себебі баршылық. Өйткені ономастика келе-келе ел арасында, ауыл-ауылда көшеге есім беруге қатысты таласты да күшейте түскен. Соның салдарынан артында қалталы іздеушілері бар тұлғаның есімі ономастика комиссиясының келісімінсіз-ақ нысанға, көшеге беріліп, соңы тіпті дау-дамайға айналған олқы оқиғалар да орын алып жатты. Облыстық ономастика комиссияларында атау беру, шешім қабылдау шараларының ашық және тиісті дәрежеде жүзеге асырылмауы салдарынан нысандарға көп жағдайда елге еңбегі сіңбеген, белгісіз адамдардың есімдерін негізсіз беру жағдайлары да белең алған. Көше атауларын бейберекет ауыстыру сәнге айналып, келеңсіз жағдай қоғамның кері пікірін тудырған. Сондықтан да Үкімет еліміздегі ономастика жұмыстарының тарихын зерделей отырып, мәселенің мәнін жүйелі шешу үшін заң жобасын әзірлеуді Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүктеген болатын. Енді сол заң жобасының өрісіне келсек, ең алдымен ономастика комиссияларының құзыреттілігі нақтыланады. «Ономастикалық жұмыс барысында шешім қабылдаудағы жауапкершіліктің сатылы деңгейі енгізілді.
Бұл ретте республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың нысандарына, көшелеріне және қаланың басқа да құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселелері Республикалық ономастикалық комиссия деңгейінде қаралады және одан келісім алу ұсынылады. Сәйкесінше аудандарда, аудандық маңызы бар қалаларда облыстық ономастикалық комиссияның міндетті түрдегі келісімін алу көзделеді», – дейді құжаттың жаңалығын жариялаған мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай. Бұдан бөлек министр ономастикалық шешімдер қабылдауда халықтың пікірі ескерілетініне, ол бойынша ашықтық қағидаты сақталатынына назар аудартады.
Сонымен қатар заң жобасына жергілікті атқарушы органдардың көрнекі ақпаратты рәсімдеу ісі бойынша бақылауды жүргізу құзыреті енгізіледі. Сосын ономастикалық жұмыстардың өлшемдерін белгілеу нормасы да заң жобасына алғаш рет енгізіліп отыр. Атап айтқанда, атау беру және қайта атау жұмыстарын жүргізген кезде тарихи, географиялық, табиғи, мәдени ерекшеліктерді ескеру, әдеби тіл нормаларын сақтау ұсынылады. Бір әкімшілік аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге және елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір реттен артық бермеу көзделеді. «Расында, бір ауданда бірдей аталатын бірнеше ауылдың болуы орынсыз, әртүрлі төтенше жағдайларда, өзге де оқиғаларда қауіпті әрі ыңғайсыз екені бәрімізге түсінікті деп ойлаймын. Ескерте кететін жайт, бұрнағы заңда бір әкімшілік аумақта ұқсас, ортақ атауды қоюға үш ретке дейін рұқсат берілген. Соның салдары ғой, жақында ғана айтылды: бір ауданда Абай даңғылы да, Абай көшесі де бар екен. Жедел жәрдем шақырғанда әлгінің нақтылануы да кейде күрделеніп кетеді екен», – дейді Дархан Қамзабекұлы.
Бұдан бөлек жеке адамның есімі берілген, өзгертілген нысанның атауын ауыстыру қажеттігі туындаған жағдайда мұның тек он жыл өткен соң қайта өзгертуге болатыны көрсетіледі. Ал көрнекті мемлекет, қоғам және ғылым қайраткерлерінің, Қазақстан және әлемдік қоғамдастық алдында еңбегі сіңген басқа да жеке тұлғалардың есімін олар қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң ғана беру ұсынылады.
Сөйтіп, көпшілік көптен күтіп отырған ономастика мәселесін қамтыған құжат Мәжілістің мақұлдауынан өтті. Ендігі құзырет – Сенаттың еншісінде.
Дархан МЫҢБАЙ, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
– Атауды өзгерту туралы шешім әбден пісіп-жетілген, уақыт сынынан өткен болуы қажет. Сосын жергілікті биліктің жағдайына қарап атау өзгермеуі тиіс. Өйткені жер-су атауы – ұрпақтан-ұрпаққа жететін мұра ғана емес, тарихи-танымдық мәні бар, ұлттық салт-сана мен дәстүрдің жалғасы ретінде қызмет ететін ғылыми категория. Елдіктің нышаны, тұтастықтың бір құралы. Өркениетті елдің мәдени деңгейін көрсететін, ғылымы мен білімін насихаттайтын атаулар – ұлттық жадының ұстыны. Олай болса, қабылданатын заңдар сол ұлы міндеттің, сауапты патриоттық істің үдесінен шығуға септігін тигізуі керек деп сенеміз.
Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Заң жобасында ономастика жұмысының ерекшеліктері толық айқындалды. Оларға әкімшілік, әлеуметтік және тарихи сипат берілді. Ономастиканың саяси мәнге ие екені де ескерілді. Жалпы, ономастика ұлттық тіл, ұлттық мүдде, ұлттық рухани құндылықтар секілді сырттан таңылатын өзгерістерге төзе бермейді. Жер-су, әкімшілік бірліктердің ежелден қалыптасқан, сақталған атаулары тарихтың қария-шежіресіндей. Сондықтан оларға енгізілетін әр өзгеріс тарихты қайта редакциялау секілді қабылданады.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Меніңше, атауларды өзгерту мен беруде халықтың пікірін ескеру мәселесі бұрын да болған. Тек оның жолы басқа еді. Мәселенки, қалталы азамат ауылдағы бес-алты белсендіні жинап, оларға сыйлық жасаса болды, жиында әлгілер қалталы ұсынған атауды қолдап, өздері солай шешім қабылдай салатын. Ал бүгінгі құжаттың да жаңалығы шамалы: жиналысқа қатысушылардың 50 пайызы қолдаса болды дегенге саяды. Олай болса, бұрыннан келе жатқан былық келешекте де жалғасуы мүмкін деген сөз. Сол үшін Үкімет атау ауыстырудағы, есім берудегі халықтың пікірін ескерудің нақты тәртібін айқындаса, игі.