Өнертапқыш жаңа әскери техниканы жасап шықты
Шымкеттік өнертапқыш әскери көлік ойлап тапты. Отандық алғашқы әскери көлік «Сарбаз» деп аталады. Дизель отынымен жүретін көліктің салмағы 4 тоннадан асады. Соған қарамастан ол сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүруге қауқарлы. Өзінен бірнеше есе ауыр жүкті де еркін сүйрейді.
Қазақстанда жасалған тұңғыш әскери техниканы шымкенттік өнертапқыш Алексей Шевлягин екі айда құрастырып шыққан. Жол талғамайтын көлік тау-тасты, батпақты жерде еркін жүйткуімен және оқ өткізбейтіндігімен ерекшеленеді. Құрастырушы «Сарбаз» автокөлігін Қарулы Күштер саласында көп қолданатын «ГАЗ-66» жүк машинасының қосалқы бөлшектерінен құрастырған. Әскерилер бұл көлікті ұрыс алаңында да сынап көрген. Жаңа техника түрлі сынақтардан сәтті өткен. «Негізгі құрылым сынаққа алушылардың көңілінен шығып отыр, сондықтан құрылым сол күйінде қалады, ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Тек қосалқы бөлшектерінің қайсыбірін ауыстырып салу керек. Сынақ кезінде жылу жүйесі, салқындатқыш сияқты қондырғыларды орнату туралы да ұсыныстар айтылды. Құптарлық ой. Қазір мамандардың осындай сын-ескертпелерін ескеріп, көліктің кем-кетіктерін түгендеп жатырмын», – дейді өнертапқыш. Жалпы, сынақ кезінде көлік бірнеше мың шақырымды еш қиындықсыз жүріп өткен. «Сарбаз» көлігінің ішкі құрылымы да ерекше.
Өнертапқыш жаңа туындысына шамамен 15 миллион теңге жұмсап, оған патент те алып үлгерген. Құрастырушының айтуынша, көлікті әскери барлау жұмыстарынан басқа мақсатқа да пайдалануға болады. Айтпақшы, «Сарбаз» көлігі жақында Шымкенттегі әскери бөлімдердің бірінде қосымша тексеруден өткізілді. Темір тұлпардың ішіне сегіз жауынгер еркін сыяды. Сарбаздардың бірден көліктің қосалқы жүк салғышына көзі түскен. Олар құрастырушыға «жаңа техникаға қатты жылдамдықпен келе жатып, ішіндегі басқару жүйесінің көмегімен нысанаға дәл тигізетін қондырғы орнатуға болады» деген ой қосты. Көліктің төзімділігі мен қуаттылығы сала мамандарының ерекше назарын аударып отыр. Жергілікті мамандар жаңа техниканың шетелдік көліктерден әлдеқайда шыдамды екенін айтады. Өнертапқыштың бұл жобасы мемлекет тарапынан қолдау тапса, құрастырушының жылына 20 техника жасауға мүмкіндігі бар. Ал бүгінде инженер Алексей Шевлягин келесі жылы елімізде өтетін Қарулы Күштер құрылымдарының әскери-техника көрмесіне қызу дайындалып жатыр. Ол қазір тағы да осындай төрт бірдей көлікті құрастырып, көрмеге қатыстырудың қамымен жүр.