Наурыз тойланбайды: Әкімдіктер ақшаны қайда жұмсап жатыр?
Нұр-Сұлтанда «Тәуелсіздіктің 30-шы Наурызы» байқау өткізіледі.
Биыл Наурыз мейрамын тойлауға ең бірінші қамданған – Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Кәсіпорын 19 қаңтарда мемлекеттік сатып алу сайтында Наурыз айында іс-шаралар өткізу туралы ашық конкурс жариялаған. Конкурстың атауы – Наурыз мейрамына арналған «Тәуелсіздіктің 30-шы Наурызы» тақырыбындағы мерекені өткізу. Оған бюджеттен 7 миллионға жуық теңге бөлінген.
Іс-шаралар психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға және психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан және I және II топтағы мүгедектерге, егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға арналған.
Шаралар 31 наурызға дейін қашықтан өткізілуі керек. Өткізілетін шаралар мен өнім берушіге қойылған талап:
Мүгедек балалар арасында сурет байқауын өткізу. Жеңімпаздарға 50 дана энциклопедия және жас ерекшелігі мен диагнозынескере отырып, оқу және дамытушы әдебиеттер табысталуы керек.
I және II топтағы мүгедектерге, егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ азаматтар арасында қолөнер, кесте тігу, өлең оқу, әндер мен музыкалық нөмірлер орындау және тағы басқа байқауын өткізу. Конкурс жеңімпаздарына 50 дана қолшатыр табысталуы керек.
«Шарапат» орталығының үздік бөліміне конкурс өткізу және оның қорытындысы бойынша бөлімшелердің жылдық нәтижесі (бөлім қызметіндегі инновациялық технологиялар, қызмет көрсету сапасы, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысу) ескеріліп жеңімпазды анықтау. Жеңімпаз бөлімше дипломмен және ноутбукпен (4 дана) марапатталуы керек.
Орталықтың логотипі бар, қағаз тұтқалары бар пакеттер дайындау.
Жалғызбасты қарттарға арналған сыйлық (480 дана төсек жапқыш) және оны безендіру.
Балаларға сыйлыққа 560 дана гимнастикалық массаж добы және оны безендіру.
Өнім беруші іс-шара аяқталғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде фотоматериалдар мен шығармашылық есеп беруі керек.
Атырауда киіз үйлер тігіліп, көже мен бауырсақ таратылады
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі 20-22 наурызда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Наурыз» мейрамын тойламақшы. Оған облыстық бюджеттен 1,3 миллионнан астам теңге бөлінген.
Іс-шара этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, қала тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен өткізіледі.
Мерекелік шарада 16 қанаттан құралған ағаш киіз үй тігіліп, 50 литр «Наурыз көже» және 25 келі ұннан дайындалған ыстық бауырсақ беріледі. Сонымен бірге көшеде дыбыс аппаратурасы қойылып, әлем халықтарының әні мен музыкасы ойналады, концерт болады. Мерекені қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейтін қыз бен жігіт жүргізеді. Баннер қойылып, аниматорлар мен глашатыйлар шақырылады.
Киіз үйлердің ішіне сандық, домбыра, қамшы, бесік, қоржын, кебеже, алаша, көрпешелер мен сырмақ қойылады.
Ақтау мерекеге орай безендіріледі
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі 8 наурыз бен Наурыз мейрамына орай қаланы безендіруге 4,7 миллионға жуық теңге жұмсаған. Мекеме мемлекеттік сатып алу сайытында «Apple City 1» ЖШС-мен келісімшартқа отырған.
Шарт бойынша қала былай безендірілуі керек:
Билбордтарды баннерлермен безендіру (20 дана баннер);
Кермелі баннерлерді дайындау және орнату (әр мерекеге 2 дана кермелі баннер)
Тұрғырларға мемлекеттік ту ілу (90 дана);
«Салют» кәрзеңкесін безендіру (7 дана);
18 тутұғырлы кәрзеңкені безендіру (14 дана кәрзеңке);
12 тутұғырлы кәрзеңкені безендіру (13 дана кәрзеңке);
8 наурызға арналған безендірілген заттар 2 күн ғана тұруы керек (монтаждау жұмысы 6 наурызда басталып, 7 наурызда аяқталуы керек. Демонтаждау 9 наурызда басталып, 10 наурызда бітуі керек).
21-23 наурыз – Наурыз мейрамындағы безендірілген заттар 24 күн тұрады. Мұнда монтаждау жұмысы 11 наурызда басталып, 13 наурыз бітеді, демонтаждау жұмысы 27 наурыз басталып, 30 наурыз бітуі керек.
Тендер баға ұсыныстары тәсілімен өткізілді.
Айта кетейік, Қарағанды облысы Қарқаралы қаласы әкімінің аппараты да қаласын мерекеге орай 4,6 миллионға жуық теңгеге безендіргісі келді. Бірақ, сатып алу болмады, тіпті, қызметтің техникалық сипаттамасы да өшірілген.
Нұр-Сұлтан әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі 1,7 миллионға жуық теңгеге Достық үйінде Наурыз мейрамын тойламақшы.
aikyn.kz