Мамандар азайып, бастықтар көбейіп барады
Қазір республика бойынша мемлекеттік қызметкерлер санын 15 пайызға қысқарту жүріп жатыр. Елбасы жарлығында қай мемлекеттік органнан қанша адамның қысқартылатыны нақты көрсетілген. Алайда кей жерлерде «қысқартуды» жеке бас пайдасына тартсақ, енді бір тұста баяғыдан қалған «асыра сілтеушілікке» ұрынған секілдіміз бе, қалай? Кеше Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселені көтерген депутат Сағынбак Тұрсынов «қысқартудағы» тазалықтың қамтылуын талап етіп, Үкімет басшысының атына сауал жолдады.
Депутат қысқартуға қатысты Елбасы жарлығының әділ әрі таза орындалуына баса назар аудару қажеттігін баса айтты. Қолда бар деректерін алға тартқан С. Тоқабайұлы кейбір мемлекеттік органдарда адамдар саны тым көп қысқаратынын айтып, мысалдарын да келтіріп бақты. «Тіпті кейбір облыстарда 70 пайызға дейін қысқартулар жүргізілуде. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданында бір басқарма 70 пайызға қысқарған. Бұрын онда тоғыз адам істесе, жаңа лимит бойынша үш адам қалған», — деді депутат. Сонымен бірге С. Тұрсынов «қысқартуды» желеу еткен жергілікті басшылар ұнамаған адамынан құтылудың, яғни қысқартуды жеке бас пайдасына асырудың құралына айналдырғанын айтып, дабыл қақты. Оның айтуынша, қысқартуға ұшырауы мүмкін қызметкерлер арасында мекемеде 25-30 жыл еңбек еткен, зейнет жасына 1-2 жыл қалған адамдар да кездеседі екен. Тіпті жалғыз басты аналар, жалғыз асыраушы болып отырған азаматтар да «жұмыссыз» қалуы мүмкін. «Тағы бір айта кететін мәселе, қысқартудың «таяғы» тек бас мамандар, жетекші мамандарға тиіп жатыр. Атын айтпай-ақ қояйын, бір министрліктің кеңсесінде бұрын бес адам жұмыс істеген. Қазір екеуі ғана қалған. Ал құжат айналымы үлкен болғандықтан екі маман үлгермейді. Оның есесіне сол жерде бір басқарма бастығы, оның орынбасары, бір бөлім бастығы, оның орынбасары отыр. Сөйтіп, біз нағыз жұмыс жасап отырған мамандарды қысқартып, бастықтарды көбейтіп отырмыз», — деді С. Тұрсынов.
Балаларды медиазорлықтан қорғайтын заң керек!
Соңғы уақытта жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің белең алғаны Мәжіліс депутаттарын да қатты алаңдата бастаса керек. Дәстүрлі сауалдар жолдау барысында депутат Алдан Смайыл осы мәселені көтеріп, жағдайдың тым ушығып кеткеніне алға тартты. «Мектеп жасындағы балалар арасында болған оқиғалар жайында ойланған ләзім. Топқа бөлінісіп қақтығысу, бопсалап ақша жинау, қару жұмсау бір қаланың шеңберінде ғана емес, өңірлердің көпшілігін жайлап кеткен секілді. Мұның сыры неде? Балаларға арналған ақпараттың бақылаусыз кеткендігінде. Аталған мәселенің өзектілігі соншалықты бұл әлемдік деңгейде талайдан бері талқыланып келеді», – дейді депутат Алдан Смайыл. Мәселен, халықаралық жиындарда келтірілген деректерге қарасақ, кабельдік арналар арқылы балалар күніне 17 өлім көріністерін, 37 рет атыс-шабыс, ұрып-соғу секілді қатыгездік түрлерін көреді екен. Бұндай кері әсердің алдын алу үшін АҚШ Конгресі 1954 жылы телезорлықтың әсерін талқыласа, 1972 жылы 50 америка ғалымы медиазорлықтың кәмелетке толмағандарға теріс ықпалын арнайы зерттеп, бес томдық еңбек жазыпты. 2003 жылы АҚШ-та балаларды бейнеойындағы жыныстық қатынас пен зорлықтан қорғау туралы заң қабылданған. Ал 2005 жылы іргеміздегі Ресей телеарналарының бір топ жетекшісі зорлық пен қатыгездікке қарсы хартияға қол қойып, өздері басқаратын арналарда бұған жол бермеуге келіскен. «Осы қадамға біздің телебасшылар барса, құптарлық іс еді. Көптеген өркениетті елдерде балаларды медиазорлықтан қорғайтын заңдар бар. Грузияда 2001 жылы, Украинада 2003 жылы осындай заңдар қабылданды. Бұл қадамға біз де баруға тиіспіз. Сырттан келетін телехабарды сүзгіден өткізу талабына жауапкершілікпен қарайтын кез жетті. Қайсыбір мектептерде орын алған балалар өлімі туралы ойланғанда, ең алдымен, ақпараттық қатыгездікті тоқтату мәселесі толғандыруға тиіс. Сол үшін бізге балаларды медиазорлықтан қорғайтын заң керек», – деп отыр А. Смайыл.
Вице-премьер Мәжіліске келсін
Құқық қорғау саласындағы реформаға сәйкес көші-қон мәселесі Ішкі істер министрлігінің құзырына берілгені белгілі. Алайда бұның өзі қоғамда қызу талқыға түсіп, өзекті тақырыпқа айналғаны шындық. Қазірдің өзінде оралмандар ісімен, көші-қонмен айналысатын қоғамдық ұйымдардың осы төңіректегі сауалдары да жеткілікті екендігі тағы рас. Жұртқа түсінікті ақпарат алу үшін депутат Уәлихан Қалижанның Вице-премьер Өмірзақ Шөкеевті Мәжіліске шақыруы да осы себептен туындаған секілді. «Көші-қон саясатымен қай министрлік айналысады? «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыратын қай мекеме? Квота бөлу мен бейімдеу орталықтарының жұмысы болашақта қалай үйлестірілмек? «Қазақстан бірте-бірте шетелде жүрген қандас бауырларынан бас тартады» деген алыпқашпа әңгіменің ақиқаты қандай? Осы және басқа да көші-қон мәселелері бойынша сауалдарға Мәжілістің келесі отырысына келіп, ауызша жауап берсеңіз», – деді негізгі сұрақтарын бір тізбектеп шыққан У. Қалижан.
Қазақша «СМС» қашан болады?
«Мәжіліс залында Қуанышбек Есекеев (бұрынғы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы – «Алаш айнасы») «ұялы телефондардың негізгі бөлігінде қазақша шрифтпен смс (қысқа хабар) жолдау мүмкіндіктерін қарастырамын» деп уәде еткелі екі жыл өтті. Ұялы телефон қазір жұрттың басым бөлігінде бар. Сонымен қоса күн сайын қазақстандықтар смс-сервисті бірнеше рет пайдаланады. Неге біз мәтінді тергенде ана тілімізді бүлдіріп, ағылшын немесе орыс тіліне жүгінеміз. Бәсекеге қабілетті мемлекет кез келген мәселені өзінің ана тілінде жүргізеді. Сондықтан да ұялы байланыс операторларын смс-ті қазақша жолдауға болатын бағдарламамен қамтамасыз етуге міндеттеу керек», – деді жас депутат Тәңірберген Бердоңғаров.
Жасотандық тісқаққан депутаттың бұл сауалын біршама түсінбей қалғандаймыз. Өйткені өзі де қазақша «тіл сындырып жүрмін» деп өткен шақырылымда айтқан секілді еді. Бірақ сауал жолдауда әлі де орысшадан танбайды. Бүгін де сол. Ұялы оператордан дәметпес бұрын депутаттың өзі де «бәсекеге қабілетті болуды» ойласа керек-ті. Бәлкім, Тәңірберген Маратұлы жақында ғана планшетке ие болған үкіметті сынға алғысы келді ме екен? «Жауабын жазбаша, әйтпесе смс-пен жолдасаңыз да болады», деуі де соны аңғартатындай.
Мәжілісмендер «медиацияның» қазақшасын іздеуге кірісіп кетті
Сауалдардан кейінгі талқыға түскен күн тәртібіндегі 16 мәселенің басым көпшілігі заң жобаларын жұмысқа қабылдап, оларға қорытынды әзірлеуге қатысты болып шықты. Соның бірі Үкіметтен келіп түскен «Медиация туралы» заң жобасы болатын. «Бұл құжат жобасы бүкіл әкімдерге қарап, ұсыныс беру үшін жолданыпты. Олардың екеуі ғана тікелей жауап берсе, қалғанын орынбасарлары, аппарат басшылары атқарыпты. Оның үстіне ешқайсысы ұсыныс айтпапты. Соған қарағанда, қоғамда бұл заң жұмыс істемейтін түрі бар. Біз тура осындай заңдардың көпшілігін қабылдадық, алайда нәтижеден жұрдаймыз. Сондықтан жобаны қайтарып жіберу керек!» Осылай шорт кескен Ирак Елекеев: «Айтпақшы, «медиация» деген не өзі? Мұның қазақшасы жоқ па?» – деп аяқ астынан «сирақ» шығарып кетті. Біршама абыр-сабырдан түсінгеніміз, медиация елімізде тұңғыш рет енгізілмекші екен. Егер заң жобасы жүзеге асса, мұндай институт Орталық Азияда тұңғыш рет енгізілетін көрінеді. «Мұны бітістіру, табыстыру үдерісі деп атаса да болады. Яғни, жәбірленуші мен күдікті істі сотқа жеткізбей-ақ өздері тындыра алады. Біздің бағытымыз да бұған сай. Ұсақ қылмыс жасағандарды бітістіруге жол беру», – деді депутат Рахмет Мұқашев. Ал депутат Алдан Смайыл «медиацияның» қазақ тіліндегі баламасын «пәтуаласу немесе ымыраласу» деп алуға болатынын алға тартады. Дегенмен заң жобасы Мәжіліске енді ғана жұмысқа алынып отыр. Сондықтан Мәжілістің редакциялау және аударма бөлімі «медиацияның» қазақша баламасын табуға білек-сыбана кіріспек ниет танытты.