Полицейлер есірткі сатты деген күдікпен жергілікті тұрғынды қамауға алды
Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында есірткі сақтады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адам өз жауабында есірткіні аудан орталығы тұрғындарының бірінен сатып алғанын мойындады.
Полицейлер одан әрі жүргізілген іс-шара кезінде, есірткі заттарын сатқан күдіктіні анықтады. Жедел уәкілдер анықталған сезіктінің үйіне тінту жүргізді.
Нәтижесінде Шардара қаласы тұрғынының үйінен есірткі табылып, айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды. Сараптамаға сәйкес жалпы салмағы 35 грамнан асатын "кептірілген марихуана" болып шықты.
Бұл жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша тіркеді. Күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі