Назарбаев Талғат Бегелдиновтің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев даңқты ұшқыш, екі мәрте Кеңес одағының батыры Талғат Бигелдиновтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Талғат Жақыпбекұлының ел басына күн туған қиын шақта Отанды сүюдің, ерлік пен әскери шеберліктің таңғажайып үлгісін көрсете білгенін, сол арқылы өзін де, халқымызды да өшпес даңққа бөлегенін атап өткен.
"Бейбіт өмірге оралғаннан кейін ол азаматтық авиация және құрылыс салаларында жемісті еңбек етіп, жоғары ұйымдастырушылық және биік адамгершілік қасиеттерімен өзгелерге үлгі бола білді. Халқымыз Талғат Бигелдиновті ерекше мақтан тұтты, дүние есігін ашқан мыңдаған сәбилерге есімін берді. Олардың көбі батыр ағасына еліктеп, білікті маман, жақсы азамат болып өсті", - делінген жеделхатта.
Елбасы қаһарман отандасымыздың есімі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын, оның атындағы көшелер мен мектептер және ескерткіштер, кітаптар, фильмдер батыр есімін ұдайы есімізге салып отыратынын атап көрсетті.
Еске сала кетейік, 10 қарашаға қараған түні даңқты ұшқыш, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов 93 жасқа қараған шағында Алматыда қайтыс болды. Қазір әкімдік оның жаназасы мен жерлеу рәсімін өткізу мәселесін шешіп жатыр. Қашан және қай жерде өткізілетіні әлі анықталған жоқ.