Полицейлер бір апта ішінде "Трамадолды" заңсыз сақтаудың 6 дерегін анықтады
ҚР Үкіметі "ҚР-да бақылауға жататын есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімін бекіту туралы" №470 қаулысына өзгеріс енгізілді. Бұл өзгеріс психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне енгізілген "Трамадол", "Кетамин", "Этизолам" күшті дәрілік заттарына әсер етті. Нақтырақ айтсақ, жаңа өзгеріс 2023 жылдың 7 сәуірінен бастап күшіне енді.
Мәселен, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тиісті өзгеріс енгізілгеннен кейінгі бір аптада "Трамадол" психотроптық препаратын заңсыз сақтаудың 6 дерегін анықтады. Оның ішінде 4 жайт Сарыағаш ауданында анықталса, Түркістан қаласы мен Шардара ауданында 1 жайттан тіркелді.
Қазіргі уақытта осы деректер бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілерден "Трамадол" препаратының 30-дан астам таблеткасы тәркіленді.
Сонымен қатар Түркістан облысы Полиция департаментінде, полиция полковнигі ПД бастығының орынбасары Құрманбек Саховтың төрағалығымен прокуратура, фармацевтикалық және медициналық ұйымдар, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, тергеу басқармасы, сондай-ақ Түркістан облысы ПД қалалық және аудандық полиция бөлімдері өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтті.
Кездесу барысында психотроптық препараттарды заңсыз өткізудің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл, есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту, сондай-ақ психотроптық заттармен байланысты құқық бұзушылықтарды тіркеу, тергеу тәртібі талқыланды. Жиналыс соңында қатысушылар психотроптық заттарды, оның ішінде "Трамадолды" заңсыз сату фактілерінің жолын кесу бойынша профилактикалық жұмыстарды жандандыру жөнінде пікір алмасып, бірқатар ұсыныстар айтты.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі