Маман көп, бесаспап жоқ
Кәсіби біліктілігі жоғары маман қай кезде де сұранысқа ие екені белгілі. Әсіресе бүгінгідей инновациялық-индустриялық даму бағытын ұстанған еліміз үшін бұл – күн тәртібінен түспеуі тиіс нөмірі бірінші мәселе. Алайда әзірге дефицит мамандықтардың «тайм аут» алып тұрған шағы демеске амал жоқ. Қазекем еңбек рыногындағы сұранысқа қарамай, баласының креслода отырып, көк көйлек киіп, ақ жағалы атануы үшін барын салады десек ешкім жағамыздан ала қоймас. Жағасы кірлеп, кір жұмысты кім істейді сонда?
Өзінің ауылдасынан, көршісінен еш кем еместігіне шүбәсі жоқ қазекем баласын қаптаған заң оқуларына тықпалаумен әлек. Ал баласы бес жылдан кейін жоғары білімді жұмыссыз болып шыға келетінімен шаруасы жоқ тіпті. Қат маманға деген сұранысты азайту түйіншек болып түйілген мәселелердің бірі болып тұрғанына қарамастан, оны шешу жолдары әзірге бұлыңғырлау. Елімізде экономистер мен қаржыгер мамандар нөпір болып жұмыс таппай жүргеніне қарамастан, банк саласына ауадай қажет маман тапшы. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. Қаржыгер болғанда да экспорттық қаржыландырумен айналысатын, яғни шетелдік қаржы ұйымдарымен қоян-қолтық жұмыс істей алатын, істің көзін таба білетін, қаржы тарта алатын кәсіби қаржыгерлер тапшы. Оның үстіне олар бірнеше мамандықты қоса атқаратын әмбебап болуы тиіс. Мәселен, ең алдымен, ағылшын тілінде еркін сөйлеуі тиіс. Ағылшынша ағыза алмайтын, ол тілде нан сұрай алмайтын жағдайдағылар керек емес мұнда. Ең бастысы, келіссөз жүргізе алатындай қабілеті болуы тиіс. Өзі менеджер, өзі банкир, өзі қаржыгер дегендей, әр саладан хабары болуы қажет. Оларға қойылатын талап та өте жоғары. Банк саласындағы тәжірибесі төрт жылдан кем болмауы керек. Несиелік бағыттағы сауда қаржыландырудан сауатты болуы тиіс. Мұндай тиісті талап деңгейінен табылатындар некен-саяқ. Жоғары білікті мұндай маманға айына 300 бен 800 мың теңге аралығында айлық төленеді. Еліміздің асты да, үсті де тұнған байлық, соны игеретін маман тапшы деп Асанқайғының зарын қағатын заман өткен. Дегенмен... Бүгінде жердің астындағы кен байлықтарын індете іздеп, барлау жүргізетін геолог мамандарға деген тапшылық та анық байқалуда.
Оларға қойылатын басты талап та – ағылшын тілінде ағып тұру. Бірақ тіл мәселесіне келгенде тұсалатындар көп. Мейлі ол өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кәнігі маман болса да, тіл білмейтіндігінің кесірінен таудай талабынан айырылады. Бұрыннан осы саланың нанын жеп, несібесін айырған кәсіби геологтердің дені бүгінде зейнетақыға күні түсулі. Ал жұмыс істеп жүргендерінің өзі жасамыс тартқан. Олардың орнын баса қоятындай тәжірибелі мамандар тіптен аз. Тығырықтан шығар жалғыз жол – шетелден маман шақырту. Ол дегеніңіз – кез келген компанияның қалтасын қағу деген сөз. Теңіз кешіп, тау асып келген «импортный» маманыңыздың араны да апан. Айлық-шайлығына ғарыштық баға сұрайды. Қолға түсе бермейтін аса бағалы маман елімізден табыла қалған жағдайда компаниялар оларға 2 миллион 200 мың теңгеге дейін жалақы төлеуге құмбыл.
Бұрын елімізде фармацевтика саласы тұралап тұр деп дабылдайтынбыз. Бүгінде бұл саланың суалған тамырына қан жүгіріп, құдайға шүкір дегізерліктей. Еліміздегі бірнеше фармацевтикалық компания жұмыстарын қарқынды жүргізіп, жыл жылжыған сайын дамып келеді. Осы салаға ауадай қажетті медициналық кеңесшілер жетіспеуде. Оның міндетіне зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми мақалалар жазу, дәрі-дәрмектердің нұсқаулығын сапасына сай етіп жазу кіреді. 450 мың теңгеге дейінгі жоғары жалақысы бар. Сондай-ақ еліміздегі фармацевтика өндірісіндегі ең тапшы мамандардың бірі – дәрі-дәрмектің сапасын бақылаумен, қамтумен айналысатын менеджерлер. Бұл бұрын-соңды елімізде болмаған тосын кәсіп десе де болғандай. Бүгінде дәл осы салада несібесін теріп жеп жүргендердің қарасы қалың емес. «Арпа ішінде – бір бидай» десе де болады. Дәрі-дәрмектің сапасы мен тасымалдануын қоса, атқаратын жауапты маманның жұмысы да жауапты. Айына 700 мыңға жуық теңгені қалтасына басып отырар-ды...
Аталған мамандықты алып шыққандардың дені тек бір саланы ғана жақсылап меңгеруі мүмкін. Алайда бүгінгі заман талабы басқа. Өз кәсібінен бөлек, басқа сала мамандықтарын да бес саусақтай білуі тиіс. Десек те, бізде бар мамандықтың басын қосқан «ассорти» маман аз. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, басқа саладан мүлде хабары жоқ, тек өз кәсібін ғана білетін «наданологтер» жеткілікті. Әрине, зулаған заманның бір кірпіші болып қалану да оңай емес. Сан саланы меңгеріп, жан-жақты болуды қоғам қажет етіп отыр. Демек, әмбебап маман болсаңыз ғана ырзығыңыз артып, кез келген жоғары жалақылы жұмысты шертіп жүріп таңдай аласыз. Маманға мұқтаж мекеме аттай қалап, жалынып шақыратыны сөзсіз онда... Прогрестің, ғылымның дамуын қажет ететін уақытта білімді кадрларды күндіз шам алып іздесең де, таптырмайтын халге жеткеніміз анық. Өзімізден еш артықшылығы жоқ шетелдік маманға көзімізді сатып отырған қазіргі шарасыздықтан шығудың жолы, әрине, кадрлар біліктілігін арттыру. Бірақ қайтіп? Сансыз сауал... Мамандық таңдау мәселесін мектепте шешіп алу қажет сияқты. Оның үстіне тиісті министрліктер сұранысқа ие мамандарды алдын ала нақтылап отырса... Сонда жұмыссыздықтың алдын алуға болар, бәлкім?
Наталья КУРКЧИ, Antal Kazakhstan рекрутингілі компаниясының директоры:
– Нарықтың тоқтаусыз дамуы мен жаңа жұмыс аймақтарының көбеюі қат мамандарға мұқтаждық тудыруда. Онда жұмыс істей алатын, атқаратын жұмысынан хабары бар білікті мамандар тапшылығы сезілуде. Оларды оқытып, дайындап, тәжірибе жинақтату үшін біршама уақыт қажет.
Берік БАҚКЕЛДИЕВ, студент:
– Жоғары оқу орнын бітірген аға-апаларымыздың бүгінде жұмыссыз жүргені көп. Әсіресе ақылы оқуды бітіргендерге тіптен обал. Жұмыс сұрап барғандардан бірден тәжірибең бар ма деп сұрайтын көрінеді. Сонда университетті кеше бітірген жас маман тәжірибені қайда барып жинақтайды? Алдымен осы мәселені шешіп алған дұрыс-ау. Жоғары оқу орындары зауыттармен, фабрикалармен бірлесе жұмыс істеп, тәжірибеден өткізіп отырса... Сосынғысын жыл сайын тапшы мамандарға сұраныс жасап отырса игі болар еді.