Оралда демографиялық атлас құрастырылды
Батыс Қазақстан облысы халқының құрамы қаншалықты өзгерді? Жасы мен жынысы, саны жағынан қалай жіктеп-жіліктеуге болады? Осы жағдайларды елеп-екшеген арнайы атластың жақында тұсаукесері өтті.
Оралда облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ақжол», «Еуразиялық ғалымдар одағы» қоғамдық қорлары ұйымдастырған халықаралық ғылыми-сараптамалық конференцияда бұл жаңалық жария етілді. Басқарма бастығы Марат Тоқжанов ғалымдардың еңбегіне жоғары баға берді. «Аймақтағы демографиялық үрдістерді ғылыми негізде жүйелеп, сапалы дүние жасау оңай шаруа емес. Сіздерді осы жұмыстың ойдағыдай аяқталуымен құттықтаймын», – деді Марат Лұқпанұлы.
«Ақжол» қоғамдық қорының төрағасы Мұрат Сыдықовтың айтуынша, атласты әзірлеуге төрт жыл уақыт кеткен. «Атласты әзірлеу үшін тыңғылықты дайындалдық. Себебі халықтың есебі мен құрамын анықтау, статистикалық деректерді жүйелеу – күрделі шаруа. Оның үстіне бүгінгідей жаһандану дәуірінде, халық әрі-бері жайлы жағдай іздеп, қоныс аударып жатқан кезеңде өте қиын. Миграцияны мұқият зерттемесе болмайды», – деді М.Сыдықов.
Татьяна ТЕРЕЩЕНКО, Атлас авторларының бірі, М.Өтемісов атындағы БҚМУ доценті:
– Атласты құрастырған кезде Батыс Қазақстан облысы халқының өсімі, саны, миграциялық үрдістер, этникалық, жыныстық құрамы толық ескерілді. Соңғы 20 жылдағы деректерді бұлай елеп-екшеу ел дамуының келешек жоба-жоспарларын әзірлеуге үлкен көмек болатындығы сөзсіз. Атластың құндылығы сол, мұнда облыстың әр ауданы мен Орал қаласына дербес бөлім арналған. Барлық жұмыс соңғы ақпараттық технологиялар арқылы атқарылды.
Онда Орынбор мемлекеттік университетінің доценті Ирина Филимонова, Қалмақ университетінен Петр Кольцов, Ақтөбе педагогикалық институтынан Айгүл Сергеева, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дан Раушан Ғабдуалиева секілді белді ғалымдар баяндама жасады.