Полиция браконьерлерден қырғауыл еті мен аңшы мылтық тәркіледі
Шардара аудандық полиция бөлімінің полицейлері браконьерлік пен табиғат қорғау заңнамасын бұзушылардың жолын кесу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, жабайы құстарды заңсыз аулаудың кезекті дерегін анықтады.
Нақтырақ айтсақ, Сырдария өзені жағасындағы Көксу кентінің маңында түнгі сағат 23.20 шамасында учаскелік полиция инспекторлары "Охотзоопром" өкілдерімен бірлесіп, "Опель Вектра" маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде автокөліктің салонында Шардара ауданының тұрғындары, яғни жүргізуші мен үш жолаушы болды. Заттай дәлел ретінде браконьерлерден бір аңшылық мылтық пен атылған екі қырғауылдың еті тәркіленді.
Сондай-ақ жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің екі бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырыллы, олар: 612-баптың 2-бөлігі «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» мен 590-баптың 9-бөлігі «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу». Автокөлік айыптұраққа қойылды.
Сонымен қатар тіркелмеген атыс қаруына сот-криминалистикалық сараптама тағайындалды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы 1-бөлігі «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы» бойынша сотқа жіберілетін болады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі