Нұрсултан Назарбаев: Менің аманатым – қазақтың Тәуелсіздігін естен шығармаңдар!

Нұрсултан Назарбаев: Менің аманатым – қазақтың Тәуелсіздігін естен шығармаңдар!

Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпшілік күтпеген қадам жасап, талантты жастардың шетелде білім алу мүмкіндігін айқара ашқан болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ шетелде шыңдау үшін жастарға мемлекеттік жолдама ұсыну сонау 1993 жылы ерсілеу көрінгені де рас секілді. Өйткені, бір жағынан, елдің экономикасы тұралап, қазынадағы санаулы қаражаттың басы аяғына жетпейтін жадау кез болса, екінші жағынан, посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер тарихында бұндай қадамға барған ешкім жоқ еді. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаев осындай игі қадамы арқылы да өзінің өзгеден оқ бойы озық ойлайтынын, саясатта көреген екенін танытты.
Міне, сонау 1993 жылдан бас­тап бүгінгі 2013 жылға дейінгі 20 жылда «Болашақ» стипендиясы әлемнің 33 елін­дегі үздік 200 жоғары оқу орнына оқу үшін 10025 қазақстандыққа тағайын­да­лыпты. Сондай мүмкіндікті ең­серген 1500 «бола­шақ­тық» кеше 20 жылдық ме­рей­­тойы аясын­дағы фо­рум­да Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­мен тағы жүз­десіп, келешек жайында әңгіме өрбітті.
Елбасы есіктен кіре, төр­дегі мәр­тебелі орынға жай­ғаспас бұрын «Армысың, болашақ!» деп барша жас­тармен амандасты. Шын­ды­ғында, бұл залда Қазақ­стан­ның келешек келбеті, мем­­лекеттің ендігі буын тізгін­шілері отырған болатын. Өз кезегінде 1500 аудитория да барша «бола­шақтықтар» атынан осындай бірегей бағдарлама үшін Мемлекет бас­шысына алғыс­тарын біл­дірді. Бұған дәлел форум барысында сөз сөйле­ген әрбір «болашақтық» Елба­сы­ның ғана емес, елдің ал­дындағы жауап­кершілікті жақ­сы түсінетінін танытты.

Елбасының арманы
Жастар білімге ұмтылуы керек, ғылыммен серіктес болуы керек. Сонда ғана біз дамыған 30 елдің арасына кіретін боламыз. Мен қазақстандық ғалымдар әлемнің мықты зерттеушілерінің санатында болса екен, қазақстандық өндірістер ең соңғы технологиямен жұмыс істесе екен деп армандаймын. Уақыт  жүйрік. Ол ешкімді күтіп тұрмайды. Тоқтап қалсаң, артта қаласың. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясын қалтқысыз орындай алсақ қана, ұлттың ұлы мақсаты - Мәңгілік елдің мызғымас негізін қалаймыз. Отанын қалтқысыз сүйген ұрпаққа дарыған ғылым мен білім – ең құнды нәрсе. Сондықтан Қазақ­станның бүгінгі де, келешек те болмысына дүниежүзінің алдында қуанатын болыңдар, барша жұртты қуантатын да болыңдар!

                                    Мансұр ХАМИТ (фото)
Бағдарлама түлектері атынан алғаш сөзді алған «Болашақ» халықаралық сти­пен­диясы стипендиаттарының қауымдас­ты­ғы  кеңесінің төрағасы Бауыржан Бәйбек те Елбасының ерен ерлігіне зор алғысын айтты. «Мына залда жастардың үш буыны отыр. Олардың алдыңғы толқыны қамал алар 40-қа келсе, кейінгі толқыны – орда­бұзар 30-да, 20-ға енді толған­дары да бар. Сондықтан да үш буынның ба­сын қосқан «Болашақ» бағдарламасы­ның 20 жылдық мерейтойымен құттықтай­мын», – деген Бауыржан  Бәйбек мырза 20 жыл бұрынғы жағдайға тоқталып, ау­қымды миссиядағы Елбасының тұлғалық да­ралығын ашып айтты. «Жүйесі әлі қалып­тасып бекімеген мемлекет, ескінің шылауындағы психологияға қарамастан, елдің сабырына, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына сүйендіңіз. Үйрете жүріп, үйрендіңіз, үйрене жүріп, үйреттіңіз. Сөйтіп, ұлттың ұстазына, алаштың ақыл­манына айналдыңыз. Қиын-қыстауға қара­мастан шетелдің ең үздік оқу орын­дары­на жастарды жіберу туралы бастама көтердіңіз. Нанға зар болып жатқан 1993 жылы «бұл қалай?» деушілер болды. Сіздің көкейдегі арман жарқын болашақ еді. Ендеше, болашақтың кілті жастар екенін Сіз таныдыңыз. Тәуекел ақталды. Оған барша жұрт куә», – дейді Бауыржан Бәйбек мырза. 
«Қолдау – менікі, ал жұдырық – сенікі»
«Болашақ» түлектерінің Елбасымен кез­десуі форматындағы форумы негізінен «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясындағы тақырыптарды да қамтыды. Бағдар белгілі, меже айқын болғандықтан, Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің озық білім ошақтарынан сусындап қайтқан жас таланттардың пікірін біліп, пайымын екшеп, кеңестеріне де құлақ қойғанды жөн санаса керек. Сондықтан да Президент форумды кіріс­пемен ашып, онда бағдарламаның кеше­гісі мен бүгінгісін салыстырып, ертеңін сара­­лап, сөз тізгінін сол жастардың өздері­не ұстатқан болатын. Форумның алқалы отырысына әлемнің 33 елі онлайн-режимде қосылған болатын. Соның ішінде елордаға тікелей байланысқа Лондондағы «бола­шақ­­тықтар» қосылды. Сөйтіп, ерке Есіл мен тентек Тензаның арасында нағыз «те­ле­көпір» орнады. Ондағы қазақстандық сту­­денттер арасында олимпиада чемпио­ны Серік Сәпиев те қара көрсеткен бола­тын. Күні кеше елордада жүрген Серіктің Лон­доннан бір-ақ шыққанына Елбасы өзі де таңырқаса керек «Ол неғып барып қал­ған ол жерге», – деп күле сұрады. «Нұрсұлтан Әбішұ­лы, сіз менің өміріме екі үлкен жол­дама бердіңіз. Бірі – мен Лондон Олимпиа­дасын­да тікелей сіздің қолдауы­ңыз арқасында жеңіске жеттім. Екіншісі – мен тура сол Лондонда білім олимпиадасы­на да қатысуға мүмкіндік алдым», – деген бо­латын чемпион Сәпиев. Елбасы да әдет­тегі қалпымен әзілге сүйеп әкетті: «Рас, қолдау – менікі, бірақ жұдырық сенікі ғой». Еске салсақ, Серік Сәпиев тамыз айында Брита­нияға спорттық менеджмент маманды­ғымен оқуға аттанған болатын.
Ал Вашингтондағы байланыста сту­дент­тер атынан сөз алған Диас Жорабеков, «Болашақтың» мерейтойына білім ізімен мұхиттың арғы жағына аттанған қаракөз қазақтардың да ортақтасып жатқанын атап өтті.  «Вашингтон Американың ең қа­дір­лі тұлғасы, тұңғыш президенттің атымен аталған. Вашингтонның америкалықтарға бергенімен салыстырғанда Сіздің қазақ­стандықтар алдындағы еңбегіңіз орасан. Мәңгілік елдің іргесін қалап, елімізді дамудың жаңа сатысына көтердіңіз, әсем Астана салдыңыз, бізге жарқын болашақ салдыңыз. Ендеше, біз де «Қазақ­стан-2050» Стратегиясындағы жауапкер­ші­лікті қазірден сезінеміз, сол үшін аян­бай еңбек ететін боламыз», – деді Ва­шингтонда білім алып жүрген қанда­сымыз Диас Жорабеков.
Шанхайдан онлайн режимі арқылы форумға қосылған «болашақтық» Тілектес Адамбеков жаңа технология мен телеком­му­никация саласында білімін ұштап жүр екен. «Технология алыптарының бірі Стив Джобс «инновация – өзгерістер кезеңінде қа­уіп-қатер болмайтын жаңа мүмкіндік­терді көре білу» деген екен. Елбасы да дәл сол секілді ел Тәуелсіздігінің алғашқы күні­нен жас Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерін көре білді. Сондай мүмкіндіктер іске асты да. Ендеше, Қазақстанның бүгінгі келбеті – сіздің инновацияңыз», – дейді Тілектес Адам­беков. Мұны да мұқият тыңдаған Прези­дент Нұрсұлтан Әбішұлы технология сала­сының келешегі алда екенін, «Болашақ» аясында дәл осы салаға да кең көңіл бөліп жатуы да сондықтан екендігін еске салды.
Алқалы жиын барысында мемлекет бас­шысы «Болашақ» бағдарламасы стипендиясын тағайындау туралы 10 000-шы куәлікті Әзімхан Қожахметовке өз қо­лы­мен табыстады. Әзімхан АҚШ-та нано­ин­женерия мамандығы бойынша ма­гис­тра­турада білім алатын болады. «Бүгін – менің өмірімдегі ең басты күн. Сіздің қолыңыздан ғылым әлеміне жолдама алу – мен үшін бақыт. Сіз артқан үмітті білімім мен еңбегіммен ақтаймын», – деп ағынан жарылды  Әзімхан Қожахметов.
«Менің аманатым – ТӘУЕЛСІЗДІК!»
Қазақстанның келешек тізгіншілерімен емін-еркін пікіралмасу форматында өткен форумды қорытындыламас бұрын Мем­лекет басшысы Н. Назарбаев екі мәселеге ерек­ше көңіл бөлгенін алға тартты. «Бірін­шіден, Теміртауда металлург болып жүріп, комсомол съезіне делегат ретінде сайлан­ған едім.  Соның арқасында 20 жасымда Алматыдағы опера театрында съезге қатысып, қалың жұртшылық арасынан маған сөз берілді. Сонда залда отырған орным­нан тұрып, қалай барып, не деп сөй­легенім ешбір есімде қалмапты. Терең толғаныста болған екенмін. Ал қазір қарап отырсам, бүгінгі жастар шетінен сөзге ұста, тілге шешен», – деді Н. Назарбаев. Елбасын таңғалдырған екінші мәселе жастардың тілді меңгеруі екен. «Жаңа Ұлыбритания министрі ағылшынша сөйлегенде ешқай­сысың аударманы құлаққа тақаған жоқсың­дар, мені мен менің әріптестерім ғана осыған жүгіндік. Менің білуімше, осыншама ағылшын тілін жетік білетін қазақтар осындай деңгейдегі басқосуда ешқуатытта отырған да жоқ. Бұл – аса зор қуанышты дүние», – деді Президент.  Бұдан әрі Елбасы әңгімесі «болашақтықтардың» болашағы төңірегінде болды. Бұл ретте Президент бағдарлама тауысқандар үшін еліміздің ендігі кезеңі де маңызды екенін атап өтті. «Бүгінгі күні мен және менің әріптестерімнің барлығы жасап келе жатқан дүниелердің бар­шасы болашақ үшін, сендердің бола­шақ­тарың үшін. Мемлекеттің тізгіні мен шылбыры қолдарыңа тиген кезде сендер нағыз ысылған, тәжірибеде шыңдалған маман боласыңдар. Сол тұста менің сен­дерге айтатын аманатым: әр уақытта, күндіз-түні қазақтың тәуелсіздігін естен шығармаңдар. Ата-бабамыздың арманы болып келген тәуелсіздік біз үшін ең қымбат, ең асыл, жүректің ең лайықты орнында тұратын осы Тәуелсіздік болуы керек», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қоса, Елбасы тәуелсіз ел бола жүріп, басқа елдің шаңында қалмау керектігін де алға тартты. «Біріншілікте, алдыда боламыз десек, біздің жастарымыз білімді, білікті болуы – шарт. Күндіз-түні жұмыс істеген жұрт озады. Ең көп жұмыс жасайтын Оңтүстік Корея жұрты мен ең аз жұмыс істейтін гректерді салыс­тыр­ған адам мәселенің мәнісін де айқын се­зетін еді», – деді Елбасы.
«Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы құрылады
«Болашақтықтар» туралы айтқанда елдің ертеңгі жүгін арқалайтындар еске түседі. Сондықтан да Президент өзі ай­қын­даған «Қазақстан-2050» Стратегиясының сәтімен жүзеге асатынына дәл осы сти­пендия түлектерінен үлкен үміт күтенін жеткізді. «Бүгінгі күні біздің халқымыздың алдында жаңа бағыт, тың міндеттер тұр. Бұл – «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Мен сіздердің осы бағдарламадағы бар­ша міндеттерді білетіндіктеріңізге сенім­дімін. Ал келесі жылдың басында мен кезекті өз Жолдауымда осы Стратегияны қалай жүзеге асыратынымызға тоқтала­т­ын боламын», – деген Мемлекет басшы­сы осы бағдарламаның межелерін ат­қару­да «болашақтықтар» да үлкен демеу болатынына сенім білдірді. «Бізге қол жетпейтін арманның бірі Тәуелсіздік еді. Біз осыған да жеттік. Қазақстанды аяқтан тұрғызып, экономикалық қуатты дер­жаваға айналдыру, елімізді әлемдік кеңіс­тікте танымал ету де бір арман бола­тын. Біз оны да бағындыра алдық. Осы­ның өзі біздің ортақ үйіміздің іргетасы қаланғанын, керегесі кеңейіп, шаңырағы орныққанын білдіреді. Ал енді «өз үйі­міз­­дің» ішін жаңа технология мен техни­каға толтыруымыз керек. Бұл біздің бо­ла­шақтағы ең басты жұмысымыз», – деді Нұрсұлтан  Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы 2050 жылға дейін дүние әлі талай құбылатынын, позициясын бүгін берік ұстаған мемлекеттердің барлығы бірдей ертең орнын сақтай алмайтынын да айтып өтті. «Диффузия секілді біреу өрге шығар, біреу құлдырап төменге ысырылар. Бәрі алда болғысы келеді, бәрі жақсы өмір сүргісі келеді. Ендеше, бәсекелестік те қатаң болмақ. Ал келесі Олимпиаданың жеңімпазы атану үшін чем­пион ұдайы шынығуы керек. Біз тура сол жағдайда тұрмыз», – деді Мемлекет басшысы. Ертеңге көз сала отырып, Мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінгі ұстанымы ертеңгі нық қадамдарға жете­лейтінін де алға тартты. Экономика­мыз да тура солай болмақ. Мәселен, Прези­дент  2015-2016 жылдары Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 20 мың долларға жететінін болжайды. Ал жұрт­шылықтың сатып алу қабілеті бойынша бұл көрсеткіш одан да жоғары болады. «Бұл – орташа дамыған елдердің деңгейі. Шы­ғыс Еуропа, Түркия секілді елдермен тең­біз деп саналамыз. Әрине, бұл жеткі­лікті деген сөз емес, оның бәрін біз істеп қойдық деп санауымыз керек. Бір кездері мемлекеттің қазынасында ұлттық валюта­мыз – төл теңгені айналымға қосуға қаражат таппай қалған кездеріміз де болған. Ал қазіргі қорымыз елдің алтын-валюталық резервін қоса алғанда 100 млрд АҚШ долларына дейін жетіп отыр. Бұл – рекорд­тық меже», – деді Мемлекет басшысы. Соны­мен қатар, Елбасы жаһандық деңгей­де жүзеге асқан қазақстандық бастама­лар­ға да тоқталып өтті. «Біз «G-global» жаһандық экономикалық бағдарламасын басқарып келеміз. ЕҚЫҰ-ға да төрағалық еттік. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске де бастама жасады. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезіне бастама жасап, оны тұрақты өткізіп келеді. Осыған орай өркениеттер қақтығысына емес, өркениеттердің өзара түсіністігіне өз үлесімізді қосып жатырмыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сөз арасында Елбасы «Қазақ­стан-2050» жалпыұлттық қозғалысын құруды да ұсынды. «Қазақстан-2050» – бұл біздің ХХІ ғасырдағы үлттық идеямыз. Ол біздің халқымыз ұмтылатын ұлы құн­дылықтарды, мақсаттарды айқындайды. Мен сіздермен өзімді көптен бері толған­дырып жүрген идеяны бөліскім келеді. «Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс құруды ұсынамын. Сендер болмасаңдар мұны кім бастайды? Әрине, 50-ші жылға дейін 37 жыл бар. Көп деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, көп емес және  түк емес», – деді Елбасы. Осы ретте Мем­ле­кет басшысы аталған қозғалыс құрылған жағдайда «болашақтықтар» оның мән-мағынасын халыққа түсіндіру жұмыс­тары­мен белсенді айналысулары керектігін баса айтты. Президенттің пайымына сал­сақ, жалпыұлттық қозғалыс барша отан­дас­тарымызды ұлы іске жұ­мыл­дыруы қажет. « Бұл Стратегия – бүкіл хал­қымыз­дың мыз­ғымас бірлігі мен зор жа­уап­кер­шілігін та­лап ететін үлкен емтихан», – деді Н.Назарбаев.
Дүние дағдарысынан тек индустриясы қуатты ел ғана құлпырып шыға алады
Бұдан бөлек, Елбасы әңгімесі жаңа техно­логиялармен қатар, «жаңа экономи­каға» да бағытталды. Осы ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Үшінші индустриялық революцияны Қазақстанның болашағы ретінде атап өтті. «Ол жұртшылыққа жаңа мүмкіндік ашады. Сіздер де менен жақсы білесіздер, жаңа білім, жаңа технология – осылардың бәрі біздің бүгінгі көз­қарасымызды түбегейлі төңкеріп тастай алады. Ендігі 30-40 жылдан соң дамыған елдердің клубына мүлдем басқа елдер мүше болуы да әбден мүмкін. Сондықтан да біз бүгінгі күні ғасырдың орта тұсында ең басты перспективалы елдер кім болуы ке­ректігін нақты көз алдымызға елестетуі­міз керек», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл ретте Елбасы дамыған 30 елдің қата­рында болу жалпы ішкі өнімнің жоғары деңгейімен ғана өлшенбейтінін де жеткіз­ді. Президенттің айтуынша, озық 30-дың арасында болу үшін Қазақстанға ең кем дегенде жан басына шаққандағы 60 мың доллар болуы – шарт. Ал осы деңгейді сақтап тұру үшін экономиканың орнықты өсімі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұдан бөлек, Елбасы жаһандық дағдарыс мәселесіне тоқтала келе, бұған қатысты да өз па­йы­мын паш етті. «Дүние дағдарысынан тек қуатты индустрияға ие ел ғана құлпырып шыға алады. Сондықтан да біз индустрия­лан­­дыру саясатына кірістік. Әлбетте, бұл – аса күрделі міндет. Мәселе Қазақстанның әр түкпіріне кәсіпорындарды қаптата беру емес, біздің бұған мүмкіндіктеріміз де бар­шылық. Мәселе салынатын кәсіпорын­дардың қандай бағытта екендігінде болып отыр. Бізге әлемдік деңгейдегі бәсекеге төтеп беретін кәсіпорындар қажет. Өйт­кені біз – Кедендік одақ аясында шыны­ғып алып, ДСҰ-ны бетке ұстаған елміз», – деді Н. Назарбаев.

Әсел Сәрсембаева, Лондондағы Brunel University докторанты:
– «Қазақстан-2050» стратегиясы еліміздің ХХІ ғасырдағы өсіп-өркендеуінің кепілі. Елбасы әрбір қазақстандықтың дербес дамуына мүмкіндікті осындай межелі міндеттер арқылы аша түсуді ойлап отыр. Ағылшындарда «Жүрегің қай жерде болса, шаңырағың сонда» деген мақал бар. Сондықтан да болашақтықтар қай елде білім алып, қай жерде жүрсе де, айналып табар темірқазығы біреу ғана, ол – туған еліміз Қазақстан. Біз Елбасы айқындаған, Президентіміз армандаған асқарларды бағындыру жолында шыңдалып жатырмыз деп ойлаймын.  

Дэвид Виллетс, Ұлыбритания Жоғары білім және ғылым министрі:
 – «Болашақ» бағдарламасының арқасында Қазақстан қазірдің өзінде-ақ өзінің 2050 жылға дейінгі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге үміт арта алатындығына әрі әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан көрінетіндігіне сенімдіміз. Бұл ел әлемнің барлық басқа елдері сияқты өзінің жас ұрпақтарына тәуелді. Дегенмен сіздер өздеріңіздің стратегиялық мақсаттарға қол жеткізе алатындықтарыңызға әр уақытта да сенімді бола аласыздар. Өйткені инвестицияны жас ұрпаққа салып отырсыздар. Осыдан 20 жыл бұрын бұл бағдарлама жүзеге асырыла келгеннен бері оның аясында 10 мыңнан астам студент білім алды. Оның шамамен 4 мыңы Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында оқыды. Осы ретте қазақстандық студенттердің басым бөлігі  біздегі әлемдегі үздік университеттерді таңдайтындығына өте қуаныштымыз. Біздің университеттер әр кезде де Қазақстаннан келген студенттердің білім сапасын ерекше ілтипатпен атап өтеді.

Асқар Мұнара, «Назарбаев Университеті» жер ғылымдары орталығының директоры:
– «Болашақ» бағдарламасының арқасында Франциядағы геология және минералогия ғылымының докторы дәрежесіне ие болдым.  Қазір «Назарбаев Университетінде» геология кластерін құру жобасының жетекшісімін. Алға қойған негізгі мақсатымыз – еліміздің әлеуметтік даму жоспарын,  «Қазақстан-2050» Стратегиясын  шикізатпен қамтамасыз етіп, жаңа ғасырда мемлекетіміздің әлем геологиясы картасында беделді орнын нығайта түсу болып отыр. Соңғы уақытта қазақстандық геология саласындағы тың өзгерістер де – Елбасының саясатының арқасы. Біз Елбасымен біргеміз.

Ендігі дәуір – білім мен экономиканың дәуірі
Елбасының сөзіне қарағанда, бола­шақ­та дәл осы білім мен экономика – даму­дың шешуші факторы болып табы­лады. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы жас Қазақстан үшін ең маңыздысы жара­тылыстану ғылымдарын: физика, химия, биология, математиканы дамытуға сал­мақ сала сөйледі. Өйткені нақ осы сала­лард­а инновация үшін таусылмас әлеует бар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ел дамуына креативтік серпін берудің аса маңызды екенін атап өтті. «Сондықтан да Қазақстан ғылымға бұрынғыдан да мол инвестициялар салып жатыр. Жаңа зерт­ханалар озық қондырғылармен жабдық­та­лып салынуда. Қаржыландырудың жаңа жүйесі жүргізілуде. Бізге осы әлеуетті пайдаланатын адамдар керек», – дей келе, Нұр­сұлтан Назарбаев ЕХРО-2017 ха­лық­аралық көрмесі ел дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. «Болашақ энер­гиясы» атты тақырыппен өтетін осынау халық­аралық шара менің ойымша, «жаңа экономикаға» өтудің маңызды кезеңі болады. Бұл экономика мүлдем басқа қондырғыларды, басқа индустрия мен басқа өнеркәсіпті талап етеді. Сондықтан да біз осындай мүлдем басқа, мүлдем жаңа дүниелерді қолдана отырып, Қазақ­станда индустрияның қандай болуы керектігіне қатысты түсінікті түбегейлі өзгертуге тиіспіз», – деді Елбасы.
«Жаһандық жағдай», «ғылым дәуірі»  демекші, Елбасы адамзат дамуының келешек кезеңін сөз ете отырып, бірқатар мысалдарды алға тартты. Мәселен, 2050 жылға қарай адамзаттың азық-түлікке сұ­ранысы екі есеге, тұщы суға бір жарым есе­ге арта­ды.  «Табыстың кілтін көру үшін «мұ­рынды көкке көтерудің» қажеті шама­лы. Қазақ­станның 2050 жылғы перспек­ти­васы барын­ша айқын. Бұл жерде ешқан­дай да қиял-ғажайып дүние жоқ. Біз «2030» дегенде де «бұл не қылған жос­пар, бұл не қылған сәуегейлік» деп шық­қан­дар да болып еді. Мына 2050 жылғы Стратегияны да біз мерзімінен бұрын бітіреміз, мен мұны анық білемін», – деді Н. Назарбаев. Сондай-ақ Елбасы бұл үшін ХХІ ғасырдың ортасы қандай болатынына көз жүгіртудің де артық еместігін айтты. Президенттің па­йы­мынша, жақын дәуірдегі басты мәселе­нің бірі – Жер шарының шектеулі ресурста­рына орай миллиардтаған адамды қалай тамақтандыру турасында болмақ. «БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, азық-түлікке бағаның жоғары болуына, судың тапшы­лы­ғына байланысты көптеген елдер жапа шегеді. Сондықтан да біз Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Израиль ел­дері­нің ауыл шаруашылығын қалай көркей­тіп жатқанына баса назар ауда­ратын боламыз. Жалпы, біз ауқымды ауыл шаруашылық аумағына иеміз: 40 млн гектар егістік, 280 млн гектар жайылым­дар бар. Бұларды қалай пайдаланып жатырмыз? Өте нашар. Біз гектарына 13 центнер алғанға бөрікті аспанға атамыз. Ал қасымыздағы Қытай гектарына 20-30 пайызға жоғары алады. Мінеки, біз ауыл шаруашылығына нағыз ғылым ретінде қарай алмай отырғанымызға осы ғана айғақ бола алады. Ендеше, осы ғылыммен түбегейлі айналысуға тиіспіз», – деді ҚР Президенті.
Білікті маман қайда болса, экономика да сонда барады
 «Ғылыми қамтымды экономиканы тиімді білім жүйесінсіз елестету де мүмкін емес. Бұл бағытта біз білім беруді мектеп пар­тасынан бастап өзгертуге ұмтылып жатырмыз. Басты міндет келешектің педа­гог­тарын даярлау. Мәселен, Финляндияда педагогтарды мектеп бітіруші сынып арасынан іріктеп, сол түлектердің ішінен ең үздік оқитын 10 пайызынан ұстаз даяр­лайды. Сингапурде мұғалімдер жыл сайын 100 сағаттық курстан өтеді. Жапо­ни­яда мұғалімдер үшін жетілудің жіті тәсіліне тұтастай жыл арналады», – деді Н.Назар­баев. Сонымен қатар, Елбасы дуалды оқыту жүйесіне тоқтала келе, мәселе білікті мамандар туралы болып отыр­ғанына назар аудартты. Президент­тің пайымынша, білікті маман қайда болса, экономика да сонда барады. «Сон­дық­тан да, немістің дуалды білім беру жүйесі бізде толығымен қолданылуы керек», – деді Елбасы. Бұдан бөлек, Мем­ле­кет бас­шы­сы соңғы жылдары «Болашақ» бағ­дар­ла­масы бойынша мамандыққа оқи­тын­­да­рдың 25 пайызы ғылым мен бі­лім саласына тиетінін айтып, мұны алда­ғы уақытта арттыра беру қажеттігін де еске сал­ды. Н.Назарбаев бұл бағытта «бола­шақ­тықтар» басым рөл атқаруы тиістігін айтты.
Президент талантты жастардан инновациялық ұсыныс күтеді
Сөз арасында Елбасы экономикасы барынша жемісті елдер ұлттық аэроғарыш­тық бағдарламаларды жүзеге асыруға белді бекем буынатынын да әңгімеге арқау етті. Ал әлемде ғарыш айлағына ие бес ел бар болса, соның бірі – Қазақстан. Ендеше, басқадан гөрі қазақ жастарында мүмкіндік зор деген сөз. Президент те өз пікірін осы салаға негіздеп өтті.  «Ғарыш сала­сы іс жүзінде, уақыт, кеңістік және өзі­нің әлеуеті бойынша шексіз. Дегенмен әзірше  ғарыштық қиянға көз салмай, біздерге ұлттық-көліктік жүйені дамыту қажет. Өйткені, ХХІ ғасыр – жылдам жер үсті, жерасты және әуе көліктерінің дәуірі. Әлемде көліктің инновациялық түрлері ашылатын болады, олармен үздік зертха­на­лар жұмыс істеуде. Біздерге де оларды құру қажет. Оны сіздер ұсынуларыңыз, біздерге не істеу керектігін айуларыңыз қажет», –  деді Н.Назарбаев. Сосын Мемле­кет басшысы жас ғалымдардың жаңа энергия көздерін іздеумен әуестенуі де абзал іс болатынын айтты. «Таяу онжылдықтың ішінде көмірсутектер мен бейбіт атомға басымдық беру қала береді, сонымен қатар, мамандардың бағалауын­ша, әлі де ондаған жылдар бойы көмірсу­тек дәуірі жүреді. Дегенмен мұның бар­лығы да – біздер үшін белгілі энергия түрлері. Бірақ біздерге көкжиекке көз салу қажет. Мұны сіздер істемегенде басқа кім істейді? Бұлар – басқарылатын термояд­ро­лық синтездер. Сутектік энергетика, оның тиімділігі біздерге белгілі энергия көздерінен 40 пайызға артық», – деді Елбасы. Сонымен қатар, жаңа энергия көздері қатарында жасанды фотосинтезді, шоғырландырылған күн энергиясын атап өте келе, Мемлекет басшысы: «Жас ға­лым­дар, энергетиктер осындай перспек­ти­валармен әуестенуі тиіс», – деді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста