Оқушы өлімінің себебі алдын ала айтылды
Қадап салынған жарақат пен геморрагиялық шок (қан құйылу) - Астанада мектепте қайтыс болған бала өлімінің алдын ала себебі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы өлім дерегін тіркеді, оның алдын ала себебі қадап салынған жарақат пен геморрагиялық шок", - деді Астананың Есіл ауданының прокуроры Біржан Мәжренов.
Ол сабақ үстінде 8-сыныптың екі оқушысының арасында жанжал шыққанын, сол кезде олардың бірі екіншісінің оң жақ кеуде тұсына анықталмаған затпен соққы жасағанын, соның салдарынан соққы алған баланың қайтыс болғанын айтты.
Қазіргі уақытта Астана ІІД тергеу басқармасы тергеуалды тексеріс жүргізіп жатыр. Күдікті жасөспірім 14-ке - қылмыстық жауапкершілік жасына толмаған. Бала өлімінің түпкілікті себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы және сот-криминалистік сараптамасы тағайындалды.
Прокурор Мәжренов күдікті баланың 2007 жылдан бері психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрғанын растады. Дәрігерлік-кеңес беру комиссиясының қорытындысына сәйкес, оған 2014-2015 оқу жылында орта мектеп жағдайында жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқып көруге кеңес берілген, бала сол себепті Астанадағы №76 мектеп-лицейге қабылданған.
Білім және ғылым министрлігі оқиғаны зерттеу үшін ведомствоның жауапты хатшысының төрағалығымен арнайы комиссия құрды.
Еске сала кетейік, бұл оқиға Астанадағы №76 мектеп-лицейде тарих пәні сабағында болды. 13 жастағы бала сыныптасын кеуде тұсынан қаламсаппен ұрған. 8-сынып оқушысы алған жарақатынан "жедел жәрдем" көлігінде қайтыс болды. Мектеп директорының айтуынша, оқушылар арасында төбелес пен дөрекі ұрыс-керіс болмаған, олар жай ғана өзара келіспей қалған. Кейін сыныптасын қаламсаппен өлтірген баланың психикалық ауытқуы болғаны жария етілді.