Оңтүстік-шығыста жер сілкініп тұр
Еліміздің оңтүстік-шығысында жер сілкінісі басылмай тұр. Мамырдың 24-25-і күндері қазақ-қытай шекарасында, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары аумағында жерасты дүмпулері төрт рет тіркелді.
ҚР Білім және ғылым министрлігі «Сейсмология институты» ЖШС мамандарының хабарлауынша, мамырдың 24-і күні Астана уақыты 04.29-да Қытай аумағында, еліміздің шығыс жақ шекарасы маңында магнитудасы 3,9 болатын жер сілкінісі болды. Екі шақырым тереңдікте басталған дүмпулердің энергетикалық класы 8,9 деп өлшенді. Зілзала ошағы Алматыдан 440 шақырым жерде. Дәл осы өңірде тура бір сағаттан соң тағы да жер сілкінді. Бұл жолы сілкіністің магнитудасы – 4,4, энергетикалық класы 10,2 болды. Мұның алдындағы тәуліктерде де бұл аймақта жерасты дүмпулері бірнеше рет тіркелген болатын. Ал кеше Астана уақыты 07.14-те Қазақстан аумағында, Талдықорған қаласынан оңтүстікке қарай 90 шақырымда, Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 166 шақырымда зілзала тіркелді. Мамандардың мәліметінше, сейсмикалық құбылыстың магнитудасы – 4,1, энергетикалық класы – 8,9. Жерасты дүмпулері 15 шақырым тереңдікте басталған. Бұдан соң арада шамамен алты сағат өткенде жер сілкінісі Шығыс Қазақстан облысында болды. Еуропалық және Жерорта теңізі сейсмология орталығының сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, 3,6 магнитудалы жер сілкінісінің эпицентрі Семей қаласынан 115 шақырымда анықталған.