Қайың сағызы ағзаға пайдалы
Көкшетау қаласының 10 жасар тұрғыны Нұрхан Мәкішев халқымыздың ежелден бері келе жатқан қайың сағызын қолдану ағзаға пайдалы екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді.
Бұл ғажайып сағыз туралы алғаш анасынан естіген мектеп оқушысы оны ғаламтордан іздеген. Алайда ешқандай толымды ақпарат таба алмапты. Осыдан кейін үлкендермен бірге шалғай ауылдарға барған баланың жолы болып, ақжаулықты қариялардың бірінен қайың сағызын жасаудың құпиясына қаныққан.
Нұрхан МӘКІШЕВ, мектеп оқушысы, ғылыми жобаның авторы:
– Кәдімгі ағаштың қабығынан сағыз шайнауға болады деп мүлде ойламаппын. Бірақ бабаларымыз бұл жаңалықты әлдеқашан ашып қойыпты. Дүкендегі химиялық түрлі қосындыларға толы сағыздан әлдеқайда пайдалы. Ол үшін кәдімгі қайың ағашының қабығын аршып, су толы қазанға салып қайнатылады екен. Бір жарым сағаттан соң сағыз да дайын болады.
Қалаға келгесін қайың сағызы жайлы ғылыми жоба жасап шығарған баланың еңбегі өте жоғары бағаға ие болды. Сөйтіп, оқушылар арасындағы ғылыми байқауда жүлделі орынға қол жеткізген.
Қайың сағызына сараптамалық тексеріс жүргізген тіс дәрігерлері де оның ағзаға пайдалы екендігін анықтады.
Шерімкүл ОРАШЕВА, тіс дәрігері:
– Қайың сағызы тісті тазалап қана қоймай, түрлі бактерияларды жоятын қабілетке ие. Жарнамада брэнд атанған толып кеткен сағыздардан гөрі, табиғи өнімнің құндылығы жоғары.