Н. Назарбаев: 10 жылдан соң барлық мектеп бітірушілер 100% қазақша сөйлеп шығарына сенемін

Н. Назарбаев: 10 жылдан соң барлық мектеп бітірушілер 100% қазақша сөйлеп шығарына сенемін

Қазақстан халқы Ассамблеясының кешегі өткен XVII сессиясы «Тәуелсіз Қазақстан: Бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаз­дықтың 20 жылы» атты тақырыпты қамтыды. Елбасы – Ас­сам­блея төрағасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың жетек­ші­лігімен өткен жиын бары­сын­да береке мен бірліктің бастауына қатысты мәселелер талқыланды.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, сондай-ақ биыл­дан бастап жаңа тұрпатта тойланатын 1 Мамыр мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған алқалы жиынның көтерер маңызы зор болатыны түсінікті. Ассамблея мүшелері алдында сөз алған оның төрағасы да кіріспе сөзін осы екі айтулы мерекемен ұштастыра сөйледі. «Тәуелсіздік алған тұста біз таңдауы қиын жолайрықта тұрдық. Біз сол күрделі кезеңде өміршең жолға түсіп, берекелі болашағымызды бекем бірлікпен байла­ныс­тырдық. «Тату елде тыныштық орнайды, бейбіт елде бе­реке болады» деген. Біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге негізделген парасатты саясат жүргізгенімізді сара уақыттың өзі дәлелдеп берді. Біз 100 жылға тати­тын 20 жылда ортақ жауапкершілік жолымен жүріп өттік. Ірі белестерді бірге бағындыра білдік. Мызғымас мем­лекетімізді бекемдей түстік. Тұрақтылықтың бірегей үлгі­сін танытып, дамудың қазақстандық жолын айқын­дадық. Мұның бәрі бізге өздігінен, оңай келген жоқ. Осы жылдары татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі бол­ған Ассамблея еліміздің дамуына үлес қосты, әлі де қо­сып келеді», – деді Елбасы.  Бұдан кейін  1 Мамыр мереке­сінің ендігі мерейіне тоқталған Елбасы 1 Мамыр ел эт­нос­та­рын одан сайын жақындастыра түсетініне, оның ел­де­гі ең басты мерекенің бірі болатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Елбасы өз сөзінде Қазақ­станда тұратын этнос өкілдеріне олардың тілі мен мәдениетін сақтауға барлық жағдайлар жасалып жатқанды­ғына мән беріп өтті. 22 түрлі этностың тілі бүгінгі күні өзіндік оқу пәні ретінде 180 мектепте оқытылса, 88 мектеп өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілдерінде сабақ өткізеді. 33 мамандандырылған мектеп «үштұғырлы тіл» қағидатымен қызмет етеді. «Қазақстанның жетістігі қашанда біздің шетелдік отандастарымыздың назарында. Бүгінгі күні олардың көп­шілігі атамекеніне оралып, өздерінің әлеуетін тек туған Отанында ғана жүзеге асыра алатындарын түсінуде. Соңғы бес жылдың ішінде ғана бізге әртүрлі себептермен шетел асқан ондаған мың отандастарымыз оралды. Мен мұнда орал­мандар туралы айтып отырған жоқ­пын, ол бөлек әңгіме. Мұндағы негізгі әңгіме Қазақстанға қайта оралған 4,5 мыңнан астам орыс, 5 мыңнан астам неміс туралы болып отыр. Тіпті шетелде қалғандардың арасында олардың көп­шілігі Қазақстан туралы, өздерінің туған Отаны туралы ең ыстық сезімдерін сақ­тап отыр», – деді Елбасы. Сонымен қа­тар Нұрсұлтан Әбішұлы өткен 20 жыл ішін­де әртүрлі сенім ағымындағы қазақ­стан­дықтарға теңдей мүмкіндік жасал­ғанын, соның нәтижесінде діни бірлес­тік­тер саны 700-ден 4,5 мыңға жеткен­дігін атап өтті. «Біз достықтың бірегей үлгісін құрдық, енді оны сыртқы қатер­лерден сақтауымыз керек. Жалпы, қақ­тығыс деген қайдан шығады? Құдайсыз­дықтан, ашкөздіктен туады. Құдайдан түскен кітаптарды оқысаңыз, дәстүрлі конфес­сиялардың бірде-біреуі зорлық­ты уағыз­дамайды. Қазақстанда сенім негі­зіне қарай қастық ойлау жоқ. Бір қызы­ғы, әлемдегі дәстүрлі діндердің ешқай­сы­сы да біздің ұлы даламызда тумаған еді. Бірақ дәл осы ұлы далада шынайы, бейбіт рух өзінің нағыз ме­кеніне ор­нықты», – деді Президент.
Ассамблеяға стратегиялық құжат қажет
Бұдан бөлек, Н.Назарбаев ұлтаралық келісім үшін алдағы уақытта да атқары­луы тиіс шараларды тізіп шықты. Ең алдымен – жалпыұлттық бірлікті нығай­ту жолындағы жұмыстарды жалғастыру. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы өздерінің 2020 жылға де­йін­гі даму стратегиясы жобасын әзір­леп отыр. Президенттің пікірінше, дәл осы құжатта қазақ елінің толеранттық моделінің ерекшелігіне жауап берілуі шарт. Сонымен қатар Ассамблеяның барлық құрылымы ең бірінші кезекте қазақстандық жастарды бейбітшілік пен келісімнің жоғары жауапкершілік сезіміне тәрбиелеуі тиіс. Бұдан бөлек, Президент Ассамблеяның басым бағыт­тарының бірі ретінде барлық этностарға қазақ тілін меңгеруге қолдау көрсетуді, елімізде тұратын барлық ұлыстардың мәдениеті, дәстүрі мен тілін сақтау жұ­мыс­тарын жалғастыруды тапсырды. «Қоғам­­дағы ұлттық келісім мен тұрақ­ты­лықтың нығаюы үшін мен осы жылдар ішінде барлық мәселемен айналысып келемін. Өйткені мұндай тұрақтылықсыз экономикалық өсім де, бірлік те бол­майды. Сондықтан да бұл мәселелер әр­бір министрдің де, әкімнің де ұдайы на­зарында болуы шарт. Сонда ғана Қа­зақстанның тұрақтылығын сақтай ала­мыз. Бұл бағытта Ассамблея хатшылығы Пре­зидент Әкімшілігімен бірлесе оты­рып 2020 жылға дейінгі Ассамблея стра­тегиясын әзірлеп менің бекітуіме ұсын­сын», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Соны­мен қатар Қазақстанның этномә­дени орталықтарын инновациялық-ин­дус­трияландыру идеясына, келешектегі тех­нологиялық секіріске жұмылуға ша­қырды. Мемлекет басшысы сөзінің со­ңында халықтың саяси ерік-жігері мен отансүйгіштік қасиеттерін ортақ мақсат­тарға жұмылдыру арқылы дамудың жаңа деңгейіне көтерілу қажеттігін еске салып, осындай жағдайда тарихи өл­шем­дегі ұлы жобаларды іске асыруға қабі­лет жететінін атап көрсетті. «Қазақ­стан­ды, қазақты достықтың киелі ша­ңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде баршаңызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің талайлы тағдырымызды тұтасты­ра­тын шежірелі тарихымыз, ол – біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз. Біздің жасам­паз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуі тиіс. Сондықтан да біз тамырын тереңге тартып, Тәуелсіздікпен бірге мәуесін жайған тарихи танымды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет», – деді Ел­басы. Сонымен қатар Президент ел бір­лігін еселейтін мұндай құндылықтар­дың отаншылдық сезімін ұлықтайтынына да назар аударды. Сонда Тәуелсіздігіміз мәңгі, ұлысымыз ырысты болады. «Бұл ретте Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ме­рей­лі меже ғана емес, болашаққа бағ­дар болатын лайықты белес. Еңсе тіктеген еліміздің алдында ұлан асу, биік белестер тұр. Сондықтан да бүгінгі сес­сияда өзекті мәселелер талқыланып, келелі ойлар айтылатынына сенім мол. Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі болсын», – деп аяқ­тады сөзін Н.Назарбаев.
Бізді біріктіретін қазақ тілі болуы тиіс
Мемлекет басшысының сөзінен кейін Ассамблея мүшелері болашақ бағ­дарға, стратегиялық жоспарына қатыс­ты пікірлерін айтып, алдағы мұрат­тар жолында атқарылар шараларды пы­сықтап шықты. Жиын барысында Ас­сам­блея сессиясына қатысушылар арнайы үндеу қабылдап, соңынан Төра­ға Нұрсұлтан Әбішұлына қоғамдық һәм халықтық награда ретінде Ассамблеяның «Бірлік» атты алтын медалі табыс етілді. «Қазақтың тарихындағы болмаған Тәуел­сіздікке қол жеткізіп отырмыз. Біз­дің буынға осындай қасиетті ұғымға сүй­сініп, осындай қасиетті шараға жұ­мыс істеу жазылыпты. Сондықтан да біз бақытты ұрпақпыз. Қазақстан этнос­та­рының бірлігі, тыныштығы түптеп кел­генде қазақ халқының болашағына қажет. Оның ішінде қазақтың өзінің ішкі бірлігі керек. Тарихи қалыптасқан көп­ұлт­ты халықтардың барлығына Қазақ елі бас халық болып, ұйытқы болып, дүние еліне үлгі танытып отырмыз. Осы идеяны жастарға аманаттау керек. Америка­лықтарға қарасаңыз, оларды біріктіретін бір ғана нәрсе – ағылшын тілі. Бізді де біріктіретін нәрсе – қазақ тілі. Мұнда бас­қа тілдерді жаншып, қазақ тілінің үстем­дігін ғана арттыру туралы мәселе қойылып отырған жоқ. Қайта ұлттарды тілдік бірлік арқылы біріктіру мәселесі қойылып отыр. Осы бағыттан жаңылмасақ, түбінде біз бір ел, бір жұрт, бір халық болып шығамыз. Мен соған се­немін», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы сес­с­ия жұмысын аяқтап тұрып сөйлеген сөзінде.

Камал Бұрханов, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Ассамблея сессиясының бұл жолғысы өзгесінен ерекше болды. Биыл – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Бұл – бір, екін­шіден, Ассамблея сессиясы бұған дейін күзде не қыста өтіп келді. Ал биыл 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтуде. Елбасы «1 Мамырға қарай өткізуді дәстүрге айналдыру керек» деп атап өтті. Өйткені үлкен мерекенің алдында Ассамблея сессия­сының өткені өте дұрыс шешім болды. Сессияның бүгін болуы да ертерек, негізінен, дәл мерекеге жақын өткіз­геніміз жөн. Сессияның тағы бір ерекшелігі – атал­мыш шараның кезектен тыс прези­денттік сайлаудан ке­йін іле-шала өтуі.
Бақытжан Сағынтаев, Павлодар облысының әкімі:
– Менің ойымша, Елбасының Ассамблея сессиясында берген тапсырмаларының ішіндегі ең маңыздысы – тілге қатысты айтқаны. Ол «Қазақстандағы барлық ұлттардың басын қосатын дүние – тіл» деді. Егер де осы елді таңдап, осы елді шын жүрегімен сүйетін болса, онда ол ұлтты біріктіруші тіл – қазақ тілін білуі керек. Егер қазақ тілін мо­йындап, соған бойсұнатын болса, онда ол ұлттың өзі­нің де тілі дамиды, қазаққа да құрмет көрсеткендігі.
Асылы Осман, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Қазақ деген дана халық айтады ғой, «Тең атаның балалары теңдікке шыдағанымен, кемдікке шыдамайды» деп. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясын құруда­ғы мақсаты – қазақ даласындағы халықтарды теңдікте ұстау. Теңдік мақсатында құрылған Ассамблеямыз кейде өздерінің мүддесін күйттеп кететіні бар. Қазақстанда барлық жағдай жасалған, оларға не жетпейді? Қазір әлем Қазақстанды мойындап, үлгі алып отыр. Ненің ар­қасында? Біріншіден, қазақ деген халықтың ешкімді бө­ліп-жармайтын кеңдігінің арқасында. Одан кейін менің Ел­басым – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сол қазақ­тан рухтанған, сол қазақтың бойынан жинап алған асыл қасиетінің арқасында.
Елбасы қазақ тілінің мәселесін жыл сайынғы Ассам­блея сессиясында айтады. Содан бері ептеген жылжуы­мыз бар, бірақ қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде әлі де болса өзінің тұғырына қонбай отыр. Енді осы Ассамблея түрткі болып, Елбасымыздың айтқанын орындасақ бола­ды ғой. Алайда әлі ойдағыдай дәрежеге жеткен жоқ­пыз. Оған себеп – тіліміздің қажеттілігін арттырмай отыр­мыз. Сұраныс пен талап болмай тұр. Неге біз Пре­зидент болу үшін кандидаттардан ғана қазақ тілінен ем­ти­х­ан аламыз? Неге министр болғысы келетіндерден ал­маймыз? Осы тұрғыдан қазақ тіліне деген сұранысты арт­тырып, қажеттілік тудыруымыз керек.
Пікірлерді жинаған Салтан СӘКЕН

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста