Мәңгілік двигатель Ақтауда табылды ма?
Ақтаулық өнертапқыш Сәттібай Дүйсенбаев мәңгілік двигатель ойлап таптым деп отыр. Шексіз электр қуатын өндіру үшін бар-жоғы машина майы керек көрінеді.
«Двигательдің иінді білігіне орнатылған қалақ өзінің салмағынан айналып тұрады. Біліктің бойындағы тісті доңғалаққа оралған шынжыр тізбек беріліс қорабын айналдырады. Нәтижесінде генератор іске қосылып, үздіксіз тоқ береді», – дейді өнертапқыш.
Жаңалығы расталып жатса, данышпанға сөзсіз айналғалы тұрған Сәттібайдың мәңгілік двигателі кәдімгі мұнай соратын құрылғыны еске түсіреді. Ғажайып машина тежегішті жіберген бойда өз бетімен істей береді екен. «Құрастыру бағасы өте арзан. Есептеп көріп едім, 750 мың теңгедей керек. Бір азаматтар жарты бағасына да жасап береміз деп отыр. Бірақ, өкінішке қарай, менде ондай ақша жоқ», – дейді өнертапқыш.