Өртеніп жатқан автобустан 48 адамды құтқарған ер адамға пәтер сыйға тартылды.
Tengrinews.kz сайтында "Батырлар арамызда" жобасы аясында өртеніп жатқан автобус ішінен 48 адамды құтқарып қалған семейлік Ержан Амархановтың оқиғасын жазған едік. Жақында бұл оқиға жалғасын тапты. Ер адамның өмірінде қуанышты жағдай болды - оның енді өз пәтері бар. Бизнесмендер Ержанға пәтер сыйлаған. 37 жастағы тұрғынның оқиғасын кәсіпкерлер Tengrinews.kz сайтынан оқып білген. Кейін өз өмірін ойламай, ерлік жасаған адаммен жеке таныспақ болған. Lancaster Group Kazakhstan акционерлері Берік Қаниев пен Юрий Пак өз компаниясының кеңсесінде Ержанмен кездескен. Кәсіпкерлер оның оқиғасына таңдай қаққандарын айтады. Олардың сөзінше, Ержан өте қарапайым, ашық және ақкөңіл жігіт.
Ержан Амарханов туралы материал 2019 жылы 7 маусымда "Батырлар арамызда" жобасы аясында шыққан еді. БАҚ-та Семей тұрғынының ерлігі жайлы бір жыл бұрын, 2018 жылдың тамызында жазылған болатын. Сол кезде ер адам өртеніп жатқан автобус ішінен 48 адамды құтқарып қалған. Артынша Ержанға көп нәрсе уәде етілген еді, бірақ ол өрт кезінде жанып кеткен 270 мың рублінің орнына Семей әкімдігінен бір миллион теңге ғана алған болатын. Биыл редакциямыз онымен тағы да байланысқан еді. Ержан Tengrinews.kz тілшісіне көлік тасумен айналысатынын айтқан болатын. Ал бос уақытында грек-рим күресі үйірмесінде балаларға жаттығу өткізеді. Сол кезде төрт баласы бар ер адамның отбасы жалдамалы пәтерде тұратыны хабарланған.
Берик Қаниев, Ержан Амарханов, Юрий Пак
Берик Қаниев, Ержан Амарханов, Юрий Пак "Өртеніп жатқан автобустан адамдарды құтқару - құрметтеуге лайық әрекет. Бұл адам туралы көп нәрсені айтады. Пәтер сыйлау арқылы батырды қолдап, әділеттікке деген сенімін жоғалтпай, жасалған жақсылықтың қайта оралатынын көрсеткіміз келді. Ержанға өз жолында тоқтамай, адамдарға, әсіресе балаларға риясыз көмектесе беруін тілейміз. Ол құрметті адам. Қазіргі таңда грек-рим күресі үйірмесіне қолдау көрсету мәселесі қарастырылып жатыр, бірнеше таңдау бар, біз ең дұрысын таңдап, сіздерге кейінірек хабарлаймыз", - дейді Берік Қаниев пен Юрий Пак. Олардың айтуынша, Ержан Амарханов материалдық жағдайына қарамастан, туған қаласы Семейде балаларды тегін жаттықтырып жүргені өте маңызды. "Ержан балалардың жақсылыққа, жарқын болашаққа ұмтылып, лайықты адам болуы үшін оларға күш-қуат пен сенімділік береді. Спорт адамды қатты жігерлендіреді: мақсат қойып, оған жетуді, қиындықтардан қорықпауды, мінез қалыптастыруды үйретеді. Ержанның балаларды дамытуға бар күшін салатыны маңызды. Бапкер мен акционерлеріміздің көзқарасы бен өмірлік қағидалары бірдей", - деген Lancaster Group Kazakhstan акционерлері компаниясының өскелең ұрпаққа көп көңіл бөлетінін айтады. Дәлірек айтқанда, компания балалар спортын қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаларды дамытып жүр: Алматыдағы "Спутник" стадионының базасында орналасқан балаларға арналған JasQyran оқу-жаттығу орталығы, сондай-ақ балалар үйі мен интернаттағы балаларға қолдау көрсететін CHAMP1ON қорының жобасы.
Ержан Амарханов 2019 жылы 11 шілдеде өміріндегі ең алғашқы пәтерінің заңды қожайыны атанды. 86 шаршы метр аумақты қамтыған 4 бөлмелі пәтер Семейдің Татар аймағында орналасқан - бұл жерден грек-рим күресі үйірмесі бар № 44 мектепке дейін 20 минутта баруға болады. Сондай-ақ Ержанның балалары баратын мектеп пен балабақша да жақын орналасқан. Бапкер пәтерді өзі таңдаған. "Маған пәтер сыйлайды дегенді естігенімде сенген жоқпын! Нотариуста пәтерді менің атыма жазбағанға дейін сенбедім. Маған компаниядан хабарласып, кеңседе танысу үшін ұшып келуіме билет жіберді. Алматыда Берік Серәліұлы Қаниевпен және Юрий Эдуардович Пакпен таныстым. Олар менен былтыр жазда болған оқиға жайлы және бапкерлік жұмысым туралы сұрады, өздері де балалар спортын қолдайтындарын айтты. Артынша маған пәтер сыйлап, мен тәлім беретін грек-рим күресі үйірмесін қолдауға шешім қабылдағандарын мәлімдеді", - дейді қуанышын жасыра алмаған Ержан.
Ержан Амарханов қызымен
"Құжаттарды рәсімдегеннен кейін шок жағдайда болдым, мұның түсім емес екеніне сенбедім. Қуаныштан, анам, енем жылап жүр, бәрі жылады. Орманға барып, айғайлап қайттым, эмоцияларымды шығардым... Қазір көшуге дайындалып жатырмыз. Аға бапкерлер жаңа үйіме теледидар мен тоңазытқыш сыйлады, әйелім кредитке кір жуғыш машина сатып алды. Біз бақыттымыз", - дейді ер адам.
"Lancaster Group Kazakhstan мен оның акционерлеріне алғысым шексіз, олар миллионнан, миллиардтан бір шығатын адамдар. Жүрегі бар жандар. Сондай-ақ Tengrinews.kz сайтына көп рақмет, мені тауып, тыңдап, түсініп, оқиғамды таза жазғандарыңыз үшін алғысым шексіз. Енді балаларымның өз үйі бар! Бізбен бірге анам мен енем, сондай-ақ үйірмедегі тәрбиеленушім уақытша тұрады. Бүкіл бандам сол жақта. Біз ең үздік нәтижелерге қол жеткіземіз", - дейді Ержан.
Ержан Амархановтың тәрбиеленушілері
"Батырлар арамызда" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп Қазақстанның дарынды балалары", "Жеңімпаздар" арнайы жобалары қолға алынған.
kaz.tengrinews.kz