Оқырманды адастырмаған жөн
«Айқын» газетінің сайтында «Алматыдағы «Алтын орда» базары таратылды» деген ақпарат жарияланды (https://stan.kz/almatidagi-altin-orda-bazari-taratildi-359201/?utm_medium=referral&utm_source=lentainform&utm_campaign=stan.kz&utm_term=1245878&utm_content=9963553).
Мұнда мынадай жолдар бар: «Сот құжатына сәйкес, ЖШС ұзақ уақыт бойы салық заңнамасында көзделген міндеттемелерді орындамаған. Алайда сот отырысына компания өкілі қатысқан жоқ. Осылайша, сот талап арызды қанағаттандыруға шешім қабылдады. pk.adata.kz. ақпараты бойынша «Алтын Орда базары» ЖШС 2022 жылдың 24 қаңтарында таратылды».
«Алтын орда» базары Алматы облысының аумағында орналасқан. Бірақ Алматы қаласын азық-түлікпен, ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін ең ірі сауда орталығы. Әрі еліміздің басқа өңірлеріне де тауар жіберіледі.
Бұл жерде манипуляция белгісі бар. Тақырыпта кликбейт әдісі пайдаланылған. «Алтын орда» базары таратылды дегеннен кейін оқырман базар тарады деп түсінетіні анық. Ал шын мәнінде базар иесі саналатын серіктестік тараған. Ал базар жұмыс істеп тұр.
***
Egemen.kz сайтында «Несие «қамытын» кигендер көбейді» деген материал жарық көрген (https://egemen.kz/article/303319-nesie-qamytyn-kigender-kobeydi).
Мақала: «Қазақстанда несиеге «байланған» адам көп», – деп басталады. Бұл – эмоцияға әсер етуді көздейтін сөйлем. Мақала авторы: «Ұлттық банк жүргізген сауалнама нәтижесі экономикалық белсенді немесе кішігірім қызметте жүрген азаматтардың 90 пайызы айлық пен айлықтың арасында күн көретінін көрсеткен», – дей келе, «қазір жұртшылықтың қарызсыз өмір сүруі барынша шектелген» деген тұжырым жасайды. Бұл жерде манипуляция белгісі бар. Себебі, Ұлттық банк жүргізген сауалнама қашан жасалғаны, оған қанша адам қатысқаны, олардың кім екені, жасы, жынысы, тұрғылықты жері туралы ақпарат жоқ.
Бұған қоса, мақалада несие алуға қатысты нақты мерзім көрсетілмеген. Нақты мерзімі көрсетілмегендіктен, түсініксіз.
Қаржы нарығын қадағалау және дамыту агенттігі де несие алу көлемінің артқанын көрсетеді. Бірақ, онда нақты мерзімі көрсетілген. Мысалы, биылғы жылдың 8 айында тұтыну қарызы 23,8%-ға артқан дейді.
Мемлекеттік несие бюросы тұтыну несиесін алатындар негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында екенін айтады. Ал egemen.kz сайтындағы мақалада бұл туралы да айтылмауы мақалада магипуляция белгісі көп екенін көрсетеді.