Педофилдардың жазасы сенаторлардың мазасын алды
Сенат кеше балалар құқын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын екінші оқылымда талқылап, бірқатар түзетулерімен Мәжіліске кері қайтарды. Дегенмен балаларды қорғауға қатысты әсіресе педофилдық зорлық-зомбылық жасаған қылмыскерге берілетін жаза, салатын шектеу бойынша жоғарғы палатаның пікірі екіге жарылды.
Заң жобасының мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтарын, мүдделерін қорғау деңгейін арттыру. Бұл ретте құжат арқылы басты үш мәселені шешу көзделген болатын. Біріншіден – кәмелетке толмаған қылмыскер балаларға қатысты жаза белгілеуді ізгілендіру, екінші бағыт – балаларға қатысты зорлық, сексуалдық сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатайту, порнографиялық өнімді таратуға тыйымдар салу. Үшіншіден – кәмелетке толмаған қылмыстыларды ұстаудың ерекше тәртібін қамту, оларды білім ұйымдарына беру.
Сенаторлар балаларды қорғауға қатысты мәжілісмендер белгілеген жазаны біршама қатайтқанымен, кейбір мәселеде өзара қырқысып қалды.
Балаға зорлық жасаған педофилдарға екінші «шанс» берілмесін
Мәселен, талқылау барысында балаларға зорлық жасағаны үшін, яғни педофилдық қылмысы үшін ең жоғары үкім 20 жылға бас бостандығынан айыру енгізілді.
Мәжілісте бұл мерзім 15 жыл болатын. Қосымша жаза – соттылық мерзімі біткен соң бес жыл бойы лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқынан айырылады. Дәл осы нормаға қатысты сенатор Ғани Қасымов басқаша ұсыныс жасап, әлгіндей азғын қылмысқа барғандарды ең жоғары үкімге кесумен қатар, олардың белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды алға тартты. Алайда бұл түзетуді Бас комитет те, кейіннен дауысқа салғанда палатаның басым бөлігі де қолдамады. «Бала зорлығына барған «азғындарға» белгілі бір жаза көзделгенімен, белгілі бір мезгіл аралығында әлгілердің мамандығына, қызметіне қайта оралуына мүмкіндік беріп отырмыз. Байқасақ, педофилдар, негізінен, балаларды тәрбиелеу үйінің айналасында да қызмет етеді. Ендеше, бұл норма арқылы әлгіндей «дімкастарға» өз қылмысына қайта оралуына «шанс» беріліп тұр», – деді сенатор Ғани Қасымов.
Депутаттың сөзінен түсінгеніміз, бала зорлығына барған қылмыскерге ауыр жаза (20 жыл) кесумен қатар, соттылық мерзімінен соң оларды бала тәрбиесімен қатысты мамандыққа мүлдем жолатпау керек. Ендеше, сенатор Қасымовтың ұсынысы өте орынды секілді. Ал сенатор былай дейді: «Расында, ондай адамдар түрмеден түзеліп шықпайды. Оның үстіне бір мәрте басына «арсыз» ой келіп, соны жүзеге асырған адам әлгі ойдан еш айықпайды. Менің әріптестерім «егер бұл норма қабылданса, адамның еңбек ету құқығын шектейміз» деп дауласады. Ал егер сол адам психикалық ауру болса ше? Мәселен, біз психикалық ауруы бар адамдардың балалармен жұмыс істеуін шектейміз. Яғни ондайлардың жалпы еңбекке құқы болғанымен, балалармен байланысты еңбекке құқы болмайды. Менің айтарым да – осы. Педофилға, зорлықшылға белгілі бір уақыт өткеннен кейін әлгі мамандығына қайта оралуына еш мүмкіндік бермеу керек. Олардың еңбекпен айналысуын шектемейін десек, басқа жұмысқа жегейік. Істесін, қолына күрегін алып арық қазсын, ауыр жұмысқа салынсын. Бірақ балалардың маңына жолатпау қажет».
Азамат ретінде қолдау болғанымен, заң тазалығы тұрғысынан қорғау болмады
Ғ.Қасымовтың бұл ұсынысымен келісетіндер де, заңдық «тазалықты» сақтауды бетке ұстап келіспейтіндер де бар болып шықты. Әрине, педофилдарға қатысты қылмысты қатайтуды барлығы жақтағанымен, адам құқын алға тартқандар ұтып шықты. Ең бастысы – азаматтардың конституциялық құқығын, оның ішінде еңбек етуге қатысты құқықты айналып өтуге болмайды деген пікірдегілердің мысы басым болды. Әйтпесе, шынымен, педофилға жаны ашитындай, жақтайтын ешкім де жоқ еді. Ғ.Қасымовтың ұсынысын дауысқа салу барысында 41 сенатордың 13-і түзетуді қолдаса, 24-і қарсы шығып, төртеуі қалыс қалды. Сөйтіп, депутаттың ұсынысы өтпей қалды. Дегенмен соңғы нүкте әлі қойылған жоқ. Құжат Мәжіліске кетті. Ал біз реті келгесін әлгі педофилдарға қатысты норманы жақтаған һәм қарсы болған депутаттардың бірлі-жарымының пікірін назарға тартқанды жөн көрдік.
Өмірбек БАЙГЕЛДІ, сенатор:
– Мына норма балаға қатысты зорлық қылмыс жасаған адам сотталып, жазасын өтегесін, оны біршама жылдан кейін қайтадан жұмысқа алуға болады дегенге саяды. Ендеше, балаға жақындағысы келетін бұзық адамдар қабылдаған заңымызды ертең-ақ алға тартып, қайта ұмтылады. Біз соған жол ашып отырмыз. Ондайларды балалардың маңына өмір бойы жуытпау керек еді. Пәленбай жыл түрмеге отырып, бәленің бәрін көріп келеді, сосын мамандығын бұлдап, қайтадан бала тәрбиелеуге бара ма?
Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, сенатор:
– Адам ретінде, балалар мен кәмелетке толмағандар ісімен айналысқан маман ретінде Ө.Байгелді мен Ғ.Қасымовтың ұсынысын толық қолдаймын. Ал мына мәселеге келетін болсақ, бұл жағдайда белгілі бір лауазымды атқарудан немесе белгілі бір қызметпен айналысуды шектеу – бұл қосымша шара. Әрі балалар ұйымдарына істі болғандар жұмысқа қабылданбайды, оны сол ұйым басшылары жіті қадағалауы шарт. Әлгіндей пункттер кез келген балалар ұйымында бар. Сол үшін біз қалай болғанда да, заң шеңберінен шықпайық, азаматтардың еңбекпен айналысуы жөніндегі конституциялық құқынан айырмауға тиіспіз.
Серік АҚЫЛБАЙ, сенатор:
– Мен абыржуларыңызды түсінемін. Бірақ ескеретін жайттар да баршылық. 25 жылдық судья өтілімде мұндай істер қаралды. Тәжірибе жүзінде айтайын, әлгі қылмыспен сотталғандарды 10-20 жыл өтсе де, ешкім жұмысқа қабылдамайды. Ал мына жерде жұмыс беруші байқап, ондайларды балалар ұйымдарына жолатпаулары шарт. Қылмыстық кодекс бойынша біз ең жоғары жазаны енгізіп отырмыз. Оған қосымша сотталып келгеннен кейін де бес жылдай шектеу шаралары бар. Біз ең жоғары шегін көрсетіп отырмыз, одан аса алмаймыз.
Түйткілді сауал
Парламенттегі басқа депутаттар бір төбе, «бір өзі – бір төбе» болып отыратын сенатор Ғани Қасымов кешегі отырыста тағы бір түйткілдің шетін шығарды. Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізуін сұрады. «Сізден ҚР Әділет министрлігінің Орталық сайлау комиссиясымен бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне қатысты тапсырма беруіңізді сұраймын. Бұл заң жобасында, біріншіден, Парламент Мәжілісінің құрамына арналған сайлауға қатысатын партиялық тізім үшін ең төменгі шек деңгейін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету; екіншіден, сайлау науқанына қатысатын партиялар үшін саяси блоктар құруға қатысты тыйымды алып тастау; үшіншіден, депутаттық мандат алу бойынша бір саяси партиядан 60 пайыздан аспайтын лимит қою қарастырылса», – деді Ғ. Қасымов.
Жұрт арасында сайлау туралы әңгіме өршіген сайын, сол науқанның жақындап қалғаны еске түседі. Шынымен, енді Мәжіліс уақытынан бұрын тараса да, мерзімін толық аяқтаса да, келесі науқан уақыты соншалықты алыс емес, 1-2 жыл ғана. Ендеше, саяси партиялар да қимылына жан бітіре бастайды деген сөз. Парламенттегі патриоттық депутат Ғ.Қасымовтың бүгінгі қамы да соны білдіретін секілді.