Нұрсұлтан Назарбаев: Бірлік мығым болмайынша, келешекте мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес
Кәмелетке толып, кемеліне келген Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы кеше Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өтті. Қазақстан Президенті, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен өткен жиын «Қазақстан-2050» cтратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты тақырыпты қамтыған болатын.
Алдымен мерейтойлық сессияның тақырыбына келсек, Елбасының былтырғы желтоқсан айындағы стратегиясы жарияланғаннан кейінгі жалпыұлттық деңгейдегі жиынның алғашқысы – осы. Шындығында, болашақты бағдарлаған ел дамуының темірқазығы саналатын стратегия, ең алдымен, ұлттың бірлігін, елдің ірілігін қажет етеді. Сондай-ақ Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясының түпқазығы ретінде ел бірлігі алынғаны бекер емес. Екіншіден, мәселенің аса маңыздылығын Елбасы былай түсіндірді: «Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті. Бүгінде олар тегі басқа болғанымен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен, жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елінің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді, әр уақытта. Осылай елдігіміздің ертеңі ошақтың үштағаны секілді «бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып отыр». Бұдан әрі Елбасы кәмелетке толған Қазақстан халқы Ассамблеясының жүріп өткен жолдарына да көз жүгіртті. Айтуынша, ел Тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде бірлігіміздің бастауы болып, қолымызбен құрған Ассамблея 18 жылда өзінің өміршеңдігін көрсетіп, біздің бейбіт қоғамның ажырамас бөлігіне айналған. Елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы бола алды. Ең бастысы, Қазақстан этникааралық қақтығыстардан ада территорияға айналды. Этникааралық тұрақтылықтың арқасында экономикалық-әлеуметтік табысқа қол жетті. Ендеше, Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Бүгін біз Ассамблея дегеніміз – бұл барша Қазақстан халқы, 17 млн қазақстандықтар деп айта аламыз. Расында, Ассамблея – тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің берік іргетасы. Оның тарихы елдің тарихына айналып отырғаны да соның айғағы», – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Әлемдегі ахуалдың экономикаға ғана емес, этномәдени жағдайға да әсері бар
Бір анығы, әлемдегі алмағайып заманда ұлтаралық татулықты тірек етпей, алға жылжу еш мүмкін емес. Сондықтан да сөз барысында Мемлекет басшысы әдеттегідей әлемдік жағдаяттарды саралап, оған қатысты өз ойын да ортаға салып өтті. «Бүгінгі таңда әлемдік экономикада үлкен болжаусыздық орын алып келеді. Ең дамыған елдердің рейтингі түсіп, рецессияның жаңа толқынын күту күшейіп келеді. Өткенде Кипрдегі орын алған оқиға қарапайым азаматтардың өміріне тікелей әсер ететін қаржылық тәуекелдің қаншалықты ауқымды болатынын көрсеткендей. Бұл – бізге де соғылған дабыл белгісі. Өйткені әлемдегі экономикалық жағдай экономикаға ғана емес, этномәдени жағдайға да әсер етеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының сөзіне қарағанда, қазіргі дәуірдің басты парадоксы – әлемде бір мезетте екі үдеріс белең алып келеді. Мұның бірі бірегейленуге қарай болса, екіншісі – одан сайын алуан түрлілікке бет бұру. «Еуропаның өзіне миллиондаған мигранттар келді. Оның біріне мұндай үдеріс табиғи құбылыс болса, екіншісіне катастрофалық болып тұр. Бұл ретте мультимәдениеттіліктің бұған дейінгі практикасы өзін-өзі тауысқаны байқалады. Мигранттардың ағыны нәтижесінде Еуропа өзін-өзі құрдымға кетіретіні туралы пікірлер де баршылық. Әйткенмен айқын мемлекеттік стратегия болса, ұлттың ерік-жігері болса, алуан түрліліктің біртұтастығы бір-біріне қайшы болмай, керісінше, бірін-бірі толықтырып тұратынына сенімдімін», – деді Елбасы. Дәл осындай саясаттың Қазақстан халқы Ассамблеясының бүкіл сессиялары барысында жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Ондай саясат толығымен өзін ақтады да.
Ассамблея, ең алдымен, қазақ үшін керек
Тоқтала кететін жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына Мемлекет басшысы қол қойып бекіткен болатын. Бұл тұжырымдаманы да, «Қазақстан-2050» стратегиясын орындауда да қаперде болатын басты дүние бар. Бұл – қоғамның алуан түрлілігін өз пайдасына жарату. Сондықтан да ендігі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда жалпы азаматтық, саясатүстілік, жалпыхалықтық институтқа айналуы керек. Ендеше, ХХІ ғасырда Ассамблея миссиясы тарылмайды, керісінше, кеңейе түседі. «Өкінішке қарай, кейбір азаматтар, тіпті шенеуніктердің кейбірі де мұны дұрыс түсінбейтін тәрізді. Ассамблеяны этникалық азшылық өкілдігі ретінде қарайтындар да бар. Түсінбейтіндерге, түсінгісі келмейтіндерге қаратып тағы айтайын: оны БҰҰ, ЕҚЫҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңес, Бүкілхалықтық өкілдер Ассамблеясы мойындады. Сондықтан да мен Ассамблеяға төрағалық етіп келемін, сондықтан да мен Ассамблея, бұл – еліміздің 17 миллион тұрғыны деп атадым», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Одан да негізгісі: Ассамблея бұл қазақтың өзі үшін керек. Өйткені Ассамблеяның ең басты міндеті – елдегі қоғамдық келісім. Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. «Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде, ең алдымен, қазаққа керек. Бірлігі мықты болмайынша, келешекте мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымызда «тар жерде табысқан, кең жерде кеңеседі» деген сөз бар. Тар замандарда қазақ құшағына алған өзге ұлт өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды», – деді Мемлекет басшысы.
Достық үйлерінің мәртебесін арттыру қажет
Жиын барысында Төраға Нұрсұлтан Әбішұлы Ассамблеяның 2020 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасынан туындайтын міндеттерді де айқындап берді. Жаңа стратегиялық құжаттың мәні – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік. «Ең алдымен, облыс әкімдеріне өңірлік Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жүктеледі. Бұл жерде этнодемографиялық құрылымның жергілікті ерекшеліктері де есепке алынуы керек. Екіншіден, қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалар орталығы ретінде Достық үйлерінің тиімділігін арттырған ләзім. Мұндай Достық үйлері барлық өңірлерде болуы шарт. Әрине, оңай шаруа емес, қаражатты қажет етеді. Дегенмен, бұл қажет, оның үстіне Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім үшін ешқандай да қаражат ауыртпалық етпейді», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев Достық үйлері директорларының республикалық әдістемелік кеңесін құруды да жүктеді. Олардың бейбітшілік пен келісімнің өңірлік орталығы ретіндегі құқықтық мәртебесі айқындалуы тиістігін де алға тартты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Ассамблеяның жұмысы әрбір қазақстандыққа, оның ішінде еліміздің әр жасына жетуі тиіс екеніне де тоқталды. Президенттің айтуынша, жастарды Ассамблеяның барлық деңгейдегі жұмыстарына, қоғамдық келісімді қалыптастыру шараларына барынша тартқан маңызды. «Ең бастысы, әкелеріміз бізге қалдырған өзара түсіністік, толеранттылық пен достық ұғымын балаларымызға, немерелерімізге жеткізу – біздің парызымыз. Ал осы үдеріске қатысқан жастар өзін-өзі тәрбиелеп шығады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Интеллигенция ғана қоғамды топтастырудың рухани үдерісіне басшылық жасай алады
Сессия барысында Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық бірлікті нығайту жөнінде бірқатар міндеттерді де атап көрсетті. Бұл ретте Елбасы қазақ халқы Қазақстандағы барлық этностық, әлеуметтік топтар үшін ұлттық мемлекеттік қауымдастықтың қуатты тарихи діңі болып табылатынына тоқталды. «Біз қазақ әлемінің тарихи тұрғыда ешқашан тар моноэтносты және мономәдениетті болмағанын білеміз. Біз ешқашан да әлемдік өркениет үдерісінен бөлек дамыған емеспіз. Одан да бетер біздің ата-бабаларымыз осынау әлемдік үдерісті өздері қалыптастырды! Біздің Қазақстанда тұратын барлық этностық топтармен Еуразия ауқымында талай ғасырлар бірлесе өмір сүріп жатқанымызды атап көрсету қажет. Біздің ата-бабаларымыз әлемге мәдениет пен руханилықтың қуаттандырушы үлгілерін көрсетті, біздер олардың істерін жалғастыруымыз керек! Қазіргі заманғы қазақтар ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс», – деді Н. Назарбаев. Елбасы тоқталған екінші маңызды міндет – ұлттар үшін ортақ тарихи сана-сезімнің қажеттігі. Бұл тұрғыда Президент ұлттық рухты тиісті биіктікке көтеру үшін алдымен шынайы тарихтың, мәдениеттің, діннің қандай екенін айқын сезінген абзал болатынын жеткізді. Қазақтардың ұлттық тарихы, олардың этногенезі мыңдаған жылдарға созылған бірегей ажырамайтын үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс.
Үшінші басты міндет – барынша күш-жігермен қазақтың ішкі бірлігін нығайту. «Қазақтың зиялы қауымы менің сөзімді естісін. Қазақстан – біздің жеріміз, біз – өз жеріміздің перзентіміз. Ал ақиқат қарапайым: қазақтардың белсенді араласуынсыз Қазақстанда ешқандай ұзақ мерзімді қоғамдық келісімнің болуы мүмкін емес. Бұл жер әрқашан да біздің ата-бабаларымыздың жері болған. Ол енді біздің ұрпақтарымыздың жері болмақ. Біз өз жеріміздегі бейбіт өмір үшін тікелей жауаптымыз. Толеранттылық – ұлттық құндылық және Қазақстан халқының игілігі болып табылады. Ол қазақ халқының көпғасырлық дәстүрлері мен мәдени үлгі-қалыптары негізінде қалыптасты. «Ел-жұрт», «жеті ата», «қонақжайлылық», «асар», «сыйластық», «сабырлылық» – бұл ұғымдар қазақтардың дүниетанымы және өмір салттарының негізінде жатыр. Осындай құндылықтардың арқасында біздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен тыныштық сақталып отыр», – деді Н.Назарбаев.
Қазақстанда Тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтқан жоқ
Тіл мәселесіне тоқталғанда Елбасы, ең алдымен, Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстандағы тілдердің, мәдениеттер мен салт-дәстүрлердің этностық көптүрлілігі сенімді үндестікке, өзіне тән реңктер мен әсемдіктер молшылығына ие болғанын жеткізді. Ал әлемде күн сайын 10-нан 25-ке дейін жазулар мен тілдер жойылып, этностық мәдениеттердің бүтіндей бір қатпарлары келмеске кетіп жатқан тұста, Қазақстан тіпті ең шағын этностық топтар: ассириялықтардың, рутулдардың, лактардың және басқа да топтардың мәдениеттерін ұқыптылықпен сақтап, оларды дамыту үшін барлық мүмкіндіктер жасауда. «Әрине, осы этностық әралуандықтың бәрі біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы цемент қажет. Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып отыр», – деп түйіндеді сөзін Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, сөз арасында «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағытының негізінде елдің болашақ бейнесін қалыптастыру жайында сөз болып, қазақстандық бірлік формуласын нақты істер төңірегінде қалыптастыру жайы айтылды. Президент жаһандық трендтерді ескере отырып, мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара қарым-қатынастарының тиімді моделін табу мәселесін де көтерді. «Біздің тарихи таңдауымыз – зайырлы мемлекет пен қоғам. Бірақ зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз – ілгерішіл, бейбітсүйгіш, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерді қолдаймыз, бірақ кез келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарамыз. Жастарды біздер үшін бөгде радикалды діни ағымдардан қорғау қажеттігіне менің сенімім мол. Біздің ұлы дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды. Сонымен бірге мен толеранттылықтың, кейбіреулер ойлайтындай, ойыңа келгенді істеу емес екенін де атап көрсеткім келеді. Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық қалыбы», – деді Мемлекет басшысы.
ПІКІРЛЕР:
Наталья ЧЕГАЙ, мұғалім, қазаққа келін:
– Ұлтым кәріс, қазақтың келінімін. Әлі шаңырақ көтермей тұрғанда енеміз баласына қазақтың қызына үйлен деген екен. Бірақ бұйрық жібермеді, дәл сол үйге мен келін атандым. Ене тәрбиесінің арқасында нағыз қазақтың келіні атандым. Балаларыма да дана қазақтың дара тәрбиесін беріп келемін. Айтайын дегенім, сан ғасырдан бергі қазақ әйелдерінің өмір мектебіне айналған ене мектебі соңғы жылдары жоғалып барады. Ендеше, қанға сіңген қазақы тәрбиені сақтаймыз десек, осыны қайта жаңғыртсақ. Асыл аналардың тәрбиесін көрген келін ертеңінде өзі де ұрпағының бойына ұлттық тәрбиені сіңіретін ана атанады. Түйіндей келгенде, мәңгілік ел боламыз десек, осы мәселеге үстірт қарамайықшы.
Сергей ВИШНЯК, серіктестік директоры:
– Біздің кәсіпорында 20 этностың өкілінен құралған 200 адам жұмыс істейді. Ең маңыздысы, жұмысымыз Әнұранды орындаудан басталады. Барлық 200 адам әр күн сайын экранда Әнұранды айтып тұрған Елбасын көреді. Ал жұмысын осылай бастаған мұндай ұжым тауды да қопарады. Шын жүректен айтайын, мен елімді сүйемін. Қазақ елі мен үшін бір мемлекеттің атауы ғана емес, бұл – біздің тағдырымыз. Сондықтан да кәсіпорынға жаңа жұмысшы келсе, ең алдымен, оны ел азаматы болуға оқытамыз, қазақтың тілін оқытуға тырысамыз. Жауапкершілікпен мәлімдеймін, бүгінгі таңда қазақ тілі шағын және орта бизнестің де тіліне айналып келеді. Сондықтан да осы мінберден барлық барша кәсіпкерлерге үндеу тастағым келеді: бизнесті табысты жүргізгің келе ме – қазақ тілін меңгер. Мемлекеттік тіл – ең үздік бизнес-стратегия. Рас айтамын.
Денис ТЭН, мәнерлеп сырғанаушы:
– Әлемдік мәнерлеп сырғанау қауымдастығы спорттың бұл түрінен қазақтың қара баласы бәсекелес бола алады деп ойламаған шығар. Дегенмен әлем чемпионатында 9 мыңға тарта көрермен Қазақстанның Туына қошемет көрсетті, қол соқты. Мен, шын мәнінде, еліміз үшін мақтана аламын, Елбасына спорттағы қолдауы үшін алғысым шексіз. Менің жеңісім – Қазақстан халқының жеңісі.
Алаш -ақпарат:
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының екі орынбасары жылына бір рет әртүрлі этномәдени бірлестіктен тағайындалатын. ҚХА-ның кешегі ХХ сессиясының отырысында Төрағаның жаңа орынбасарлары болып Еврей мәдени орталықтары қауымдастығының төрағасы Александр Барон мен Қазақстан күрділері қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев тағайындалды.