Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат

Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақ елін дәрі-дәрмегі қымбат елдердің қатарына қосты. Аталмыш халықаралық ұйымның мәлі­метін­ше, біздің елдегі дәрі-дәрмек бағамы Ар­мения, Молдова, Украина, Беларусь, Қырғыз және Ресей елдеріндегіден де аспандап тұр. Мысалы, Армения өзінің халқын дертінен жазып алу үшін сатылымға түсетін дәрі-дәрмегіне 7,1 пайыз ғана үстеме қосса, Украинада бұл көр­сеткіш – 5,5 пайызды, Ресейде – 7,5 пайызды, Қыр­­ғыз елінде 6,2 пайызды құ­рай­ды. Ал бізде са­ты­лымға түсетін дәрі баға­мы­на қосар үстеме баға 10-20-30 пайызға дейін жетіп үлгерген. Мұ­ны ес­керген арнаулы ма­мандар елдегі дәрі-дәр­мек ба­ғамына мем­лекеттік бақылау қойылуы керек­ті­гін алға тар­туда. Ендеше, мәселені тарқатып көрелік.

Шектік баға белгіленгені жөн
Жалпы, дәрі-дәрмек бағасының қымбат­тығы, қажет­ті емін алу үшін қайсыбір дәрілерге әлеуметтік жағдайы төмен таптың қолы жете бермейтіндігі, тіптен тегін берілуі тиіс дәрі­лер­дің саудаға түсіп кететіндігі айтудай-ақ айтылып жүр. Десе де, тиісті орындар осы уақытқа дейін дәрі бағамына шектік баға белгілеу жайына аса мән бере қоймады. Ал кеше еліміздің Бәсеке­лес­тікті қорғау агенттігінің өкілдері: «Тиісті реттеу­сіз дәрі-дәрмекті нарыққа шығару өте қиын. Қазірде еліміздегі фармацевтикалық компа­ния­лар мен дәріханалар дәрі-дәрмектің баға­сын есе­леп көтеруде. Бұл әрекет импорт препараттарын өн­діру­шінің бағасынан үш-төрт есеге қымбат болуына әкеліп со­ғып отыр. Бір дәрі сатылғанға дейін, орташа алған­да, 5-10 делдалдың қолынан өтуі ықтимал. Мәселен, бір ғана эффералган упсаны өндіруші зауыт Delta Medi­cal Prootions AG-тің сатылым бағасы –149,88 теңге, дәріханалар халыққа оны 450-590 теңгеге са­та­ды. Бір бұл емес, қаншама дәрінің бағамы саты­лым­ға түскенде еселеп өсіп шаға келеді. Сондықтан дәрі-дәрмек бағасын реттеуді мемлекет өз қолына алған жөн», – деді. Мұндай бастаманы сарап­шы­лары­мыз да оң көріп отыр.
                                    Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, сарапшы маман:
– Жеке құрылым болғандықтан, пре­парат­тарға біреуі – 10, енді бірі 20, 30 пайыз үстемеақы қосуы мүмкін. Оларға бұл тұрғыда ештеңе айта алмайсыз. Қандай да бір шара қолдану үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске түзетулер енгіз­геніміз жөн. Сол арқылы дәрілерге мем­ле­кеттік реттеу орнату керек. Әсіресе мемле­кеттен тегін берілетін дәрілерге бақылауды күшейткен абзал. Мысалы, Үкімет тегін берілуі тиіс дәрілермен халықты қамту үшін қаншама қаржы жұм­сайды. Әттеген-айы сол – тегін дә­рілер­дің өзі кейде сатылымға шығып кете­тін жайттар жиі кездеседі. Бұл салада түйіні көп мәселелер жетіп-артылады. Сондықтан болашақта бақылау орнату үшін кодекске арнайы өзгерту енгізіп, мемлекеттік реттеу қажет.

Жалған дәрілер жапа шектіріп жүр
Абзалында, дәрі-дәрмек жайын сөз ет­кенде жалған дәрілер назардан тыс қал­мауы керек. Бұл жайында мамандарымыз «елімізге елеусіз еніп кететін жалған дәрі­лер­ден түсетін табыс көзі есірткі айналы­мы­нан түсетін пайдадан асып түседі» десе­ді. Мысалы, ресми деректерге жүгінсек, әлем бойынша 1,5 млн адам осы жалған дәрінің салдарынан көз жұ­мады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жалған дәрі­лер­дің 47 пайызын антибиотиктер құраса, 18 пайызын психотроптық заттар құрайды, ал қал­ған 35 пайызы қолданыста көп пайда­ла­нылатын, халықтың сұраны­сына ие өнім­дерге тиесілі. Мамандарымыз бұған қа­тыс­ты сырттан келетін дәрі-дәрмек атау­лы­ға кедендік бақылауды күшейтуді жөн санайды.

Қорлан АБСАЛЫҚОВА, химик-ғалым:
– Жалған дәрі индус­триясы гормондық дәрілерді, белсенді биологиялық қоспа­лар­ды да шарпыған. Сондай-ақ по­ли­вита­миндердің құрамында 15 дәрумен және басқа да мине­рал­ды заттар бар деп көр­сеті­­леді. Өкініштісі, мұның басым бөлігі зерт­ханалық тексеру барысында химикат­тар болып шығады. Мұндай көп компо­нент­ті препарат адам ағзасына оңай сіңе қой­майды. Жалған дәрі бизнесімен айна­лысу­шылар көбінесе бренділік дәрілерді жасауды жөн көреді. Зерттеулер көрсет­кен­дей, жалған дәрілер құрамының 20 пайызы ғана дәрілік сәйкес элементтерден тұрса, қалғаны бор, әк ұнтағы секілді зат­тар­дан жасалатыны анықталған жайттар да кездескен-ді. Өз басым халықтың денсау­лығы­мен ойнап, осылайша қылмысқа жол беріп жүргендерге жазаны күшейту керек деп ойлаймын. Қажет десеңіз, Молдова елінде дәрі-дәрмек атаулының жарнама­сын асырып, мақтағаны үшін заң алдында жауап береді. Молдова үкіметі былтыр дәрілердің жарнамасына вето жариялап, жарқыраған жарнамаға сеніп өзін-өзі емдейтін халықтың санын төмендетуді жөн көрді. Ал бізде тек қана дәріханаға барып, дәрі ала салып, өзіне-өзі ем жасаушылар республика халқының 92 пайызын құрап отыр. Сонда халықтың 8 пайызы ғана ауырған кезде дертіне ем іздеп дәрігерге барады. Ал қалған 92 пайызы өзіне-өзі ем жасайды. Міне, осылайша елде өзін-өзі емдеушілердің басым екенін пайымдасақ, біз дәрі-дәрмек саласына айрықша бақылау қоюымыз керек.
Расымен де, маман сөзінің жаны бар. Адамның ағзасы химикаттарды қабылдай­тын зауыт емес екенін ескерсек, бізге бұл саланы бақылауға, шынымен де, білек сыба­на кірісетін кезең жеткені анық сезілу­де. Жалпы, бүгінде дәрі-дәрмектердің са­па­сы мен қауіпсіздігі – бүкіл әлемді маза­лап отырған мәселе. Осындайда біздің бей­қамдық танытып, бақылауды келістіре алмауымыз – тіптен орынсыз дүние.
Жазаны қатайтқанымыз жөн
Негізінде, біздің еліміз дәрі-дәрмек баға­сының қымбаттығымен ғана емес, дә­р­іні ең көп тұтынуда және оның жанама әсер­лерін сауатты саралай алмауда да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті ме­желейді. Қалай десек те, бұл саладағы заң­сыз­дықтар мен жауапсыздықтарға жүген салу мақсатында мамандар тарапы­нан ұсыныстар айтылмай жүрген жоқ. Со­ның бір парасы ретінде ірі қалаларда қап­тап кеткен дәріханалардың санын шектеу; ше­кара асып келген дәрілерді жан-жақты тал­дай­тын, зерттейтін веб-емханалар ашу; жал­ған дәрілік заттарды тарат­қандарға қо­мақты мөлшерде айыппұл салу мәселесін жиі көтеріп-ақ жүр. Бұл ретте «сапасыз-жал­ған дәріні сатылымға шығарған компа­нияларға Францияда, АҚШ-та 2 млн дол­лар көлемінде айыппұл салынса, Ұлы­­­британияның қылмыстық атқару жүйе­сі жазықтыларды дереу бас бостан­дығынан айыруға дейін барады. Бізге де осылай жазаны қатайтқан жөн» дейтіндер де баршылық. Жазаны қатайтамыз ба, әлде тек қана дәрі-дәрмек бағасына шектік баға тағайындаумен шектелеміз бе – оны ал­дағы уақыт өзі таразылар. Бірақ ұлттың сау­лығын ойласақ, бұл салада байыпты және лайықты бақылау орнатудың қажет­тігі даусыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста