Мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыратын болды
Былтырғы жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру мерзімі аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, тізімге жалпы 250 нысан еніп отыр.
«Бірінші кезең аясында декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынған. Осы жылдан бастап бұл тұлғалар жыл сайын табысы мен мүлкі туралы декларацияны тапсыратын болады (270 нысан). Онда есепті күнтізбелік жылы алынған кірістері, салық шегерімдері, мүлкі, Қазақстан Республикасынан тысқары жерде орналасқан шетелдік банктерде банктік шоттардағы ақша, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі мүлікті сатып алу және иеліктен шығару туралы мәліметтер көрсетіледі», − делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, кірістері мен мүлкі туралы декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті» (kgd.gov.kz), eSalyq Аzamat мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ қағаз түрінде мемлекеттік кірістер органдарына немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп қолма-қол тапсыруға немесе пошта арқылы жіберуге болады.
Бірінші кезеңдегі жеке тұлғалар үшін табысы мен мүлкі туралы декларацияны қағаз түрінде 2022 жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей, электронды түрде 2022 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсыру қажет.