Олимпиадалық триумфтың үш жолы

Олимпиадалық триумфтың үш жолы

XXX жазғы Олимпиада ойындарын­да қазақтың көк байрағы көтерілген сәтті қазақстандықтар ешқашан ұмыт­пайды. Алтыннан алқа тағып, Ән­ұранымызды шырқатқан чем­пион­дардың қуанышты жүзі, көз жасы, өзге ұлт өкілі болса да, Қазақстанның Туына бас иіп, алғыс айтуы олардың қазақ жеріне деген ізгі ниетін, ыстық сезімін көрсетті. Қазақ, орыс, дүнген, татар – барлығы бір жұдырықтай жұмылып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Тәуелсіз Туымыздың жоғарыдан көрінуін тіледі. Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында толағай жеңіспен оралған Мемлекеттік Туды Олимпиада жүлдегерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа табыстады.
Бұл жерде оларды ұлықтау рәсімі өтті.
Бұған дейін төрт қап-қара «Линкольн» кабрио­летін мінген Олимпиада жүлдегерлері Астана кө­шелерін аралап шықты. Қаланың сол жағалауынан басталған көшті халық зор қуанышпен қарсы алды. Алдағы кабриолетте – алтынмен апталған үш толағаймыз Серік Сәпиев, Илья Ильин және Алек­сандр Винокуров. Олардан кейін – төрт батыр қы­зымыз Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Свет­лана Подобедова және Ольга Рыпакова, ал соңғы екі машинада күміспен күптелген Әділбек Ниязым­бетов, сондай-ақ қола медаль таққан Даниял Гад­жиев, Гюзель Манюрова, Марина Вольнова, Ақ­жүрек Таңатаров және Иван Дычко тұрып-тұрып, қол бұлғап,  медальдарын жарқы­ратып жатты. Тә­уел­сіздік сарайына жеткен картежді Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев қарсы алды.
Қазақстандық жеңістің «құпиясы»
«Екі апта бойы барша Қазақстан халқы ұлы аламанға үкілеп шығарып салған үміткерлердің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа елдің батасын алып аттанған ұл-қыздарымыз үмітімізді ақтады. Қазақстан спортшылары ел тарихында бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. Лондон төрінде Қазақ елінің көк байрағы жеті мәрте әлемнің бар­лық туынан биік көтерілді.Отанымыздың Әнұраны жеті рет Лондон көгінде әуеледі. Спортшылар Олим­пиаданың алғашқы күнінен бастап соңғы сәт­терге дейін қоржынға медаль салумен болды. Құр­метті қазақстандықтар, кірпік қақпай теледидарға тел­міріп, тілекші болған миллиондаған қа­зақ­стандықтың ықыласы әрбір спортшыға қанат бітірді.

                   Мансұр ХАМИТ (фото)
Осылайша, барша Қазақстанның ме­рейі үстем болды», – деп бастады өз сөзін Н.Әбішұлы. Осыдан кейін Президент XXX жазғы Олимпиада ойындарындағы Қазақ­станның рекордтық жеңісіне тоқталып, оның «құпиясын» ашып берді. «Биылғы олим­пиадалық триумфтың үш жолы бар. Бі­рінші – мемлекеттің денешынықтыру және спортты қолдауы. 2006 жылдан бастап осы салаға бөлінетін қаражаттың көлемі үш есе артты. Биылдың өзінде 10 млрд теңгеге жуық қаржы шығарылып отыр. Республика бойынша 33 мыңнан астам спорттық нысан салынып, 70 мың­дай секция ашылды. Бүгінде спортпен айналысатын халықтың жалпы саны 3 миллионнан асып жығылады.
Екінші, ол – әрбір спортшының да­рыны, оның жеңіске деген құлшынысы, сондай-ақ бапкерлердің кәсіби шеберлігі. Олимпиада кезінде біз аса тартысты додаларға куә болдық. Қазақстанның атынан шыққан әрбір спортшының жеңіске лайық екендігін көрдік», – деген сөзбен Н.Назарбаев әрбір спортшының жеке қабілет-дарынын ерекше атап өтті. Осы кезде Олимпиада жүлдегерлері көз жасын жасыра алмады. «Ал қазақстандық жеңіс­тің үшінші жолы – этносаралық достық, халықтың бірлігі. Байқап қараңызшы, біз­дің командамыз Қазақстан халқы спорттық ассам­блеясы іспетті. Олимпиада жүл­дегерлері ішінде алты ұлттың өкілі бар. Олардың бәрі бір отбасы болып, жарыс жолына шықты. Шыны керек, спортшы­ла­ры­мыздың жеңісі бәрімізді біріктіре түсті. Ортақ үйіміз – Қазақстанда тұрып жатқан барша ұлттардың бауырластығын, па­триот­тық рухын асқақтатты», – деді Елбасы. Осы орайда Н.Назарбаев спортпен жаппай айналысу мәдениетін барынша дамыту қажеттігін жеткізді. «Қазақстанда кеңінен танымал 20 олимпиадашы республиканың 14 облысынан шығып отыр. Ал енді қараңызшы, егер әрбір 16 облыс бізге бір-бір алтын медаль иегерін тәр­биелеп берсе, оның өз жетіп тұрған жоқ па?» – деп ағынан жарылды Президент.
Қазақстан спорттық державаға айналды
Салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы спортшылардың ата-аналарына өз ризашылығын білдіріп,  Олимпиада жүл­дегерлеріне бірқатар мемлекеттік наградаларды табыстады. Президент Қа­зақ­стан құрамасының капитаны, был­ғары қолғап шебері Серік Сәпиев, велошабандоз Александр Винокуров және ауыр атлет Илья Ильиннің кеудесіне Отан орденін тақты. Зілтеміршілер Зүлфия Чиншанло,  Майя Манеза, Светлана Подобедова және же­ңіл атлет Ольга Рыпакова ІІ дәрежелі «Ба­рыс» орденімен марапатталса, палуан Даниял Гаджиев, боксшылар Әділбек Ния­зымбетов, Иван Дычко, Марина Воль­нова, палуан қызымыз  Гөзел Манюрова жә­не еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров Құрмет орденіне ие болды. Ал Спорт және дене шынықтыру істері агент­тігінің төр­ағасы Талғат Ермегияевқа Парасат ор­­дені табыс етілді. «Осыдан төрт жыл бұ­рын Бейжіңде өткен Олим­пиадамен са­лыс­тырғанда, бұл жолы Қазақ­станның «ал­тыны» үш есе көбейді. Бейжіңде біз 29-шы орында болдық. Ал Лондонда бірден 12-ші сатыға секіріп, таңғаларлық нәтиже­ге қол жеткіздік. Осылайша, Қазақстан 205 ұлттық коман­даның ішінде жетекші спорт­тық державаға айналды. Бұл – барша хал­қы­­мыздың толағай табысы. Ен­ді осы ме­же­­ні ұстап қалу қажет», – деді Н.На­­зар­баев. 
Серік СӘПИЕВ, XXX жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер кубогы мен Отан орденінің иегері:
– Осыдан төрт жыл бұрын Бейжің Олимпиадасының жүлдегерлерін ұлықтау кезінде мен шетте тұрсам да, Сіз мені шақырып алып: «Серік, уайымдама! Бәрі дұрыс болады. Бұл – спорт», – деген едіңіз. Бұл сөздер ма­ған күш-жігер берді. Мен өз мақсатыма жетуге бел будым. Міне, бүгін мен Олим­пиада чем­пион­да­ры қатарында тұр­мын (көзіне жас алды). Біздің же­ңі­сіміз – елдің жеңісі. Жеңіспен оралған Мем­лекеттік Туды тапсыруға рұқсат еті­ңіз!

Илья ИЛЬИН, әлемдік рекордты жаңартқан Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, Отан орденінің иегері:
– Ең алдымен барша Қазақстан хал­қын осы ортақ жеңіспен құттық­тай­мын. Лондонда жасағаны­мызды ұмыту қиын. Онымен біз өзіміз үшін жоғары межені бекіттік. Әрине, Рио Олим­пиадасына барынша дайындалатын бо­ламыз. Мен қатты қобалжып тұрмын. Өз өмірімде Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты адамның барына қуанамын. Ол – қиын кезде көмектесе білген нағыз азамат. Риода мен үшінші алтын медаль аламын. Оған 99,9 пайыз кепілдік беремін. 

Марина ВОЛЬНОВА, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері:
– Олимпиадаға кетер алдында біз жеңіспен ораламыз деп уәде берген едік. Сол сенімді ақтадық деп ойлаймын. Сізді, Нұрсұлтан Әбішұлы, ешқашан ұятқа қалдырмаймыз. Рақмет Сізге! (осы сөзді М.Вольнова еш мүдірмей таза қазақ тілінде айтты).

Александр ВИНОКУРОВ, Лондон Олимпиадасының алтын медаль иегері:
– Сиднейде алған күмістен кейін ара­ға 12 жыл салып мен Олимпиада алтынына қол жеткізіп отырмын. Бұл түсіме кірмеген ой-арманым еді. Осы арманыма жеткеніме шексіз бақыт­тымын. Өзім кеше ғана Еуропадан кел­дім. Ол жақта бәрі Қазақстан туралы айтып, біздің Швейцария сияқты да­мы­­ған мемлекеттерді артқа тастаға­ны­мызға таңғалып жүр.  

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста