Мерекеде ең үздік қазақстандықтардың мерейі өсті
Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 22 жылдығына орай ел алдындағы ерен еңбегі үшін көптеген азаматтар мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарға ие болды. Солардың ішінде 30 адам кеше өз марапаттарын ел Президентінің қолынан алды. Ақорданың салтанат залында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты, сондай-ақ «Бейбітшілік пен прогресс» сыйлығын алғаш рет тапсырған Н.Назарбаев: «Сіздер арқылы мен бұл марапатты оған лайық барлық азаматтарға тапсырғандай боламын», - деп өз алғысын білдірді.
«Қазақта «еңбегіне қарай құрметі» деген қанатты сөз бар. Мемлекеттік сыйлықтың берілуі – Тәуелсіздіктің арқасы. Бұл дәстүр терең сезімге түсіретіні анық. Мемлекеттік сыйлық мемлекеттің өсіп-өркендеуіне өз үлесін жан аямай қосып жүрген азаматтарға беріледі. Оны жеке азаматтың емес, тұтас еліміздің табысы деп санау қажет», – деп өз сөзін бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Бейбітшілік пен прогресс» атты сыйлығын алғашқы иегерге табыстады. Ол – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Олжас Омарұлы еліміздің мәдени-рухани дамуына, халықаралық ынтымақтастыққа зор үлес қосып, шет елдерде Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің үлгісі жайлы үнемі айтып жүреді. Ал, ең бастысы, Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен жүзеге асқан «Невада-Семей» қозғалысы ядролық полигонды жабу ісіне маңызды үлес қосты. Биыл Олжас Сүлейменов 77 жасқа келеді. Соған қарамастан, ұлт ақыны өз қызметін ары қарай жалғастыруға мүдделі. Мұндай мүдделілікке кешегі президенттік сыйлық та әсер еткен болуы керек. «Бұл сыйлықтың атауында («Бейбітшілік пен прогресс» – авт.) үлкен жұмыс, тіпті ауқымды бағдарлама жатыр. Сондықтан мен оны ары қарай жалғастыратын шығармын, Құдай қаласа», – дейді О.Сүлейменов. Ғылым мен техника саласындағы сыйлық алдымен дифференциалдық теңдеулердің бастапқы шекаралық есептер теориясы үшін Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры, академик Тынысбек Кәлменовке тапсырылды.
Медицина саласы бойынша жоғары технологиялық ем әдістерін енгізген Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының ұжымы үздік деп танылды. Оның ішінде басқарма төрағасы Серік Ақшолақов, сондай-ақ бөлім меңгерушілері – Талғат Керімбаев, Ербол Махамбетов, Айса Нұрпейісов, Марат Рабандияров және Нұржан Рыскелдиевтер бар.
Серік АҚШОЛАҚОВ, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы, профессор:
– Осыдан бес жыл бұрын Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының алдына биік мақсат-міндеттер қойылған болатын. Бүгінде оны әлем таниды. Себебі онда дүниежүзінің 40-тан астам технологиясы негізінде ота жасалып, осы уақытқа дейін Орта Азия бойынша жасалмаған операцияларды тәжірибеге енгіздік. Биыл біз медицина саласындағы халықаралық алтын стандартқа ие болдық.
«Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингіне қарасты география институтының ұжымы – директор Ахметқал Медеу, профессор Фарида Ақиянова, зертхана жетекшісі Виктор Благовещенский, бас менеджер Игорь Малковский, бас ғылыми қызметкер Эмиль Нұрмамбетов, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті География және экология ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Әлия Бейсенова мен «Қазтеңізгеофизика» компаниясының кеңесшісі Мирғали Қонаев Президенттің қолынан сыйлық алды. Олардың арқасында еліміздің ұлттық атласы жасалды. Алдағы уақытта оның 3D форматындағы үлгісін жасау жоспарланып отырғанға да ұқсайды. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Смағұл Елубаев, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Сембек Жұмағалив, Ақмола облыстық филармониясы Кенжебек Күмісбеков атындағы халық аспаптар оркестрінің дирижері Дәурен Ғылымов, Мемлекеттік кино құжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатының директоры Алла Сейітова, ҚР Президентінің телерадиокешені компаниясының бас директоры Ерлан Бекқожин, Қазақстан дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов, Құддыс Қожамияров атындағы республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының драма тобының жетекшісі Ялкуньжан Шамиев, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртістері – Тайыр Ғатауов пен Сержан Кәуіков, танымал киноәртіс Венера Нығматулина, «Мюзикола» дуэтының солисі Карина Абдуллина, «Қарақат» мектеп студиясының бас директоры Қарақат Әбілдина, «Астана балет» хореографиялық ұжымының бас балетмейстері Алила Әлішева, сондай-ақ «Елбасы жолы» киноэпопеиясында Н.Назарбаевтың рөлін сомдаған Нұрлан Әлімжанов ие болды. Жас әртіс оның бүгінгі марапатына соңғы ойнаған рөлі де өз септігін тигізді деп ойлайды. Ақордада өткен салтанатты марапаттау рәсімін қорытындылаған Президент: «Мен қазір лауреаттардың тек бір тобына ғана награда тапсырдым, ал бүкіл еліміз бойынша жоғары атаққа лайықты басқа да азаматтар менің атымнан марапатталатын болады. Сіздермен бірге барлығын еңбек етіп алған мемлекеттік наградаларымен және сыйлықтарымен құттықтаймын. Бүгінгі күні ел алдындағы қызметі мен қажырлы еңбегі үшін бүкіл республика бойынша бір жарым мыңнан астам қазақстандық ордендермен және медальдармен марапатталды. Қазақстанның Тәуелсіздіктің 22 жылы ішінде қол жеткізген барлық табыстары мен жетістіктері барша қазақстандықтардың қызметіне негізделеді, өйткені әркім өзінің жұмыс бөлігінде республиканы дамытуға бір түйір болса да үлесін қосты. Біздегі ішкі тұрақтылық, төзімділік, түсініктік пен достық елімізді дамыту үшін жаhандық және мызғымайтын мәнге ие. Сондықтан біз ең үздік деген қазақстандықтардың еңбегін бағаладық деп ойлаймын. Сіздер Отанымыздың – Қазақстан Республикасының даңқын шығара отырып, басқаларға үлгі көрсетесіздер деп сенемін», – деді Н.Назарбаев.