Полиция жасөспірімнің ұялы телефонын тартып алған ер адамды анықтады
Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі шағым түсірді. Оның айтуынша, көшелерінің бірінде белгісіз адам кәмелетке толмаған ұлынан ұялы телефонын тартып алған. Ұрланған мобильді гаджеттің құны 120 мың теңгені құрады.
Полицейлер бұл деректі ҚР ҚК-нің 191-бабы "Тонау" бойынша тіркеп, сезіктіні іздеуге кірісті.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде учаскелік полиция инспекторлары бір сағат ішінде күдіктіні, Отырар ауданының тұрғынын анықтады. Ер адам бұл теріс әрекетін толық мойындады.
Белгілі болғандай, мас халдегі күдікті жасөспірімнің телефонын тартып алып, қылмыс орнынан қашып кеткен. Бөтеннің ұялы телефонын үйіне жасырған.
Қазіргі уақытта тонау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлел ретінде алынған ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды. Тергеу күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтайды.