Нұр-Сұлтанда 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында қоғамдық көліктер тоқтайды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.
"30 наурыз бен 5 сәуір аралығында қоғамдық көліктер тоқтайды. Автопарк жұмысшыларының денсаулығы тексеріледі", - деді әкім қалалықтарға үндеуінде.
Ол Нұр-Сұлтанда коронавирустан бір адам қайтыс болғанын еске салып, марқұмның отбасына көңіл айтты.
"Бұл оқиға инфекцияның қаншалықты қауіпті екенін тағы бір рет көрсетті. Ол аурухананы қазір карантинге жаптық, кейбір дәрігерлер де карантинге жатты. Тағы бір карантинге жабылған нысан – ол №1 автобус паркі. Мониторинг барысында аталған мекеменің жұмысшысы вирус жұқтырғаны анықталды. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін автопарк жұмысшылары тексерістен өтеді. Мекеме аумағына және автобустарға дезинфекция жұмыстарын жүргіздік", - деді Көлгінов.
Ол 30 наурыз бен 5 сәуір аралығы жұмыссыз апта болып жарияланғанын хабарлады. Медицина, құқық қорғау және қала өмірін қамтамасыз ететін коммуналдық шаруашылық қызметкерлері жұмысын жалғастыра береді. Азық-түлік алуға, дәріханаларға баруға, медициналық қызмет алуға және рұқсат етілгендерге жұмысқа баруға ғана рұқсат етіледі. Басқаның бәрі шектеледі, үйден шығуға болмайды.
"Бір айта кететіні, бұл енді жай ғана өтініш емес, әрбір адам қатаң сақтауы тиіс төтенше жағдайдың тәртібі. Енді қала көшелерін патрульдік қызмет қадағалайды. Әлдекімнің жауапсыздығы басқа адамдардың өміріне қауіп болмауы тиіс!", - деді атап өтті қала басшысы.
Соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда 150 адам коронавирус жұқтырды. Оның 75-сі Нұр-Сұлтан қаласында.
Алтай Көлгіновтің сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден оқи аласыз.