Он алты баланы бауырына басты
Жетімін жылатпаған, жесірін шеттетпеген Алаш баласы едік. Өкінішке қарай, қазір жетімдер үйінде көздері жәутеңдеген қарадомалақтардың қатары күн санап өсуде. Осындайда өз еркімен қараусыз қалған балаларға қамқорлық қылған жандарды естігенде көңіліңді шуақ кернегендей болады...
Бүгінде Ақмола облысы Макинск қаласының тұрғыны Серік Әкімбаев 40 шақты баланы өз бауырына басқан. Қазір оның үйінде 16 бала тәрбиеленуде. Жетімнің жайын жанымен түсінген Серік бұл істі 2004 жылы Макинскте балалар үйі жабылғанда қолға алыпты. Содан бері Әкімбаевтар отбасы 40 жетім баланы тәрбиелеп, алдын бөлек отау етіп шығарған.
Серік Әкімбаев, Макинск қаласының тұрғыны:
– «Жердегі бір жетімнің маңдайынан сипасаң, жеті періште төбеде разы болып тұрады», – дейді. Өте дұрыс айтылған сөз. Үйде, отбасында ата-ананың сезімі болады, тәрбиесін көреді, тәлім-тәрбие алады. Жалпы, қоғаммен қарым-қатынас жасап, отбасының үлгісін бойына сіңіреді.
Тоғыз ұлттың баласын бір үйде тоғыстырған ардақты жанның бұл ісі ерлікке пара-пар. Қазір балалардың бәрінің қазақша есімдері бар. Тіпті «фамилиямыз Әкімбаев» деп жауап береді олар.
Бірақ Серікті күйзелтетіні – балаларының үй болғаннан кейінгі жағдайы. Өйткені студент атанып, алды үй болған 10 баласының бірі де пәтер кілтін ала алмаған. «Жетімдер үйінен шыққан әрбір баланың шаңырағы болуы керек», – дейді ол.
Әкімбаевтардың бұлардан басқа, өз кіндігінен тараған бес бала және 10 немересі бар. Көңілі көктем, жаны дархан азамат Макинскідегі зағиптар қоғамына да төрағалық етеді.