Паралимпиадашымен сұхбат: Олимп шыңын бағындыру — арман, оған жетпей ми тыным таппайды

Паралимпиадашымен сұхбат: Олимп шыңын бағындыру — арман, оған жетпей ми тыным таппайды

Биыл спортшылар үшін маңызды жыл болмақ. 2024 жылы Парижде өтетін жазғы олимпада және паралимпиада ойындарына лицензияға талас осы жылы басталады. Қазақстандық пара дзюдошы, 2020 жылғы Токиодағы жазғы Паралимпиада ойындарының қатысушысы, Азия чемпионы, әлемдік Гран-при сериясының қола жүлдегері Жанбота Аманжол осы жолы да лицензия алу үшін бағын сынамақ.

 
Спортшы қазіргі уақытта маңызды жарыстың алдында Шымкенттегі оқу-жаттығу жиынында дайындықта жүр. Күнделікті жаттығулардың арасында ол сұхбаттасуға да уақыт тапты.

- Жанбота, қазір қандай жарысқа дайындалып жүрсіз?

- Бұйырса, осы жылы Мысыр еліндегі Александрия қаласында пара дзюдо спортынан Әлемдік Гран-при болады. Ол паралимпиадаға лицензиялар берілетін турнир. Одан кейін Астана қаласында Азия чемпионаты өтеді. Сонымен қатар, әлемдік ойындар додасына да қатысу жоспарда бар.

- Өткен Токио паралимпиадасын еске алар болсақ, үшінші орынға бір табан жақындадыңыз. Сәл сәттілік жетпегендей көрінді. Жарыстан кейін өз күресіңізге сараптама жасадыңыз ба?

- Дайындық жақсы болды. Бірақ карантинге байланысты қиындықтар туындады. Ертерек ұша алмай қалдық. Ол ПТР тестіне байланысты болды. Үш күнге кешігіп ұштық. Барған күні түнде тағы да тест тапсырып, ертесіне жарыс алаңына шығып кеттік. Бірінші күресте аяғымды шығарып алдым, бірақ соған қарамастан, намысты қолдан бермей, үшінші орынға таласуға дейін жеттім. Өкінішке қарай, ол жерде жеңіс бізге бұйырмады.

- Психологиялық тұрғыда жеңілісті қабылдау қалай болды? Жалпы паралимпиадашы мен олимпиада спортшысының жеңілген сәттегі көңіл-күйлері бірдей бола ма, әлде мүмкіндігі шектеулі спортшыға мұндай сәтсіздік әлдеқайда ауыр тие ме?

- Әр спортшының психологиясы әртүрлі болады. Бәріміз бір дайындықтан өткенімізбен, әр қайсымыздың табиғатымыз әртүрлі. Әр спортшының жеңілісті қабылдауы да солай. Жеңіс ол ең алдымен еңбекке байланысты, екінші кезекте ол – бақ. Екеуі қатар шапса, онда нұр үстіне нұр. Пара спортшы мен қарапайым спортшылардың бір-бірінен аса айырмашылығы жоқ. Екеуі де бірдей тер төгеді. Менде Токиода өткен паралимпиада ойындарынан кейін спортты тастау туралы ой болды.  Бірақ елге оралғаннан соң, бір сәт жалғыз қалып, өз-өзіммен диалог орнатып, іштегі жігерімді қайта ояттым. «Келесі паралимпиадаға дайындаламын» деген ниетпен өз өзімді қамшыладым. Спортшы үшін ең ауыры – олимпиададағы жеңіліс. Себебі спортшы өмірде төкпеген терін сол жарыстағы кілемде төгеді. Елге келген кезде де моральдық тұрғыда оңай болған жоқ. Өйткені әуежайда ұшақтан түскен сәтте бәрінің назары жеңімпаздарға ауады. Ал жеңе алмағандарды тек ата-анасы ғана күтіп алады. Сол сәт жүрекке батады екен.

- Мүмкіндігі шектеулі жанның кәсіби спортпен айналысуы сөзсіз көпке үлгі. Бірақ оның арғы жағында қандай қиындықтар бар?

- Жалпы спортқа мен 5-сыныптан бастап келдім. Әрине оңай болған жоқ. Түрлі жарақаттар болды. Қол сынады, аяқ сынады дегендей. Бірақ сондай қиындықтарды өткеннен кейін спортты жарты жолдан тастап кетуге болмайды. Әр спортшының арманы олимп шыңын бағындыру болғандықтан, сол жаққа барып, жеңіспен оралмай, ми тыным таппайды. Өткен паралимпиадада жіберген олқылықтың бәрін зерттеп, ендігі паралимпиадада ондай қателіктерге жол бермей, жеңіспен оралу керек деп ойлаймын. Дзюдоның қиындығы – мұнда бәсекелес көп, бұл спорт түрінен жарыстарға 167 ел қатысады. Бұрындары дзюдомен айналысқан дені сау кей спортшылар, кейін белгілі себептерге байланысты мүгедек болып қалса да, спортты тастамай, пара жарыстарға қатысып жатыр. Міне солар ең мықты қарсыластар.

Бір аяғы жоқтар бар ғой. Соларға айтар едім «сенің бір аяғың жоқ болғанымен, қалған жерің істеп тұр ғой, демек мүмкіндік әлі де бар». Спортқа бет бұрған ондай жандар тіпті қысқы спорт түрлерінен де жақсы көрсеткіштерге ие. Сондықтан да өмірде ешқашан сынбау керек. Біз қазір уайымға салынып, қасірет кешкенімізден ештеңе шешілмейді. Сол үшін ертеңгі күнің жарқын болсын десең, бір орында отыра бермей, әрекет жасау керек.

- Бүгінде мемлекеттің пара спортшыларға деген көзқарасына қандай баға берер едіңіз?

- Жасыратыны жоқ, негізі бұрындары пара спортқа ақша көп бөлінбейтін, мемлекеттен тиісті деңгейде қолдау көрсетілмейтін. Назардың басым бөлігі кәдімгі спортшыларда болатын. Ал қазір екі бағыттағы спортшылар да ақырындап теңестіріліп келеді. Бапкерлеріміздің де қатары артып келеді. Соның арқасында еліміздегі пара спорттың деңгейі көтеріліп келеді деген ойдамын. Жалпы қолдау болған жерде спортшы да аянбай тер төгуге дайын болады.

- Спортшының мансабы ұзақ жылдарға созылмайтыны белгілі. Өзіңіздің неше жылға дейін спортта жүру жоспарыңызда бар?

- Күш-қуатым қанша жасыма дейін жетсе, сол уақытқа дейін күрес алаңына шығатын боламын. Алдымызда не болатынын кесіп айту мүмкін емес. Әзірге спорттан кетпеймін. Бірақ жаттықтырушы болу ойымда жоқ. Өйткені мен үшін ол өте қиын жұмыс. Ал спортты қойған жағдайда білімге бет бұратын боламын. Ағылшын тілін үйренуді қалаймын. Тағы да ЖОО-ға түсіп, білім алсам деймін. Нақтырақ айтқанда, заң саласын оқуды армандаймын. Жалпы адам бір орында тоқтап қалмауы керек. Дамимын деген адамға әрқашанда жол ашық. Кітап оқығанды жаным сүйеді. Әсіресе қазақ әдебиеті ұнайды. Қадыр Мырза Әлі, Мұғали Мақатаев, Мұхтар Әуезовтың шығармаларын сүйсініп оқимын.

- Сіздіңше еліміздегі спорт саласының деңгейін тағы бір сатыға көтеру үшін нендей жағдайлар жасау керек?

- Шынтуайтына келер болсақ, шетелде еліміздің гимні шырқалып, туы көтерілетін екі ғана себеп бар. Біріншісі – Мемлекет басшысы шетелге іс-сапармен барған кезде, екіншісі – спортшы жеңіске жеткен кезде. Шоу-бизнестің өкілдері барып қазақтың туын көтертіп, әнұранын шырқатпайды. Сол себепті Үкімет спорт саласына көптеп ден қойса, әсіресе шалғай ауылдардағы спортты дамытса жөн болар еді. Өкінішке қарай, ауылдарда спорт саласы әлі де ақсап тұр. Сондай-ақ, спортшыларға келгенде қаржыны үнемдемесе екен. Осы мәселелер реттелсе, бізде жетістік көбірек болады.

- Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста