Періштесі сүндеттеп кетті
Таяуда Сарыағаш ауданының Тегісшіл ауылында таңғажайып оқиға болды. Осы ауылда тұратын Азамат Сапарбай есімді төрт жасар сәби өзінен-өзі сүндеттеліп қалды. Анасы Үрзияның айтуынша, жалпақ жұртты таңғалдырған бұл ерекше оқиға 2 ақпан күні түнде болған.
Азамат сол күні түнде ұйықтап жатып қатты шошынған көрінеді. Артынша қайта ұйқыға кеткен балаға ата-анасы ол кезде мән бермейді. Ұлының ішкиімі қан-жоса болып бүлінгенін таңертең бір-ақ байқаған анасы баланың сүндеттеліп қалғанын көреді. Уақыт оздырмай, дереу оны дәрігерге апарып көрсетеді. Дәрігер баланы қарап болған соң, оның шүмегі ғайыптан сүндеттелгенін айтады. Сосын кішкентай Азаматты анасы ауыл молдасына да алып барады. Ал молда да баланы періштесі сүндеттеген деп қорытады. Қазір баланың денсаулығы жақсы. Жалпы, оқиғадан кейін бала мазасызданбаған екен.
Азамат әлі кішкентай, алдағы тамыз айында бес жасқа толады. Өткен сейсенбіде Азаматтың ата-анасы қой сойып, ауылдастары мен туған-туыс, дос-жаранға арнап дастарқан жайды. Келгендердің барлығы да мұны жақсылыққа жорып отыр.
Ербосын ОРЫН, «Абдул Хамит Хаттани» мешітінің найб-имамы:
– Қазір ғайыптан орын алатын жайттар көп кездесетін болды. «Алла» деген жазумен туылып жатқан қозылар, осындай таңбамен пайда болған жұмыртқалар. Бәрі де Алланың құдіретімен болып жатыр. Жалпы, дүниеге сүндеттеліп келетін балалар бар. Оларға «Сүндет» деген ат беріледі. Бірақ мұндайды бұрын-соңды естімеппіз. Діни кітаптарда да пайғамбарлардың не сахабалардың өмірге келгеннен кейін ғайыптан сүндеттелгені туралы ешқандай дәйектемелер жоқ. Жалпы, сүндет Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті болғандығы үшін де мұсылман халықтарында ерекше маңызға ие. Сүндет тазалық деген сөзбен парапар. Сондықтан мұны тек жақсылыққа жориық.