«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды
Ішкі істер саласында қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлер жыл қорытындысы бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының марапатына ие болды.
Яғни оңтүстік өңірдің құқық қорғау саласында абыройлы қызмет етіп, өздерінен кейінгі жастарға тәлім-тәрбие беріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне, қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлгі болған зейнеткер полицейлер құрметке бөленді. Облыс әкімінің марапатын Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Сапар тапсырды. Төсбелгіге ие болған Отырар аудандық бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелері Майлыбай Сиқымбай мен Ергешбай Махановтар болды. Қиын да қауіпті салада қызмет еткен ардагерлер өз тәжірибелерін де талай белестерді бағындырып, зейнет демалысына жеткен. Мәселен М.Сиқымбай полицияда 1980-2000 жылдар аралығында қызмет етіп, халыққа ең жақын учаскелік полиция инспекторы болған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде елдің алғысын алған. Ал ардагер Е.Маханов болса, ішкі істер саласындағы қызметін 1977 жылы бастап, 2009 жылы зейнетке шыққан. 20 жылдан астам уақыттарын ұйқысыз түндерге, қылмыспен күреске арнаған аталмыш екі ардагер, сол уақытта өздеріне жүктелген түрлі қызметтерді мінсіз атқарып, анттарына адал болған. Бүгінде еткен еңбектің жемісін көріп отыр. Ендеше марапаттарыңыз құтты болсын!
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі