Қайрат Жамалиевтің түрмедегі өмірі
Қайрат Жамалиев абақтыда отырған 4 ай ішінде екі рет туыстарымен кездесуге мүмкіндік алған. Екеуінде де оған заңды некедегі әйелі Алена Жамалиева келіпті. Қазір атышулы астаналық бизнесмен Алматы облысындағы «Ла 155/8» қатаң режимдегі колониясында жазасын өтеп жатыр.
Түзету мекемесінің басшысы Нұрлан Қалиақбаров Жамалиевтің әзірге тәртіп бұзбағанын, әр түрлі мәдени-бұқаралық шараларға белсене қатысып жүргенін айтады. Қатардағы сотталушылар тәрізді кезекшілікке тұрып, тазалық жұмыстарымен де айналысады екен. Бос уақытында шахмат ойнайды. Тек Қайрат Жамалиевтің өзі біздің тілшілерімізге сұхбат беруді қаламады. Алдағы уақытта оның тағы да 3 рет туыстарымен жүздесуге құқығы бар.
Нұрлан Қалиақбаров, «ЛА-155/8 мекемесі» РММ басшысы:
Жамалиев 4 ай бұрын келді. Басында оқшаулау бөлмесінде отырды. 15 күннен кейін жалпы режимдегі сотталушылар қатарына қосылған, 8 отрядқа. Шахмат ойнайды, спорттық шараларға қатысады. Кезекшілік тәртібі бойынша барлық істерге тартылады.
Еске салсақ, былтыр танымал кәсіпкер 46 жастағы Қайрат Жамалиев 13 жылға сотталған еді. Оған Қылмыстық кодекстің 3 бабы бойынша айып тағылды. Нақтыласақ, бизнесмен азаматтық некедегі әйелінің танысы Әліби Жұмағұловты сыбайластарымен бірге ауыр соққыға жыққаны үшін істі болды. Сондай-ақ, оның барлық мүлкі тәркіленген. «Lamborghini Gallardo» спорткары өткен аптада аукционда 30 млн теңгеге сатылды. Тағы екі VIP санаттағы қымбат көлігі комиссияның шешімімен мемлекеттік органдардың меншігіне өткен. Қазір кәсіпкердің 5 бірдей фирмадағы үлесі есептеліп, бағаланып жатыр.